Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Онлайн оқу: кімге пайда, кімге зиян?

Еліміздегі орын алған жағдайларға байланысты, оқушылардың қашықтан оқыту жүйесіне көшкені белгілі. Бұл бүгінгі таңда жас ұрпақты білім нәрімен сусындату мақсатындағы ең оңтайлы шешім болғанымен оның салмағы ең алдымен ата-ана мен мұғалімге түсіп отырғаны жасырын емес. Ата-аналар өзінің күнделікті күйбең тірлігімен бірге, балаларына үйге берілген тапсырмасын орындатумен әлек болса, мұғалімдер үйге берілген тапсырманы тексеру, баға қою, оқушыларды түгендеу тағы сол сияқты жұмыстармен басы қатады. Осы орайда, «Олайн оқу: кімге пайда, кімге зиян?» деген сауал қылаң беретіні сөзсіз. Міне, біз осы орайда сауалға жауап іздегенді жөн көрдік.

БАСТЫСЫ – БАЛАНЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ

Ең басты құндылығымыз – баланың қауіпсіздігі, денсаулығы болғандықтан қазіргі ахуалға байланысты онлайн оқудың пайдасы бар. Оқушы ата-анасының қасында, үйде қалаған уақытында сабақ оқуға мүмкіндігі мол. Әрине, онлайн оқу жүйесіне ата-аналардың көндіге алмай жатқаны шындық. Онлайн оқудың зияны – интернетке тәуелді. Барынша білім алушыларға жағдай жасалуда. Мектептер де оқушылар да толық интернет желісімен, мобильді интернетпен қамтылды. Кішкентай смартфонға үңілмесін деп, қажет еткен оқушыларға көмек ретінде раутер, 200 компьютер, 1335 дана ноутбук, 240 дана планшет берілді. Және оқу барысында мектептегі қамқоршылық кеңесі арқылы әлеуметтік жағдайларына қарай әр оқитын балаға 40 мың теңгеден қаржы берілді. Оған оқушы қажетті затын алады. Сабақ беру барысы мұғалімнің өз еркі. Мектепте өзіне ыңғайлы бір сыныпқа отырып жұмыс жасауға да болады, немесе үйінен онлайн сабақ беруіне де болады.

Онлайн оқу барысында оқып жатқан әр оқушыны сынып жетекшілері қадағалап отырады. Әр бала уақытымен онлайн сабаққа кіріп қатысу керек. Әйтпесе арнайы оқу бағдарламасынан кешігіп қалады. Қазіргі берілген әр оқулық та арнайы дискі бірге келеді. Сол дискі электронды кітап. Өкінішке орай сол дискіні көбі қарамай, кітап арасында тұра береді. Сол дискідегі электронды кітапты өздерінің компьютер, ноутбук, планшеттеріне құйып алса оқуға жеңіл болар еді. Және «Оқулық kz» деген пограмма да бар. Оны да жүктеп алуға болады. Бастауыш сынып оқушылары кезекші сынып арқылы мектептен білім алуда. Аудан бойынша 1-4 сынып арасында – 2018 оқушы мектептен білім алса, үйден 1-4 сынып арасында – 603 оқушы, 5-11 сынып арасында үйден – 4165 оқушы білім алуда. Кенбай бастауыш мектебі мен №75 орта мектебінде 44 бала білім алуда Әрине, баланың болашағы үшін білім алуына ата-ананың рөлі маңызды. Барымызша балаға жағдай жасап көмектесуіміз керек. Алайда, мектептен оқығанға жететін ештеңе жоқ. Бұйырса ол күнге де жетерміз.

Өтепберген ӘДІЛОВ,

аудандық білім бөлімінің басшысы

ПАЙДАСЫ МЕН ЗИЯНЫ БІРДЕЙ

Бұл кезеңдер кім-кімге де оңай тиіп жатқан жоқ. Бірақ, әр қиындықтың артынан жақсылық күтетін халық емеспіз бе? Бұл жүйеге де төселіп келеміз. Қиындығы мен қызығы қатар өрбитін өмір заңдылығына сәйкес онлайн оқудың да пайдасы мен зияны жетерлік. Ең алдымен, жақсы жағын санап көрейік. Біріншіден, әр сыныпқа әр пән бойынша арнайы дайындалған видеосабақтардың тұтастай қоры жасақталды. Бұл сабақтар кейін, мектепке оралған кезде де пайдасы тиеді. Денсаулығына байланысты сабаққа келе алмай қалған оқушыға да пайдалы болмақ. Екіншіден, сабақтың бұндай түрі мұғалімнің шеберлігін ұштап, қиын сәтте де жол таба білуге шыңдады. Мұғалім еңбегінің зор екендігін елдің бәрі мойындады. Ал зиянына келсек, ең алдымен, сабақты телефон, компьютермен оқу денсаулыққа, көзге зиян. Бұл ретте мұғалімге де, оқушыға да обал. Екіншіден, кейде ғаламтор желісі де дұрыс болмай, оқушы сабаққа мезгілінде кіре алмай жатады. Сабаққа кіре алмаған оқушы тақырыпты қалай меңгереді? Үшіншіден, мектеп бітіруші түлектер мәселесі. Оларға да өте қиын. Алда үлкен сынақ – Ұлттық бірыңғай тест күтіп тұр. Ал, онлайн оқумен ол сынаққа толыққанды дайындалу мүмкін емес. Бұл "мұғалім дайындамайды" деген сөз емес, дегенмен оқушы білмегенін, түсінбегенін ұстазынан көзбе-көз сұрап білгенге жетер ештеңе жоқ. Мектептерде 11-сыныптарға әлі күнге дейін жөнді консультация да өтпеді. Себебі "Мектепте көп оқушыға топтануға болмайды" дейді.

Бұл мәселе 6 және 9-сыныпқа да қатысты. 9-сынып түсінікті - бітіруші сынып. Ал, 6-сынып оқушылары келесі жылы 7-сыныптан бастап кабылдайтын НЗМ т.б. дарынды балаларға арналған мектептерге барғысы келуі мүмкін. Ол үшін тағы қосымша дайындык керек. Бірақ, онлайн оқуда бұл дайындық та өз дәрежесінде өтетіндігіне сенім аз. Санамалап тізе берсек, пайдасынан зияны көп сиякты. Оқушы үшін мектепке барып, мұғалімнің алдын көріп, білім алғанына, мұғалім үшін оқушымен бетпе бет отырып, білмегенін үйреткеніне ешнәрсе жетпейді ғой. Әйтсе де, елдегі жағдайға байланысты қиын кезеңдерді уақытша деп қабылдап, бұл күндердің де артта қалатынына үміт зор.

Тұрсынгүл МЫРЗАШҚЫЗЫ,

Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

БАРЛЫҚ ҚИЫНДЫҚҚА ТӨТЕП БЕРІП КЕЛЕМІЗ

Қазіргі таңда «Онлайн мектеп» платформасы арқылы жұмыс жасап жатырмыз. Бұрыңғыдай оқушыға талап қойылмайды, үйге тапсырма берілмейді. Онлайн оқудың зиянынан бөлек пайдасын да көре білген дұрыс. Әр істен жақсылық іздей білген жөн. COVID-19 вирусының таралуына байланысты, қашықтан оқыту таптырмас әрі жалғыз шешім болды. Оқып жүрген студенттер, оқушылар бәрі бос уақыттарын отбасымен өткізу мүмкіндігін алды. Сонымен қатар, үйде отырып-ақ тапсырмаларды орындап, дәріс берушімен байланыса алды.

Бұл жетістіктердің бәрі ел экономикасының дамып келе жатқандығын көрсетеді. Қиын қыстау уақытта ел қамын жасап, қолжетімді шешімдер қабылдағанына біз қуаныштымыз. Әрине, оқу орындарының компьютерлік базасы әрі қарай толықтырылады, жетілдіріледі, бірақ соған қарамастан, қолдағы бар құралдарды толық пайдаланып, солардың мүмкіндіктерін барынша қолдануға тырысу керек. Әр оқушыға толықтай жағдай жасалған, сол мүмкіндікті жібермей сабаққа уақытымен қатысып, бір-бірімізге кедергі келтірмей, білімімізді жетілдіре түсуіміз қажет. Балаға білім беру жолында мұғалімдер барлық қиындыққа төтеп беріп, жұмыс жолымызда өзімізге жүктелген міндетті абыроймен атқарудамыз.

Жәния ОТАРАЛИЕВА,

Миялы орта мектебінің физика пәнінің мұғалімі

«ҚАШЫҚТАН ОҚУҒА ДА ҮЙРЕНДІК»

2020-2021 оқу жылын балаларымыз әдеттегідей емес, онлайн қашықтан оқумен бастады. Мұндағы мақсат – еліміздегі төтенше жағдайға байланысты балаларымыздың денсаулығын қорғау болатын. Оқу жылының басында ата-ана мен оқушылардың, мұғалімдердің қашықтан сабақ бастауға қорқыныш сезімі болғаны жасырын емес.

Алайда, уақыт өте келе бәрі өз орнымен реттеле бастады. Екі балам бастауыш мектепте, екі балам онлайн оқиды. Оқушылардың қашықтықтан оқуға мүмкіндіктері тексеріліп, әлеуметтік жағдайларына да қарайласып, балаларымызға ноутбук, уай-фай, смартфондар таратылды. Уақыт өте келе балаларымыз қашықтықтан оқуға біраз төселіп, өз алдарына жауапкершілікті сезіне білді. Тапсырманы Whatsapp желісі арқылы үй тапсырмасын мұғалімдеріне уақытылы жіберіп отырамыз. Жалпы балалардың мектепте партада отырып алған білімдеріне жетпейді, мектеп ашылып, балаларымыздың партада отырып білім алғаны неге жетсін?!

Айгүл ТІЛЕКОВА

Түйін.

Сайып келгенде, қашықтан оқу арқылы нені түсіндік? Рас, алғашқыда оқушылар жаңа оқу жүйесін қызық көріп, әр сабақты жібермей ыждағаттылықпен қатысты. Және басқа уақытта ата-анасы ұстауға рұқсат бермейтін ұялы телефоннан бас алмай отыру да олар үшін қызықты болды. Уақыт өте келе бала одан да жалыға бастады. Бұрыннан сабаққа белсене араласатын оқушылар өздігінен алып кетті де басқа оқушылар жалығып, тіпті сабақ бастала сала қол көтерген суретті жіберіп, өздері ойынға кетіп, орнына ата-анасы, апа, ағалары отырып, сабаққа қатысқаны жасырын емес. Демек, сөмке асынып мектепке барғанының өзі жетістік екендігін, қолда бар телефонға үңіліп, одан қалса телеарнаға жүгініп, білім алудың машақаты мол болатындығын сезінудеміз. Енді алдағы күндері оқушылар жылдағы дәстүр бойынша мектеп формасын киіп мектепке қарай асығатын күн туса екен деп тілейміз.

Кәмшат ӘБІШ

Сурет: ашық дереккөзден

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521