Елімізде төтенше жағдай жарияланғалы көптеген өнер жұлдыздары мен әртістер онлайн сұхбат беріп, тікелей эфирге шығуды әдетке айналдырды.
Соған сай, өткен аптада Алматы қаласындағы «QFS – QAZAQ FOLKLORE SCHOOL» мектебі ұйымдастырған онлайн шеберлік сабағына жерлесіміз, «Saz Art-group» сазсырнайшылар ансамблінің мүшесі, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының екінші курс студенті Гүлфайруз Жайлауқызы қатысып, көрермендерді сазсырнайдың сиқырлы үнімен баурап алды. Эфир барысында Гүлфайруз «Күзгі әуен», «Балқадиша», «Кішкентай», «Жаппас қобыз» шығармаларын орындап, сазсырнай аспабының жасалу жолдары мен ойнау әдістерін көрсетті. Жерлесіміздің орындаушылық қабілетіне тәнті болған біз артынша оны сөзге тартып, аз-кем сұхбаттасқанды жөн көрдік.
– Гүлфайруз Жайлауқызы, «Мыңның түсін білгенше, бірдің атын біл» дейді. Өзіңізді газет оқырмандарына таныстырып өтсеңіз?
– Мен Сағыз ауылының тумасымын. Әкем қолөнер шебері, анам суретші болғандықтан бізді де жастайымыздан өнерге баулып өсірді. Сондай-ақ, кішкентайдан әкемнің сазсырнай жасағанын көріп өскендіктен бе, музыкалық аспаптарға қызығушылығым ерте оянды. Ал, төртінші сыныпқа көшкен жылы әкем мені өзі жетелеп алып барып, А. Өміров атындағы саз мектебінің домбыра сыныбына берді. Ол мектептегі алғашқы ұстазым Сәндігүл Дәуленова болатын. Апайдан домбыраның қыр-сырын үйреніп, музыкаға деген қызығушылығым одан сайын арта түсті. Домбыра сыныбын бітіргеннен кейін бір жыл фортепиано сыныбында оқып, ол аспаптың да ұңғыл-шұңғылын меңгердім. Өнерге деген қызығушылығым мен талабымды байқаған әкем тоғызыншы сыныпты бітіргеннен кейін Алматы қаласындағы Ж. Елебеков атындағы республикалық эстрада және цирк колледжнің сазсырнай мамандығына оқуға түсірді. Ал, колледжді тәмамдағаннан кейін Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында білімімді жалғастырып, қазіргі сәтте екінші курста оқып жатырмын.
Аға оқытушы Гүлфайруз Есімханқызынан сазсырнайдың сырлы әуендерін үйренудемін. Сонымен қатар, Гүлфайруз ұстазымыздың бастамасымен шәкірттерінен елімізде алғаш рет құрылған «SazArt-group» сазсырнайшылар ансамблінің мүшесімін. Бұл ансамбль бұрын-соңды болмаған еді. Осы орайда, аталмыш ансамбль құрамында менен бөлек, жерлесіміз Әділхан Жоламан есімді Көздіғара ауылдық округінің сазсырнайшысы бар екендігін айта кеткен жөн. Сондай-ақ, белгілі күйші Сәкен Тұрысбековтың «Ақ жауын» камералық оркестрінде сазсырнайшы болып жұмыс жасаймын.
– Қазақтың ұлттық аспабы домбыра дегенімізбен де бізге сазсырнай да таңсық емес. Осы орайда, сиқырлы сазы мол сазсырнай аспабын кәсіби түрде меңгеріп жатқан жастардың бірі өзің. Ендеше, осы сазсырнай аспабы мен оның тарихына тоқталсаңыз?
– Сазсырнай көшпелі халықтың ұлттық аспаптарының бірі саналады. Алайда, бұл аспап біздің елімізде өткен ғасырдың екінші жартысынан бастап қолданыла бастады. Себебі, бұл аспап ескі Отырар қаласын қазған кезде табылған. Алғашында қаздың жұмыртқасындай шағын ғана екі-үш ойығы бар үрмелі аспапты көрген археологтар не екенін түсінбейді. Кейін белгілі музыкатанушы, ғалым Болат Сарыбаев сазсырнайды жете зерттеп, әр өңірдегі қариялардан сұрай жүріп аталған аспапты жаңаша бағытта қалыптастырды. Ал, сазсырнайды ең алғаш Н.Тілендиевтың «Отырар сазы» ұлт-аспаптары оркестрі сахнаға алып шыққан. Кейіннен бүкіл елге белгілі «Адырна», «Сазген», «Үш қоңыр», «Ақ жауын» «Ғасырлар пернесі» оркестрлері де өз қатарларына сазсырнайшыларды қосып, аспаптың екінші тынысын ашты десе де болады. Әрине, сазсырнай елімізде өткен ғасырдың ортасынан бастап аспап ретінде қолданылғанымен бұл аспаптың тамыры тереңде жатыр. Яғни, тарихы сырды ішіне бүккен аспап деуге болады. Бір сөзбен айтқанда сазсырнайдың сиқырлы әуенінде даланы сыры, бабалардың жыры бар.
– Адамды баурап алар өзіндік сиқыры бар сазсырнай аспабын жасаудың өзі үлкен өнер. Оны жасаушылардың өзі елімізде некен-саяқ. Осы сазсырнай шеберлерін танисыз ба, өзіңіз қай шебердің қолынан шыққан аспаппен өнер көрсетесіз?
– Бұл аспап өзі шағын болса да ішкі құрылысы, ойықтары, әуен шығаратын жерлері барлығы күрделі. Сондықтан оны жасаудың өзі оңай емес. Ол үшін алдымен сазбалшықты таңдап алу керек. Артынша қалыпқа құйып, оны жүйелейді. Жаңа жоғарыда айтқанымдай, аспаптың екінші тынысын ашқан белгілі музыкатанушы, ғалым Болат Сарыбаев. Ал, Жаһангер Телқожаев есімді шебер болса аспаптың дыбыс шығару диапазонын кеңейтіп, кәсіби түрде дамытқан. Сондай-ақ, Абай Рысбаев, Қайырғазы Төлен сынды ағаларымыздың да жасаған сазсырнайлары көптеген оркестрлерде ойналып жүр. Ал, Азамат Бақия, Ержан Мұқышов секілді жас шеберлер оқу процесінде қолданылатын сазсырнайды жасап, студенттердің өзіндік дамуына зор үлесін қосуда. Біздің Атырау облысында сазсырнай жасаушы бірден-бір шебер – өзімнің әкем Жайлау Таласов.
Қазір мен үлкен сахналарға әкемнің жасаған сазсырнайымен шығып жүрмін. Әкем сазсырнайды құю әдісі арқылы жасайды. Алдымен екі қалыпты біріктіріп алады. Жоғары жағында үрлеу ойығы ашық тұрады. Сол жерден сұйық сазды құяды. Яғни, басқа шеберлер сазсырнайды жабыстыру арқылы жасаса, менің әкем құю арқылы жасайды.
– «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» дейді халқымыз. Сөз соңында болашақ жоспарың мен алға қойған мақсаттарыңмен бөлісе кетсеңіз?
– Халқымыздың көне музыкалық аспабы саналатын сазсырнайдың әлі де болса ашылмаған қырлары көп. Яғни, бұл аспап әлі де зерттей түсуді қажет етеді. Сол себептен басты мақсатымыз – сазсырнайды одан әрі дамытып, жаңа қырын ашу. Сонымен қатар, осы аспапты насихаттау, жастардың санасына сіңіру мәселесі кемшін қалып отыр. Сондықтан осы аспапта орындап қана қоймай, оны бүкіл елге танытып, дәріптеу де біздің мойнымыздағы жұмыс. Алла бұйыртса, консерваторияны бітіргесін ұстаздық жолына түскім келеді. Алдыма өзімнің ұстазым Гүлфайруз Есімханқызы сияқты шәкірттер тәрбиелеп, сазсырнай аспабы мамандарының санын көбейтсем деген мақсат қойып отырмын. Тек қана ансамбльдермен шектеліп қана қоймай жүздеген сазсырнайшының басын қосып, концерттік бағдарлама жасасам деген арманым бар.
Әсіресе, өзім дайындаған шәкірттермен бірге туған ауылыма келіп, жерлестеріме бұрын соңды болмаған ерекше кеш сыйлағым келеді. Әрине, мұның бәрі әзірге жоспар. Қазіргі таңда, сол арман- мақсаттардың жолында білім алып, еңбек етіп жатқан жайымыз бар.
– Сұхбатыңызға рахмет. Шығармашылық табыс тілейміз.
Сұхбаттасқан,
Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН