Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

САҒЫНЫШ САЛҒАН ӘН ҚАНДАЙ?!

Сағыз ауылындағы "Шұғыла" мәдениет үйінің есігі қысы-жазы бір жабылған емес.

Ауыл ортасында орналасқан осынау еңсесі биік екі қатарлы ақшаңқан үй қашанда ауыл тұрғындарының көңілді мәдени ордасына айналған. Ән сүйген өнерпазды да, кітапқа жақын оқырманды да, жаңалыққа жаны құштар жастарды да - бәрін де осы жерден табасың. Және сондай жарасымды, көңілді тіршілікті көріп, ерекше риза боласың. Осынау өнерлі ордада тағы бір көрерменін желпіндіріп, серпілдіріп тастаған "Өнерім- өмірімнің өнегесі" атты әнші Сағыныш Шамұратованың есеп беру концерті болып өтті. Иә, үйде-әйел, ана ретінде танылса, еңбекте-өнер иесі өзінің бұл кешіне барын салып дайындалғандығы көзі қырағы көрерменге сезіліп-ақ тұрды. Әр әнге сай тіктірілген сахна киімдері де көздің жауын алып, тал бойына жарасып-ақ тұр.

saynysh2222

 

Кеш иесі Сағыныш салған халық әні "Бипыл", Нұртуғанның термесі "Қанекей тілім, сөйлеші", Ш.Қалдаяқовтың "Теріскей", Ж.Нұрғаливтің "Ақмарал", С.Есенғазиннің сөзіне жазылған "Дүние-ай" атты әндері көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, көпке дейін ду қол шапалақтың даусы жаңғырып тұрып алды. Сиқырлы сазымен әр адамның ішкі жан дүниесін баурап алған осынау тамаша кеште құттықтау сөз алған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы А.Ақтаев, Сағыз ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Ө.Әділов, А.Өміров атындағы балалар өнер мектебінің директоры С.Дәуленова, "Шұғыла" мәдениет үйінің директоры Ғ.Жанбосыновалар әншінің өнерін жоғары бағалап, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті. "Әннің де есері бар, естісі бар" дегендей, кім көрінген әнші бола алмайтындығы, ол қасиет ұрпақтан-ұрпаққа қанмен даритыны сөзсіз. Сағыныш Шамұратова 1983жылдың көктемінде қасиетті Қызылқоға топырағына жақсы таныс өнерлі Шамұратовтар шаңырағында дүние есігін ашып, өнерге деген талпынысы кішкентай күнінен байқалған. Ол бала күнінен әнші болуды армандайды. Анасына еріп жиын-тойға барғанда сүйкімді қыздың ашық та әсем дауысына ауылдастары қатты қызығатын. Арманшыл жас қыз мектеп бітіргеннен кейін Атырау қаласындағы Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжіне түсіп, "Мәдени демалысты ұйымдастырушы, халық аспаптары үйірмесінің жетекшісі" деген біліктілік алып шығады. 2006 жылы алғашқы еңбек жолын Мақат ауданында бастаған ол, кейіннен сағыздық Есболат атты азаматпен көңілдері жарасып, 2007 жылы тұрмысқа шығады. Осы жылдар ішінде "Шұғыла" мәдениет үйімен етене араласып, әртүрлі мәдени шараларға қатынасып жүреді. Өзінің әсем даусымен көптің көңілінен шыға білген Сағыныш 2010 жылы мәдениет үйіне қызметке орналасады. Осы салада еңбек ете жүріп аудандық, облыстық сайыстарда жүлделі орындарды иемденіп жүр. Ол тек өзі ғана ән салып қоймай, жолдасы Есболатпен бірге былтырғы жылы мәдениет үйінде өткен "Екі жұлдыз" ән байқауында жүлделі 1орынды жеңіп алған болатын. Иә, айта берсек, Сағыныштың атына айтылар жақсы әңгімелер таусылар емес. Еңбектен қол үзбей жүріп те, төрт баланы дүниеге әкеліп үлгерген, ең кішісі жас жарымда.

saynysh3333

- Ибалы келін, жаны жайсаң жар бола білген жанға қолындағы ата-енесі де риза, әрдайым балалардың тәрбиесіне көмектеседі,- дейді Сағыныш ағынан жарыла бізбен әңгімесінде.

Негізінде отбасы, ошақ қасында ауыз біршілік пен сыйластықтың сән-салтанатпен мерейі үстем болса, қандай ғанибет десеңізші! Әлқисса, бұл өмірде әдемі әнге ғашық емес кім бар?! Жанға жайлы, әуезді әнді естіген адам ерекше бір әлемге енгендей болады емес пе?! Ал, сол өнердің өрелісі ән десек, әуеннің ажарын, дүниенің астарын, әлемнің суретін қамтып, жаныңды баурап алатын құдірет музыкант колында екенін қарапайым көрермен біле бермейді. Жақсы әннің құлаққа жағымды боп естілуі де, халық көңілінен шыға білуі - музыканы меңгеруде жатыр. Әннің бақыты - көркемдік жетекшіге байланысты. Иә, өнер-халықтікі, оны бағалайтын да бағасын беретін де халық. Олай болса, сезім пернесін дөп басып, жүрекке жылы тиер әндерді осы кеште көрермен көзайымына айналдырған сазгер Әбдіғаппардың да үлесі зор. Бір ұжымда еңбек ететін шығармашылық топтың яғни, әнші мен көркемдік жетекшінің ынтымақпен бірлесе еңбек етіп, осындай әсерлі кешті үлкен дайындықпен өткізуі - зор жауапкершілікті, мұқияттылықты білдірткендей әсер қалдырды. Кеш соңында қыстың қаhарлы аязына қарамастан жұртшылықтың жүрегіне сұлу да сазды әнімен жылу сыйлаған, өнері өміріне өнеге болған «Сағыныштың салған әндері-ай!» деп тамсана қоштастық.

Сайран БОРАНҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT