Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназияда өткен жалпы ата-аналар жиынына аудандық білім бөлімінің бас маманы Бақтыгүл Нұғманова, аудандық орталық аурухананың эксперт-дәрігері Эльмира Нүсіпова, аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Айтөре Нығыметтер қатысты. Жиынды ашқан мектеп директорының міндетін атқарушы Сулико Қажығалиева бала тәрбиесі бағытында жасалған жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті. Бұдан кейін облыс мектептерінде орын алған оқушылардың жат қылығы бейнежазба арқылы көрсетілді.
Бұдан кейін мінбеге көтерілген аудандық орталық аурухананың эксперт-дәрігері Эльмира Нүсіпова электронды темекі мен суға езетін ұнтақты құрлай жеудің зиянын айтса, учаскелік полиция инспекторы Айтөре Нығмет балалардың түнгі уақытта үлкендерсіз жүруі көбейгендігін, осыған барша ата-ана мән беруі керектігін тілге тиек етті. Одан әрі сөз сөйлеген аудандық білім бөлімінің бас маманы Бақтыгүл Нұғманова:
– Қазіргі таңда «Балалар бұзылып барады. Оған қоғам мен ортасы кінәлі» деп өкпе айтамыз. Бірақ ол қате пікір. Баланың жақсы болуы да, жаман болуы да тікелей ата-анаға байланысты. Мен 2014 жылдан бері аудандағы балалар құқығын қорғау комиссиясында жұмыс жасаймын. Осы аралықта байқағаным – баласына көңіл бөлмейтін ата-аналарды көп кездестірдім. Өздері арақ ішіп немесе басқа біреудің артынан еріп, балаларын тастап кетіп жатады. Соның кесірінен сот арқылы оларды ата-аналық құқығынан айырып, балаларын туыстарына немесе балалар үйіне беруге мәжбүрміз. Екінші мәселе – ата-аналар балаларын жастайынан ақша табуға үйретемін деп шектен шығып жатады. Әсіресе, мектеп жасындағы баласын түнгі тойларға даяшы, фотоға түсіруші, биші қылып жіберетін ата-аналар бар. Бұл – өте қауіпті. Себебі, тойда арақ ішіледі, төбелес болып жатады.
Мұның бәрі балаға кері әсер етеді. Мысалы, таяуда Қостанай облысында тойға билеуге барған оқушы қызды зорлап кеткен. Сондықтан «Балам ақша табуды осы бастан үйренсін» деп жүргенде оның болашағына балта шауып алмайық, - деді.
Бұдан кейін ата-аналаар атынан сөз алған Айжан Байтұрсынова үйдегі ата-ана тек баланың тәртібіне емес оқуына да араласуы керектігін, бар жүкті мұғалімге артып қою қате екендігін баса айтты. Жиын соңында мектеп психологы Айнұр Мәтжанова ата-аналар мен мұғалімдерді қатыстыра отырып «Үш тұғыр» деген ойын ұйымдастырып, қорытындысында мектеп, оқушы, ата-ана үшеуі тығыз байланыста болса ғана бала жетістікке жетуге болатындығын түсіндірді.