Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ЕГІН БАСЫНДАҒЫ  ҚЫЗУ ТІРЛІК

Егін егіп, бақша салу оңай шаруа емес, үлкен еңбекті қажет етеді. Таң атқаннан кетпен, күрегін арқалаған бағбандар жаз бойы бақша басында арам шөп жұлып, суарып, қоршау тұрғызып, қашан өсіп кеткенше күн батқанға дейін жұмыс жасайды. Осындай тынымсыз еңбектің басында ауданымыздағы  егіншілер де жүр. 

Жыл сайын  ауданда бау-бақша егумен айналысып, оны кәсіпке айналдырғандар қатары көбейіп келеді. Ойыл өзенінің тасымауынан біраз жылдан бері тоқырап қалған бұл кәсіп соңғы екі-үш жылдан бері қайта жандана бастады. Себебі, өзен суы мол тасып, ел іші ырыздыққа кенелді. Аулаларына бақша дақылдарын еккен тұрғындар да жаздай өнімін жеп келді.
Бұған таяуда  аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Ержан Нұралин бастаған топпен бірге егіншілердің жай-күйімен танысу мақсатында жолға шыққанымызда көз жеткіздік. 
Бөлім басшысының мәліметіне сүйенсек, бау-бақша егуге ниет білдірген тұрғындарға сұраныстарына орай жалпы көлемі 155 гектар жер бөлініп, бұл жерлер арнайы техникамен жыртылып, дайындалған. 

– Салауат Мұратұлы мен Наурыз Шамұратовқа бес гектардан жер берілсе, Амандық Ыхсанов, Мақаш  Құлманов пен жангелдиндік тұрғындар да бау-бақша салу үшін 5 гектардан жер алып, бақша дақылдарын екті. Олардың барлығы дерлік жерлеріне қауын, қарбыз, қызанақ, қияр, сәбіз, қызылша, жуа, асқабақ ексе, бірқатары картоп салды. Бұдан бөлек Миялы, Қоныстану ауылдарында орналасқан жылыжайлар биыл сәуір айынан бастап қияр екті.  ЖК «Ақжол» өнімдерін Миялы, Қоныстану, Тасшағыл және Жамбыл ауылдық округтеріне сатып, барлығы 750 келі  өніммен бірінші жиналымы аяқталды. Қазіргі уақытта екінші мәрте егуде. Өнімдер қыркүйек айының ортасынан бастап саттыққа шығарылады. Ал, жеке кәсіпкер Тұрлан Бекешовтың жылыжай өнімдері мамыр айының соңына қарай саттыққа шығарылды. Жиналған өнім көлемі 1,8 тонна.  Сонымен қатар, Миялы ауылының тұрғыны Амангелді Ермағанбетов ауыл ішінен жер алып,   200 түп алма көшеттерін отырғызды, -дейді аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Ержан Нұралин. 

Осылайша, аталмыш бөлім басшысымен әңгімелесе отырып, Миялы ауылынан көп ұзамай Ойыл бойына егін салған миялылық Салауат Мұратұлының егін алқабына қалай келгенімізді білмей қалдық.  Түс ауа егістік басында жүрген шаруагер екі-үш жылдан бері осы кәсіпке ден қойған. Алғашында ауыл тұрғындарымен бірлесіп бақша салған ол биыл өз алдына жер алып егіншілікті дөңгелетіп отыр. 

–  Өткен жылы Ақтөбе облысында медреседе білім алып жүргенімде бақша егу, баптау жұмыстары туралы үйрендім. Өйткені медресенің өзінің бау-бақша салатын жері бар болатын. Сол жерге жыл сайын медресе шәкірттері көкөніс дақылдарын егіп, баптайтын,-деп әңгімесін бастады бағбан. 

