1988 жылғы жазда Новобогат, Балықшы, Мақат аудандарын тарату жөнінде қаулы шықты.
Осыған орай, Балықшы ауданы таратылып, аудандық «Каспий таңы» газеті жабылды. Газеттегі журналистер жан-жақтан жұмыс қарай бастады.
Ол кезде облыстық телерадиокомитетімен тығыз байланыста едім. Балықшы ауданынан жаңалықтар, суреттемелер мен репортаждар жазып, радиодан жиі беріп тұрдым. Әсіресе, Мақат ағамен тығыз араласатынмын. Ол өзінің Қызылқоға ауданында тәрбиеленгенін, аудандық «Коммунизм туы» газетінде қызмет істегенін әңгімелейтін.
Балықшы ауданына ат басын тіресе соқпай кетпейтін. Осылайша араластығымыз қос өрімдей жалғасып жатты. Бір күні Мақат аға телефон соғып, келіп кетуімді өтінді. Газет жұмысы тоқтап, тарату жұмыстары басталған шақ еді. Түсқайта радиокомитетке бардым.
Мақат аға өз кабинетінде қабылдап:
Әбілхан не ойың бар? – деді. Әзір жұмыс іздей қойған жоқпын, – дедім.
Онда бізге келуге қалай қарайсың? Айтқали Құмарғалиұлына айтып, келістім, – деп төрағаға кіргізді.
Айтекең қабылдап, сөйлесті. Ол әзірге редакторлық орындардың бос еместігін, зейнетке шыққан адамдар жұмыс жасап жатқанын айтты. Бас дыбыс режиссері Мұрат Әбілов ағамызды шақырып алып, маған «дыбыс режиссері болып жұмыс істей тұр, кейін ауыстырам» – деді. Бірақ, оған келіспей, рақмет айтып, кетіп қалдым. Көп кешікпей Қызылқоға аудандық газетінің бас редакторы Жолдығали Бақытов жауапты хатшылық қызметке шақырып, Миялыға жұмысқа кеттім. Бұнда 1989 жылдың қарашасына дейін жұмыс істеп жүргенімде Мақат аға телефон соғып, Айтқали іздеп жатқанын жеткізді.
Онда үйде Гурьевте тұратын, шақырту бойынша Айтекеңе келсем, ол «бізде телевидение ашуға дайындық жүріп жатыр. Журналистер ауадай қажет, сондықтан радиоға редактор болып келіп, үйрене бер», – деді. Келісімімді беріп, қарашаның ортасында жұмысқа кірісіп кеттім. Радиокомитетте сайдың тасындай кілең қаламы жүйрік журналистер жасайды екен. Мұзафар Ғабдуллин, Мұрат Диаров, Аманғазы Жұмағазиев, Гүлнәр Шәмшиева т.б. өз істерінің кәнігі шеберлері еді. Тәулігіне үш сағатқа жуық әуе толқынына шығамыз. Дайындаған хабарларды шақ келтірмейді, жұтып жатыр, жұтып жатыр.
Журналистерде де мігір жоқ. Бірі келіп жатса, екіншісі кетіп жатады. Облыстың барлық аудандарын, ондағы түрлі салаларды қамту көп күшті қажет етеді. Ең бастысы дауыс қажет. Осылайша радиоға төселіп, оның да қыр-сырын меңгере бастадым. Бұл жолда Мақат Хайроллаұлынан үйренгенім көп. Ол кім-кіммен де тіл табыса біледі, өзіне жүктелген қандай ма тапсырманы болмасын жоғары жауапкершілікпен абыройлы атқара білген жан. Оның біреумен тілге келіп, керіскенін көрген емеспін. Барлық журналистерге қолынан келгенше көмектескісі келіп тұратын.
Мақат адал да абыройлы азамат. Жазған мақала, суреттемелерінде кесек-кесек ойлар жатады. Еңбекқор әрі ізденімпаз, терең білімді де өте сауатты қаламгер журналист болды. Оның сол кезде радиодан берілген радиорепортаждары республикалық, одақтық радиофестивалдардан талай мәрте жүлдеге ілінді. Мұның өзі оның қалам қарымы мен қуатын танытса керек. Мақат аға Атырау өңіріне танымал Хайролла Нұрмағамбетов ақсақалдың төлбасы тұңғыш ұлы еді. Ақсақал Есбол (Индер), Қызылқоға аудандарында басшы лауазымдарда істеп, халқына адал қызмет жасаған, абырой биігінен көрінген текті азамат болды. Ақыл парасатымен елді ұйытып, береке-бірлікке, ынтымаққа шақырып, тіршілігінде көпшіліктің алғысын алған, тектілігін паш еткен жан.
Міне, осы әулетте тәрбие алған М.Хайруллинде тектінің тұяғы, асылдың сынығы еді. Тектілік – атаның қаны, ананың сүтімен дарып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл қасиет. Мақаңның бойындағы барлық ізгі қасиеттердің жиынтығы осы тектілігінде жатқан секілді сезіледі. Оның ағайын-тумаға қамқорлығын, әріптестеріне тигізген шарапатын, адамгершілік тұлғасын кім-кімде ризашылық сезіммен еске алады. Ол Индер ауданында дүниеге келіп, 1959 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік (қазіргі Әл-Фараби атындағы ұлттық) Университетін журналистика мамандығы бойынша бітірді. Сол жылы Қызылқоға аудандық газетіне бөлім меңгерушісі болып орналасады. Ол кезде маман журналистер өте сирек кездеседі. Әрі оқуды қызыл дипломмен бітірген Мақат аға қаламынан туған мақалалар аудандық газетке тың серпін берді. Ауданның сан салалы тіршілігінен түйдек-түйдек мақалалар жазды.
1966 жылы облыстық «Коммунистік еңбек» (бүгінгі «Атырау») газетіне әдеби қызметкер болып ауысып, онда он жылдан астам еңбек етті. 1977 жылдан өмірінің соңына дейін облыстық телерадиокомитетінде кейіннен «Қазақстан РТРК» Акционерлік қоғамының Атырау филиалында редактор, аға редактор, төрағаның коммерциялық жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды. Мақат Хайроллаұлы өзінен кейінгі бірнеше толқын журналистердің тәлімгер ұстазы атанып, радиожурналистиканың ардагері бола білді. Ол қаламы жүйрік, екі тілде бірдей жазатын журналист болды. Әсіресе жаңалықтар табу мен оны ойнатып беруде өте шебер еді. Бұл тәсілін менде барынша үйрендім. Телевидение мен радионы жаңалықтармен қамтамасыз етуде бірлесе жұмыс істедік.
Радиода тақырыпты қамтуда, көкейкесті мәселелерді көтеруде танымдық-көркемдік, саяси жағынан биік болуына атсалысты. Ол қарауындағы журналистерге сенім білдіре отырып, биік талап пен шығармашылық жауапкершілік деңгейін аласартқан жоқ. Ол ешкімді алаламайтын, бәрін ішкі тонның бауындай көретін. Радиода бас редактор болған шағында радиохабарларының сапалы да әсерлі болуына көп көңіл бөлді. Тағы бір ерекшелігі өзіне де өзгеге де талап қоя білушілігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің зорлығы еді.
Сол қабілетін бағалаған басшылық елдегі аумалы төкпелі кезеңде оны коммерциялық жұмыстарға пайдаланды. Ол қаржы табудың тетіктерін молайтып, телерадиокомпаниясы қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын көтеруде көп қызмет етті. Ұжым жанынан қосалқы шаруашылық ұйымдастырды. Ағамен тек жұмыстас болып қана қоймай отбасымен де жиі араластым. Талай жайсаңдармен бірге төрінде қонақ болып, Маруся жеңгеміздің қолынан дәм таттық. Апаймен екеуінің сыйластығы да бөлек еді. Апай мезгілсіз дүниеден өткен соң Мақаң қатты жалғызсырады. Ол кезде де жиі кездесіп тұрдық.
Үлкен ұлы Бейбітке келін аларда мені бас құда етіп жіберіп, келіндерін әкеліп бердім. Одан немере сүйіп, бақытты ата-әже атанды. Отбасында мәуелі бәйтеректей жапырақ жайды. Дүниеге 4 ұл, 2 қыз әкеліп, оларға өнегелі тәрбие берді. Оларда елінің айтулы азаматтары болып өсіп келеді. Атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан тектілік жалғасын тауып, қос қызы әке жолын қуған журналистер. Гүлайым мен Айымгүл телевидение саласында жемісті еңбек етеді, абыройсыз емес. Мақаңның өнегелі өмір жолы – ұрпаққа үлгі, журналистерге тәрбие мектебі екені ақиқат. Өзімнің қырқыншы жылға қадам басып бара жатқан журналистік жолымда маған бір ылғи жақсы редакторлар кездесіпті. Дәйім осыған шүкіршілк етіп, іштей мерейленіп, қуанып жүремін. Міне, біздің ардагер ағалар, менің редакторларым осындай!
Әбілхан ТӨЛЕУІШОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
Қызылқоға ауданының құрметті азаматы.
Атырау қаласы