Қазіргі кезде медицина саласындағы маңызды және басымды міндеттерінің қатарына – ана денсаулығын қорғау, соның нәтижесінде өмірге дені сау ұрпақтың келуі, халық санының көбеюі тәрізді мәселелер жатады.
«Қазақстан-2030» Стратегиялық бағдарламасына отбасын жоспарлау мәселесінің енгізілуі жайдан-жай емес екендігі анық. Ендеше, отбасы мәселесі, оны жоспарлау дегеніміз – әйелдердің өсімталдық, яғни өсіп-өну үрдісін қадағалау арқылы денсаулығын сақтау және жақсарту болып табылады.
Осы тұста, аудандық аурухана бас дәрігерінің ана мен бала жөніндегі орынбасары Света Сақтағанова:
- Аудандық ауруханада негізінен шұғыл және жоспарлы медициналық көмек түрлері көрсетіліп, 3 акушер-гинеколог, 1 педиатр-неонатолог, 18 жалпы тәжірибе дәрігері қызмет көрсетеді. Бұған қоса, әлі екі жалпы практикалық дәрігер қажет. Сондай-ақ, медицина қызметкерлерінің, оның ішінде акушер-гинекологтардың білімін жетілдіру жоспарлы түрде жүзеге асырылып отыр. Қазіргі таңда, елдегі пандемия жағдайында онлайн түрде көптеген видео-сабақтар, тәжірибелік дағдылар жүргізілуде. Бір қуанарлығы, ана өлімі соңғы 10 жылдан бері тіркелген жоқ. Ал, нәресте өлімі былтырғы жылы – 7 жағдай болса, биылғы жылдың 9 айында – 6 жағдай тіркеліп отыр. Оның негізгі себептеріне келсек, туа біткен ақаулар - 1, кездейсоқ бақытсыз жағдай – 2, әртүрлі полиоргандық аурулар – 3. Әрине, былтырғы жылдан бері ана мен бала өлімін болдырмау мақсатында универсалды патронаждық қызмет жүргізіледі. Оқытылған патронаж медбикелер аналармен жеке жұмыс жасап, қауіпті белгілерді, тұрмыстық сақтану шараларын, баланың дамуына қажет дағдыларды үйретеді, - дейді.
Еліміздегі кез келген мәселе – ұлттың саулығына келіп тіреледі. Негізінен, әр адам өз денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс. Сайып келгенде, еліміздегі медициналық жағынан да, әлеуметтік жағынан да көптеген көмек қолы созылуда.
Алайда, бұған масаттанбай, соған сай әрекет жасалуы керек. Ана мен бала саулығы – ұлттың саулығы мен қоса, дүйім мемлекеттің дамуына септігін тигізеді.
Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА
Сурет: ашық дереккөзден