Солардан бау-бақша өсірудің қыр-сырын меңгерген ол ерте көктемде бақша дақылдарын ауласына көшет түрінде (рассада) отырғызып алады. Жерін әбден дайындап алған соң, ғана көшеттерін егеді. Көшет отырғызу кезінде және суару, баптау уақыттарында  медреселік әріптестеріммен бейнебаян арқылы кеңес алады. Төккен тер зая кетпей, өнімнің ерте шығып,  мол өнім алуға септігін тигізуде. 
-Егінді тамшылатып суару жүйесі арқылы суарамыз. Одан бөлек егін алқабын электр тогы жүргізілген сымдармен қоршадық. Оның  үлкен пайдасы тиіп отыр. Өйткені, егінге мал түспейді. Бұдан бөлек құстарды үркіту үшін арнайы құрылғы қолданып отырмыз, -дейді Салауат Мұратұлы. 
Шаруагер биыл қарбыз бен қауынның бірнеше түрін еккен. Қазіргі таңда өнім пісіп, жиналуда. Бастысы химиялық қоспасыз, таза табиғи.  Екі күн сайын өнім жинайтындығын тілге тиек еткен шаруагер ойдағыдай өнім алуда. Қарбыздың ең іріcі - 12 келі. Аудан тұрғындарын қолжетімді бағада бау-бақша өнімдерімен қамтып отыр. Жергілікті өнім қашанда сұранысқа ие.    
Одан әрі Ойыл бойындағы «Шадыман» деген жердегі егіншілердің алқабына табан тіредік. Бұл жерде жангелдиндік тұрғындар мен қоса Амандық Ихсанов пен Мақаш Құлманов  бау-бақша өнімін еккен. Біз барған уақытта жангелдиндік тұрғын Қаныбек Едішов отбасымен бірге егістік басында жүр екен. Жолдасы Райгүл екеуі піскен өнімді жинауда. 

–    Бұған дейін үйіміздің ауласына егіп жүрдік. Биыл округ жер жыртып тиесілі жер берген соң осында егуді жөн көрдік. Берілген жерге қауын, қарбыз, қызанақ, қияр, асқабақ, картоп ектік. Өнім жаман емес. Еңбек етсең бәрі де болады ғой. Жаз бойғы еңбектің нәтижесі көңіл қуантады,- дейді Райгүл Қабдешова. 

Осы аралықта тағы бір т отбасының  егістік басына келді. Біраз жылдан бері осы кәсіпке машықтанған Мария Үмбетованы сөзге тартқанымызда, ол: "Биыл өр суының келуіне байланысты егінді жай салдық. Өйткені жер кеуіп болмай, жыртуға кедергі келтірді. Десе де өнім жаман емес. Егістік басында қарауыл бар. Онсыз болмайды, әрине. Мал тапап кетсе жаз бойғы жұмысымыз зая кетеді. Суару жұмысы да жолға қойылған. Ауыл тұрғындарына екі гектар,  жер беріліп, он жеті тұрғын осы егістік басында"деді. 
Біраз жылдан бері бау-бақша егіп келе жатқан жангелдиндік Амандық Ықсановтың егістік алқабында баласы жүр екен. Шаруаға қыры бар жігіт күннің ыстығына қарамастан еңбек етуде. 
– Соңғы жылдары ауданға өр суы жақсы келіп, сай-сала суға толды. Жер әбден қанды. Биыл округ әкімдігі жерімізді жыртып берді. Жеріміз құнарлы, әрі тың. Оны дайындап, қызанақ, қияр, қарбыз, қауын, қызылшаның дақылдарын ектік. Ертемен тұрып, күн ысығанша арам шөп жұламыз. Әр дақылды мезгілімен суарамыз. Жаз бойы отбасымызбен жүріп баптағанның  нәтижесін енді көреміз. Биылғы алғашқы өнімнен сіздер дәм татудасыздар. Өнімнің түсімі жаман емес, - дейді жас бағбан.
Әлбетте, бұл кәсіптің де өзіндік машақаты жетерлік. Десе де, қиындыққа мойымай күннің аптап ыстығанда егістік басында жүрген шаруагердің еңбегі ақталғандығына  қуанасың. "Елде болса ерінге тиеді" демекші шаруагерлердің алғашқы өнімдері саттыққа да шықты. Ауылдың табиғи өнімі қай жағынан болса да мақтауға тұрарлық. 
Ерінбеген жанға табыстың да толымды келетіні сөзсіз. Өйткені, қасиетті қара жердің төсінен нәпақасын тауып, беймаза тірлік кешіп жатқан жандардың еңбегі зор. Олардың бұл еңбегі «жұмыс жоқ» дегенді сылтау етіп, ата-анасының мойнына масыл болып жүргендерге үлгі  болса игі  дейсің.

Гүлмира МАҚСОТЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT