Қызылқоға әлімсақтан төрт түлігін түлетіп, ауыл шаруашылығы саласын негізгі кәсібіне айналдырып отырған аудан екендігі белгілі.
Бұл ретте ауданда мал баққан шаруагерлердің өзіндік айтар ойы, көтерер мәселелері жеткілікті. Осы орайда, барлық саланың өкілдерімен ашық диалог орнатуды көздеген аудан әкімі Қанат Әзмұханов сейсенбі күні аудан шаруагерлерімен кездесті. Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өткен кездесуге шаруагерлерден бөлек облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі, округ әкімдері мен тиісті бөлім, мекеме басшылары қатысты. Жиынды ашқан аудан басшысы:
– Аудан әкімі болып тағайындалғанннан кейін ең бірінші аудан ақсақалдарымен кездесіп, батасын алып, ұсыныс-пікірлеріне құлақ астым. Екінші кезекте өздеріңіз сынды шаруагерлермен кездесуді жөн санадым. Бүгін соның сәті түсіп отыр. Себебі, ауданымыз ауылшаруашылығы саласына бейімделген өңір болғандықтан осы саланың өкілдерінің мұң-мұқтажына құлақ асу тікелей міндетім. Әрі шаруагерлер айтқан ұсыныс-пікірлер бойынша мен алдағы жұмыс бағытымды айқындайтын боламын. Сондықтан осы сала бойынша аудандағы ең басты деген мәселелерді көтеріп, бірге талқылап, шешу жолдарын қарастырайық, – деді. Бұдан соң шаруагерлер кезекпен сөз алып, өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды.
Жылқы неге есепке алынбайды?
Кездесуде алғаш болып мінбеге көтерілген ауыл шаруашылығы саласының ардагері, «Сағыз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Құлмағамбет Қоданов:
«Бұл аудан Кеңес үкіметі заманында ауыл шаруашылығы саласы бойынша бүкіл одаққа белгілі болған аймақ. Алайда, соңғы жылдары бұл салаға толық көңіл бөлінбей келеді. Ең қарапайымы – аудандық ауыл шарушылығы бөлімін таратып, басқа бөліммен біріктіріп қойды. Сондай-ақ, шаруагерлердің қазіргі таңдағы басты мәселесі – субсидия алу. Жыл сайын құжат жинап, желтоқсан айына дейін жүреміз. Бірақ, ақыры соңында субсидия тимей қалады. Тағы бір өзекті мәселе – ауданда жылқы малында есеп жоқ. Соның салдарынан көлікке, пойызға соқтығысып, үлкен шығын келтіруде. Жол апаты болғаннан кейін әлгі жылқыны қарасақ ешқандай ен-таңбасы жоқ немесе еш жерде тіркелмеген болып шығады. Бір Сағыз ауылының маңында бес мың жылқы жүр. Тіпті шаруагерлердің алған жерінің шөбін жеп, соны тапап жатады. Сондықтан аудандағы барлық жылқыларды тіркеп, есеп жүргізу керек. Сондай-ақ, қазіргі таңда ауыл шаруашылығы саласына қажетті құрал-жабдықтардың барлығы қымбаттап жатыр. Дизель отыны, шөп орайтын жіп, трактордың құрал-саймандарының бағалары 7-8 есеге өсіп кетті. Ал, шөпті сәл қымбатқа сатсақ «Ойбай шаруагерлер құныққан, шөбі қымбат» деп айқайға басады. Шаруагердің еңбегі мен шығынына ешкім бас ауыртқысы келмейді. Шындап айтқанда, осы шөп сатушылар итшілеп жүріп еңбек еткенде әрі кеткенде айына тек 500 мың теңге көлемінде пайда табады. Ал, ол ақшаны базар маңында көкөніс сатып отырғандар таба алады. Сондықтан осы мәселеге баса назар аудару керек Шаруагерлердің тағы бір бас ауруы – трактор айдайтын маман табу. Сағыз ауылында Қызылқоға аграрлы-техникалық коледжі бар. Сол колледжден бұрын мыңдаған тракторшы дайындалып, еңбекке жіберілетін. Қазір 30 бала оқып жатыр. Бірақ, бір де біреуі далаға трактор айдауға шықпайды. Шаруагерлер «Айына 200 мың теңге жалақысы мен шөбін тегін түсіріп береміз. Жатын орыны мен тамағы тегін. Тек келіп жұмыс жасасыншы» деп отыр. Бірақ, сол оқу орнын бітірген мамандар келмейді. Онда тракторшы маманын дайындап не керегі бар?! Қорыта айтқанда шаруагерлер – нағыз ерлер. Таңғы алтыдан бастап тұрып, күннің астында шөп шауып, еселі еңбек етіп жүргендердің еңбегі бағалануы керек» деген пікір білдірді. Өз кезегінде аудан басшысы:
– Субсидия мәселесін облыс әкімі Серік Шапкенов таяуда көтеріп, барлық құжаттар қыркүйек айына дейін дайын болу керектігін айтты. Оған желтоқсан айына дейін жүріп алудың қажеті жоқ. Ол туралы толығырақ біліп, қосымша хабарлайтын боламыз. Жылқы малында есеп жоқ деген мәселемен келісемін. Алдағы уақытта мал басын түгендеу бойынша жұмыстар жүргізетін боламыз. Бірақ, ол кезде шаруагерлер «Біздің малымызды есепке алып жатыр» деп ренжімеуі керек. Тиісінше анықталған малын өзіне тіркеуге алып, мемлекетке салығын төлеп, бәрін заңдастыру қажет. Сонда мемлекетке де, өздеріне де пайдалы. Тиісінше малдың көлікпен соқтығысуының да алдын аламыз. Тракторшы-механизатордың тапшылығын да білемін. Әріптестерім осы жиынға жаңағы айтқан Қызылқоға аграрлы-техникалық колледжінің директорын да шақырған, бірақ келген жоқ. Оны тағы да сөйлесіп, қосымша анықтайық, – деді.
Ет өңдеу цехы керек
«Тасшағыл» өндірістік кооперативінің төрағасы Оңғар Жанықұловтың айтуынша Орал қаласында «Кублей» деген ет өңдеу цехы бар. Дәл сондай цех Атырау облысына да керек. Жаңағы айтқан Оралдағы ет өңдеу цехына аудан шаруагерлері де мал апарып, тапсырып жүр. Ол жақта тіпті арық малды да ала береді. Осы мәселені бірігіп қолға алған дұрыс. Әлгінде айтқан «Сағыз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Құлмағамбет Қодановтың түсіндіруінше ірі мұнай компанияларымен келісіп, етті соларға тапсыру керек. Ал, аудан әкімі: «Егер ауданда ет өңдеу цехын ашып, шаруагерлердің малын қабылдаймын деген адам болса қуана қолдаймын. Қажет болса ол кәсіпкерді облыс әкімінің қабылдауына кіргізіп, өзім бірге жүріп құжаттарын жасақтауға көмектесейін. Бірақ, ол үшін кооператив құрып, жұмысты жүйелі жасау керек. Одан басқа осы мәселені шешудің басқа да жолдары болса қосымша айтыңыздар. Егер тиімді ұсыныстар болса бәрін қолдаймын. Мүмкіндік болса ұсыныспен бірге мәселенің шешу жолын айта отырыңыздар» деді.
Бұдан кейін мінбеге көтерілген ғалым-зоотехник Жәнібек Аралбаев:
«Ауыл шаруашылығы саласын көтеру үшін ең бірінші ветеринар мамандар сауатты болу керек. Қазір көп ветеринар мамандар малдың түр, түсі түгілі тұқымын (пародасын) айыра алмайды. Сондай-ақ, мал дәрігерлері бекітілген норматив бойынша жұмыс жасамайды. Заң бойынша бір ветеринарға 800 ірі қара бастан келуі керек. Біздің ауданда мал басы көп те ветеринар маман аз. Сол себептен олар үлгермей, тиісінше малда ауру көп болады. Сонымен қатар, көп шаруагерлер «Жылдың аяғында субсидия алып үлгере алмай жатырмыз» деген мәселе көтереді. Бұл жерде шаруагерлердің де өз кінәсі бар. Субсидия алатын малдың құжаттарын алдын ала реттеп қоймайды. Қозы, бұзауды мал дәрігерлері өздері сырғалайды деп күтіп отырады. Олай болмайды. Бір сырға 250 теңге. Жүз басқа 25 мың теңге кетеді. Бір қозының да ақшасына жетпейді. Малыңды ертерек сырғала да, субсидияның құжатын алдын ала дайындай бер. Мен көптеген шаруа қожалықтарының іс-қағазын жүргіземін. Сол қожалықтар ертерек қимылдап, қажетті ақшасын алып отыр» деп өз тәжірибесін ортаға салса, «Қайдар» шаруа қожалығының мүшесі Мәди Мұртаов: «Тракторшы мәселесін шешу үшін аудан әкімдігі жанынан грант бөліп, балаларды оқыту керек. Сонда оқып шыққан маманда жауапкершілік болады да, вахталық жұмысқа кетпей ауданға қызмет етеді. Сондай-ақ, қазір ауданда субсидия мәселесін білетін маман жоқ. Сондықтан жауапты бөлім немесе мекеме жанынан субсидия жайлы мәлімет беріп отыратын маман қою керек. Ауданда жер мәселесі де өте өзекті. Менің қожалығымда 166 ірі қара мал бар. Оған берілгені 300 гектар жер. Жерімді үлкейтіп, шаруашылығымды кеңейткім келеді. Бірақ, жер ала алмай отырмыз. Ал, малы жоқ кейбір шаруагерлер 300-500 гектар жер алып алған. Не өздері мал бақпайды, не бізге мүмкіндік бермейді. Осы мәселе шешілсе деген ұсыныс бар» деді.
Кооператив ашқан ұтылмайды
Кездесуде көтерілген мәселелердің бірі – аудан шаруагерлеріне мұнай компанияларының тигізетін көмегі. Бұл туралы «Шопан Ата» қауымдастығының өкілі Ғазиз Ғабдуллин жеткізді. «Мұнай компаниялары шаруа қожалықтарына тоқ көзін тартып беру керек. Ол үшін ауданда мұнай өндіріп жатқан компания басшыларымен шаруагерлерді кездестірген абзал. Сондай-ақ, аудан көлемінде жүн, тері өңдеу өнеркәсібін қолға алған жөн. Бұл мақсатта «Шопан Ата» қауымдастығы жанынан арнайы мамандар шығып, үйретуде. Осы тәжірибені ауданда іске асырған дұрыс» деді ол.
Ал, «Ойтаң» шаруа қожалығының төрағасы Айбар Ерекешов:
«Ауыл шаруашылығын дамытамыз десек кооперативтер құру керек. Әрбір округ өздері құрып, төрағасын сайлап, жұмысын үйлестірген абзал. Оның құрамына шаруа қожалықтары да, ауыл тұрғындары да кіре алады. Сонда «Сенің жылқың менің жеріме түсіп кетті» деген жер дауы болмайды. Жер бәріне ортақ болады. Сонымен қатар, аудандық жұмыспен қамту орталығында жұмыссыздар тізімінде тұрған тракторшы мамандығы бар адамдарды жұмысқа тарту керек. Егер ұсынған жұмысқа бармаса ол адамдардың аты-жөнін «Телеграм» чатына жариялау керек. Тағы бір өтініш – аудандағы ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандарын көбейтіп, қосымша штаттар ашқан дұрыс. Бұл қожалықтарға үлкен көмек болады» деген ұсынысын жеткізді. Аудан басшысы кооператив құру, жүн, тері өңдеу жобаларын қолдайтындығын, ол мақсатта қосымша кездесулер мен түсінік жұмыстарын жүргізу қолға алынатындығын тілге тиек етті.
Бас ауруға айналған – дизель отыны
Соңғы жылдары дизель отыны өте күрделі мәселеге айналды. Бұл туралы жиынды сөз алған барлық шаруагерлер мәлімдеді. «Біржан» шаруа қожалығының төрағасы Біржан Әжіғалиев: «Қазір дизель отынын табу қиынның қиыны. Өткенде Сағыз ауылындағы жанармай бекетінде бар дегенді естіп, көлікке 200 литрлік тиеп барсам «Біз тек көлікке құямыз, ыдысқа берілмейді» дейді. Сонда мен қожалықтағы алты тракторымды Сағызға айдап баруым керек екен. Бұл ақылға сыймайды ғой. Аталмыш мәселені Батыс Қазақстан облысы оңай шешкен екен. Жылдың басында шаруа қожалықтарынан алдын ала қандай көлемде дизель отыны керектігі жөнінде өтінім жинап алып, соны жанармай бекеттеріне бөліп тастаған да шаругерлерге карта берілген. Сол картада қожалыққа керекті дизель отыны көрсетіліп тұрады. Сөйтіп әр қожалық жыл бойына картадағы көрсетілген дизель отынын таусылғанша алып отырады. Бір жақсы жері – жылдың басында бір литрін 190 теңгеден бекітіп қойған. Әрбір шаруагер ақшасын алдын ала аударып қойып, алаңсыз қажетті отынын ала береді. Осы тәжірибені бізге де қолдану керек» деген уәж айтса, «Қайдар» шаруа қожалығының мүшесі Мәди Мұратов аудандағы жанармай бекеттері жанынан тек қана шаруа қожалықтарына арналған қазандар қойылғаны дұрыс деген пікір білдірді. Бұдан кейін сөз алған аудан әкімі Қанат Әзмұханов: «Дизель отынының мәселесі тек ауданда емес ел бойынша өте өзекті. Таяуда аудандағы жанармай бекеттерінен сұрағанымызда дизель отыны азайып қалғандығын білдік. Бұл бағытта облыс әкімі Серік Жамбылұлы арнайы іс-шаралар қабылдайтындығын айтты. Сондай-ақ, осы мәселе бойынша жақында ауданға облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев келіп, жиын өткізеді. Сол кезде Сіздердің айтқан ұсыныстарыңызды да қосымша жеткізетін боламын» деді.
Субсидия қашан беріледі?
Жиын соңында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты агроөнеркәсіп кешенін дамыту және инвестиция тарту бөлімінің басшысы Тілекқабыл Ғұбайдуллин мінбеге көтеріліп: «Басқарма жанынан субсидия беру бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Қазірдің өзінде Қызылқоға ауданы бойынша 30 миллион теңге көлемінде субсидияның құжаттары өтіп, дайын тұр. Осы айдың аяғына дейін қаржы аударылады. Сондай-ақ, басқарманың тағы бір міндеті – инвестиция тарту. Бұл бойынша облыста 26 жоба жасақталды. Соның біреуі аудандағы «Құрман» шаруа қожалығының сүт өңдеу цехы. Ол алдағы уақытта жүзеге асатын болады. Міне, осындай ірі көлемдегі жобалар болса қолдауға дайынбыз» деді. Кездесуді қорытындылаған аудан әкімі Қанат Әзмұханов:
– Бүгін біршама ұсыныс-пікірлер айтылды. Мұның барлығы дәл қазір жүзеге асып кетеді деп айта алмаймыз. Бірақ, осы ұсыныстарды алдағы жоспарымызға кіргізіп, жұмыс барысында Сіздермен ақылдаса отырып, жүзеге асыратын боламыз. Одан басқа да қосымша қордаланаған мәселе бойынша мен тыңдауға әзірмін. Себебі, шаруагерлердің мәселесі – менің де мәселем, - деді. Жиын соңында шаруагерлер аудан басшысына осындай ашық та еркін форматта ұйымдастырылған кездесу үшін алғысын айтып, жұмысына сәттілік тіледі.
Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН