Елбасының ұлы даламыздың жеті қырын терең таразылаған мақаласы халық көкейінде жүрген дүниелерді дөп басып айтқан тарихи туынды.
Мақала «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаланың жалғасы іспетті. Еліміздің ұлан-ғайыр даласы, тау мен тасы, өзені мен көлі бізге оңайшылықпен тиген жоқ. Бұл бабаларымыздың төгілген қаны мен тері, “ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен” келген қастерлі аманат.
Елбасының алдыңғы мақаласында: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Әсіресе, Ұлы Даланың ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің қайнар бұлағы» деген керемет сөзі бар. Сол айтқандай рухани жаңғырудың негізі – еліміздің өнері мен мәдениетінің қайнар көзі күмбірлеген күйлеріміз бен ән-жырларымыз күн сайын санамызда жаңғырып тұруы қажет-ақ. Ал, бабалардан аманат болып қалған қазақтың киелі өнерін ұлықтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу – біздің басты парызымыз.
Бүгінгі күні жастардың бойына қазақылықты, ұлттық өнерімізді сіңіру, тарихымызды зерделеу мақсатында біраз жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Осы тұста, Миялы балалар өнер мектебінің де қосып жатқан үлесі бар деп айтуға болады. Өйткені, ашылған уақыттан бері домбыра, қобыз сыныптарында бірнеше бала білім алып, ұлттық өнерімізбен сусындады. "Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра" демекші жас жеткіншектердің ұлттық аспаптарды үйренуде ынтасы зор. Десекте, төл өнеріміз ұмыт болмай, қайта жаңғырту үшін әр қазақтың төрінде домбыра ілулі тұруы керек секілді. Олай дейтінім, сол арқылы да жастарға рухани азық сыйлай алатынымыз анық. Өйткені, кішкентайынан домбыраның күмбірін естіп, оған қызығып өскен бала оны аяқасты қылуы мүмкін емес. Домбыра шанағынан төгілген күйді естігенде бойына қан жүгіріп, арқасы қозып кететін қазақ пен домбыра егіз ұғым секілді. Оларды бір-бірінен ажырату мүмкін емес те шығар.
Дина ТӨРЕМҰРАТОВА,
Миялы балалар өнер мектебі домбыра пәнінің мұғалімі.