Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Қызылқоғалық журналист мал азығын дайындап жатқан шаруагерлердің жағдайымен танысты

Сапарымызды Тасшағыл ауылдық округінен бастаған біз «Тасшағыл» өндірістік кооперативі механизаторларының шөп шауып жатқан «Жандалы», «Қазыбай» алқабына бардық. Бізбен бірге барған аталмыш кооперативтің жетекшісі Оңғар Жанықұловтан білгеніміздей, биыл Ойыл өзені жақсы тасығандықтан барлық жерлерге су шықты.

Шөптің түсімі жақсы, 1 гектар жерден 5 центнерден шөп түсіп тұр. «Жандалы», «Қазыбай» алқабы біткен соң, «Көрқияқ», «Бисекен», «Ақшкол» алқаптарына шалғы түседі. Маусым айының үшінші онкүндігінде басталған мал азығын дайындау науқанына кооператив бойынша алты трактор қатысуда. Қос орақты шөп шабу агрегатын тіркеген үш трактор шөп шауып жатса, біреуі шабылған шөпті жинап, біреуі жиналған шөпті тайлауда. Дайын орамаларды екі тіркеме тіркеген бір трактор тасымалдап жүр. Екі жыл бұрын кооперативке екі трактор мен бір шөп тайлағыш жаңадан алынса, қалған техникалар күрделі жөндеуден өтті. Қысқы мал азығына қажетті бес мың дана орама шөптің 1500-і дайындалып, оның 500 данасы ауыл тұрғындарына 6 мың теңгеден сатылды.

b062cec8-4996-46ac-aaaf-0c3289168be1

– Негізі бір орама шөптің өзіндік құны 7-8 мың теңгеге шығады. Өйткені дизель отынының бір литрі 230 теңге болса, өткен жылы бір бумасы 10 мың теңге болған шпагат жіптің биылғы құны – 15 мың теңгеге көтерілді. Қосалқы бөлшектердің де бағасы ұшынып тұр, әрі сапасы да нашар. Қазір, халық жинап отырған ақшасының барлығын шөпке салып отыр. Сондықтан, біз қымбатшылықты сылтау қылмай халыққа сапасыз шөп апарып, әрі бағаны көтеріп зәбір көрсетпеуіміз қажет. Өкінішке орай көп жерлерді мал тапап, отап жатыр. Қазір малдың бәрі бағусыз жүр. Әсіресе, жылқы көп. Бұл мәселеге де қатты көңіл бөлу қажет, - дейді «Тасшағыл» өндірістік кооперативінің төрағасы Оңғар Жанықұлов.

Кеңшар кезінен бері келе жатқан механизаторлар Жұмат Нәренов, Марат Сиқытов, Бекмағанбет Нұрбаев, Қайырбек Жәрдемов, Нұрболат Құбаев, Наурызбай Жанғалиевтар таңсәріден шабындыққа шыққаннан кешке дейін тынымсыз еңбек етуде. Өз қызметтеріне тиісті еңбекақыларын алып келе жатқан олар жастардың механизаторлыққа келмейтінін айтып қынжылады. Шындығында, осыдан екі-үш жыл бұрын «Евразия» телеарнасындағы бір бағдарламада «Енді кемі он жылда елімізде трактордың рөліне отыратын мамандар қалмайды. Ал, 20 жылдан кейін бұл техниканың тілін білетіндердің саны азаяды. Бұл нарықты зерттеген мамандардың қорытындысы. Бір кездері механизаторлар секілді еңбек адамдары мақтап-мадақталса, қазіргі кезде тракторист, механик сияқты жұмыстар екінші деңгейлі саналып, айтуға ұялатын мамандыққа айналған» деп айтылған еді.

Алға қарай осылай жалғаса берсе трактор рөліне отыратын адам қалмайтыны анық. Сондықтан, бұл мәселе болашақта өзектілікке айналмауы үшін тиісті орындар қазірден бастап ойланғаны ләзім. Тасшағыл ауылдық округінің әкімі Гүлшара Ізімованың айтуынша, округ есебіндегі төрт түлік малдың қыстан шығуы үшін 11 733 тонна шөп қажет болса, бүгінгі күні оның 3 880 тоннасы дайын. 15 шаруа қожалығы мен 1 өндірістік кооперативінен шөп шабуға 28 трактор қатысуда. Өткен жылдары өр суының тасымауынан жеріміз қуаңшылыққа ұшырап, мал азығы көршілес Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданынан тасымалданған. Оның әр орамасын тұрғындар 8-9 мың теңгеден сатып алды. Биыл бір орамасын 6 мың теңгеден сатып жатқан «Тасшағыл» өндірістік кооперативі шөбінің бағасының қолжетімділігіне, сапасының жақсы екеніне халық риза болуда. Алға қарай аз қамтылған отбасылардың үйлеріне демеушілікпен мал азығын түсіріп беру ұйымдастырылады.

0e58d2a6-d8d4-4529-afad-9122c2ce294f

Жүн-тері далаға төгілмесе игі Көздіғара ауылдық округінде де бірқатар шаруашылықтар да қысқы мал азығын дайындауда қауырт жұмыс істеуде. Солардың қатарында «Қайрақбай» шаруа қожалығы да бар. Жаз мезгілінде «Сахи школ» алқабын жайлау етіп, қыста «Абдол қора» деген жерде қыстап отырған қожалықта 11 үйір жылқы, 200-ге жуық қойешкі, 300 бастай мүйізді ірі қара малы мен 7 түйе бағылуда. Ұзақ жыл кеңшарда мал баққан әкесінің таяғын ұстап қалған Қайрақбай Мырғамбаев 2004 жылы шаруа қожалығын құрып, мал басын өсіруді қолға алды. Оның бастамасын қолдаған інілері Қанат пен Қайрат та тынымсыз еңбек етіп, шаруашылықтың өсіп-өркендеуіне зор үлестерін қосып келеді. Қой-ешкінің басы өскенімен оны бағатын адам болмағандықтан, азайтуға тура келді. Қазіргі уақытта мүйізді ірі қара малы мен жылқыны өз төлінен көбейтуге мән беруде. Малды ағайынды жігіттер өздері бағып, жайлайды. Шаруашылыққа асыл тұқымды бұқалар алып, мал басын түрлендіру бағытында да біраз жұмыстар атқарылды.

Еңбек өнімділігін арттырудың бірден-бір жолы техникаға байланысты екенін білетін шаруагер әр жылдарда қолда бар техникаларды жаңартуда. Шөпті де өздері шауып, дайындайды. Шаруашылыққа тиесілі 2000 гектар жер телімі бар. Шілде айының аяғында «Бозбие» алқабындағы шабындыққа шалғы салған шаруашылық бүгінгі күні 200-ге жуық орама шөп дайындады. Өр суы шығып, көктем жаңбырлы болғандықтан шабындықта малға жұғымды қызылтаспа, сіңбірік, ебелек секілді шөптер де мол. Қора басында өткен жылдан қалған 4000-ға жуық орама шөп қалды. Енді 1000 дана орама шөпті қосымша дайындап, артылғанын ауыл тұрғындарына 6 мың теңгеден сатады.

Қазіргі уақытта малдың еті мен сүт өнімдерін базарға шығарып, табыс тауып отырған шаруашылық жетекшісі болашақта ет өнімдерін өндіретін цех ашуды жоспарлауда.

– «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп дана халқымыз айтқандай тер төге еңбек еткен жандар қашанда өз нәпақасын табады. Бұл ретте, біздер де қал-қадірімізше жұмыс жасаудамыз. Алайда, қазіргі уақытта малшылар мен механизаторлар шаруа қожалықтарына келмейді. Сонымен қатар, басқалардағыдай мұнда да малдың жүн-терісі далаға төгіліп, ысырап болуда. Бұл мәселе қанша айтылып жүргенімен шешілмей келеді, - дейді шаруашылық жетекшісі Қайрақбай Мырғамбаев.

3e312262-ebec-4120-9a31-66c6d9e13753

Оның сөзіне түсінік берген аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Ержан Нұралиннің айтуынша, қойдың жүнінің өтпейтіні біраз жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселе. Қазіргі уақытта бұл бағытта нақты жұмыстар қолға алынды. Пандемияға дейін «Жасқайрат» ЖШС-дегі жүн тайлау цехын жалға алып, жұмыс жасаған миялылық бір кәсіпкер қазір жүн тайлау құрылғысын алды. Енді жүн жинайтын цех салу үшін несие алуға жұмыстанып жатыр. Мал ұстайтын жандар үшін өзекті болып келе жатқан аталмыш мәселені шешуге жұмыстанып жүрген кәсіпкерге тиісті орындар қолдау көрсеткені абзал. Кәсіпкердің қажетті қаржысын алуға көмектессе, цех ашылып, жүн-терілер далаға төгілмес еді. Сонымен қатар, жаңа жұмыс орындары да ашылып, біраз адам жұмысқа орналасатыны сөзсіз.

Қауіпсіздік шаралары – басты назарда Бұдан кейінгі сапарымыз Жангелдин ауылдық округінде жалғасты. Округ әкімі Амангелді Бағдаровтың айтуынша, округ бойынша қажетті 15 936 тонна шөптің 2 100 тоннасы дайындалды. Мал азығын дайындайтын шаруашылықтардың шабындыққа шалғы салғандарына бір айдай уақыт болды. Мал бағасын тұрақтандыру мақсатында екі кәсіпкермен, төрт шаруа қожалығымен меморандумға отырды. Округке қарасты көлдегі шабындықты шабуға екі жеке кәсіпкермен келісімшарт жасалды. Ойыл өзенінің Жангелдин жақ бетіндегі 500 гектар жер жеке тұлға Ыбырай Уақитовқа берілсе, өзеннің Миялы ауылы жақ бетіндегі көлдегі 400 гектар шабындық жер жекетұлға Руслан Әжіғалиевке берілді. Олардың өтініштері округ қауымдастығында, аудандық жер комиссиясында қаралып, келісілді. Кәсіпкерлер шабылған шөппен әуелі округ тұрғындарын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, шөп дайындаушылар тарапынан аз қамтылған отбасыларына демеушілік жасалады. Бастысы қауіпсіздік шараларын ұмытпай, малға қажетті қыстық азықты ертерек дайындап, қора басына тасымалдап алу. Ауыл іргесіндегі шабындық алқабына барғанда белуардан келетін шалғын шөпті айналдыра шауып жүрген су жаңа тракторды кездестірдік. Алқапта жүрген трактор иесі жеке тұлға Ыбырай Уақитов жолығып, амандық-саулық сұрастық. Шаруашылық жайын әңгімелегенде ол:

– Биыл көптен бері тасымаған Ойыл өзені тасып, ауыл іргесіндегі лимандық жерлерге толықтай шықты. Су мол болғасын шөп те бітік. Сондықтан мол шөпті малға бостан-босқа тапатпай, халық игілігі үшін шауып алуды ойлап, округ әкіміне өтініш бердім. Берген өтінішім тиісті орындармен келісіліп, қанағаттандырылған соң қорықшы жалдап, көлді қорыдым. Көлге шыққан судың ақшасын төледім. Жаңа трактор, айналмалы шөп шапқыш (косилка роторная) сатып алдым. Бұл құрылғының ерекшелігі шөпті тез шабады, өзі жинайды, әрі жаңбырлы күндері де шөбіңді шаба бересің. 500 гектар жерден шамамен кем дегенде 2500 орама шөп шығады деп жоспарлап отырмын. Төрт адамға уақытша болса да жұмыс тауып бердім. Шабындыққа шалғы салғаныма екі аптадай болды. Шөпке сұраныс көп. Әзірге ауылдағы мал ұстайтын әр үйге 13 орама шөптен түсіріп беріп отырмыз. Барлық үйге тасымалданған соң шөп сұрағандарға қосымша түсіреміз. 300 келілік әр орама шөптің бағасы 5000 теңге. Ал, округ әкімдігі берген төрт аз қамтылған отбасына демеушілікпен шөп түсіріп бермекпіз. Сондай-ақ, техникасы болғанымен шабатын жері жоқ үш-төрт отбасына қажетті мал азығын өздері дайындап алу үшін шабындықтан жер бердім, - дейді.

Ал, Ойыл өзенінің Миялы ауылы жақ бетіндегі лимандық жерді шауып жатқан жеке тұлға Руслан Әжіғалиевтің айтуынша, 400 гектар жердің жартысын мал тапап тастағандықтан шабуға келмейді. Қалған жерден 1000-ға жуық орама шөп дайындалады деп жоспарлануда. Бауырларымен бірге қорып, өздері шауып жатқан шабындықтан қазіргі уақытта 300-ге жуық орама дайындалды. Ораманың әр бағасы келісім бойынша 5000 теңгеден Миялы ауылының тұрғындарына тасымалдануда.

Биылғы өр суының мол тасуы төрт-түлік малын бағып, өнімін тұтынып отырған жандардың ырыздығы болды. Өйткені, бітік шыққан мол пішенді дер кезінде шауып, аулаға түсіріп алса, төрт-түлік қыстан қысылмай, қоңды шығатыны анық. «Қыс шанаңды жаз сайла» демекші, қыстың жайына ерте қамдаған аудан пішеншілері мал азығының сенімді қорын жасау бағытында қызу жұмыс жасап жатыр.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521