Атырау мен Құлсары қалаларында әйелдер ұлттық қолөнерге қайта оралып, ата-баба мұрасын табыс пен шабыттың көзіне айналдыруда. 10–20 шілде аралығында екі қалада құрақ көрпе тігудің тегін шеберлік сабақтары өтуде.
«Асыл мұра» жобасы — «Qazaqia» қоғамдық қорының «Теңізшевройл» компаниясының әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында жүзеге асырып жатқан бастамасы. Жоба әйелдерді тек қолөнерге үйретіп қана қоймай, оларды шығармашылық, кәсіп және өзін-өзі дамыту жолына ынталандырады.
— Бұл жай ғана курс емес. Қатысушылар шабыт алып, жаңа достар табуда, тіпті кәсібін бастап немесе сүйікті хоббиін тауып жатқанын көріп отырмыз. 21 шілдеден бастап бағдарламаға киіз басу шеберлігі де қосылады, — дейді қор жетекшісі Жанар Төрениязқызы.
Оқу толығымен тегін: қатысушыларға қажетті материалдар, түскі ас және сусындар беріледі. Курсты аяқтағандарға кәсіби дағдыларын растайтын сертификат табысталады — бұл олардың жеке шеберханасын ашуға алғашқы қадам болмақ.
Жоба басталғалы бері 7 бағыт бойынша шеберлік сабақтары өтті:
* киіз үй сүйектерін жасау (уық, кереге, шаңырақ, сықырлауық);
* киіз басу (жүн илеу, иіріме жасау);
* сырмақ сыру (дәстүрлі кілем тігу);
* ағаш шеберлігі (мебель мен ыдыс жасау);
* құрақ көрпе мен жастық тігу;
* алаша тоқу (дәстүрлі төсеніш);
* ілмекпен тоқу (тұскиіз жасау).
Мамыр айынан бері Атырау мен Құлсарыдан 66 әйел білім алып, сертификатқа ие болды. Қазір 50 қатысушы бір мезетте құрақ көрпе тігу мен алаша тоқуды меңгеруде.
«Асыл мұра» — жай ғана қолөнер жобасы емес. Бұл — ұлттық болмысты сақтау, әйелдердің өзін-өзі жұмыспен қамтуына жағдай жасау және өңірлерде жаңа даму нүктелерін қалыптастыру жобасы.