Елімізде қызылша дерті өршіп тұр. Біздің ауданымызда да жағдай мәз емес. Бүгінде 67-ден астам адамның қызылшамен ауырғаны анықталды. Оның көбі – 14 жасқа дейінгі балалар. Эпидемиялық ахуалдың бұлай ушығуы дертке қарсы жаппай иммундауды қажет етіп отыр. Өйткені, ауру жұқтырған балалардың көбі вакцина алмағаннан болып отыр.
Осы орайда, Миялы ауылының тұрғындарымен "Қызылша ауруына қарсы екпе алу" тақырыбында «Арман» мәдениет үйінің фоесінде түсінік жұмыстары жүргізілді. Онда аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Алтынгүл Аймұратова мен аудандық аурухананың учаскелік дәрігері Нұрилла Серікова Қызылша ауруының жұғуы, одан қорғану үшін екпе алу керектігі жөнінде түсіндіріп өтті.
– Қазіргі уақытта ауданда аурудың алдын алудың жалғыз жолы – қызылшаға қарсы екпе алу (иммундау күні) жүргізілуде. Сондықтан «сақтықта қорлық жоқ» деген, балаларыңызды екпеге әкеліп, вакцина салдырып алғандарыңыз абзал. Қазірде екпе (вакцина) салуға қарсы дін жолындағысы бар, басқасы бар ата-аналар көбейіп келеді. Баланың өмірін ұзарту үшін қолданатын екпенің зияны жоқтығын жер-жерде айтып жүр. Жалпы екпенің зиянынан пайдасы көп екеніне көз жеткізе аламыз. Себебі, осы екпенің арқасында талай бала өлімнен аман қалып жатыр. Бүгінде қызылша ауруы балалар арасында өршіп тұр. Әлеуметтік желіден түрлі нәрселерді көріп, екпеден ат-тонын алып қашуға еш негіз жоқ. Көптеген ата-ана екпе алуға рұқсат бермеген. Ата-аналарға айтарым өзім төрт балама да қызылшаға қарсы екпе салдырдым, ешқандай кері әсері болмады. Баланың денсаулығын ойласаңыз, екпе алуға тиістісіз, - деді аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Алтынгүл Аймұратова.
Аудандық аурухананың учаскелік дәрігері Нұрилла Серікованың түсіндіруінше, бұл инфекция жұқпалы. Әсіресе, жөтелгенде, түшкіргенде ауа арқылы тез таралады. Пневмония, түрлі қабыну, отит секілді соқырлыққа дейін қауіпті асқынуларға әкелуі мүмкін. Бүгінгі таңда қызылшаны емдеудің өзіне тән емі жоқ, сондықтан мұндай қауіпті инфекциядан сақтанудың жалғыз жолы – тек вакциналау болып отыр.
Халық арасында қызылшаның таралуының алдын алу және елдегі эпидемиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында «Қызылшаға қарсы санитарлық-профилактикалық іс-шаралар жүргізу туралы» бас мемле¬еттік санитариялық дәрігердің 2023 жылғы 1 қарашадағы №7 қаулысы шығарылды. Көрсетілген қаулыға сәйкес биыл 6 қарашадан бастап қызылшаға, қызамыққа және паротитке (ҚКП) қарсы 6-11 айлық балаларға, желтоқсаннан бастап қызылшаның егу мәртебесіне қарамастан 2-4 жастағы балаларға қосымша жаппай иммундауды жүргізу басталды. Бүгінде емханада 823 бала екпе салдырды. Ендеше, ауырып жол іздегенше, ауырмаудың жолын ізденейік, ағайын!
Кәмшат ӘБІШ
Суреттерді түсірген автор