Атырау облысында мал іздеуге шыққан 41 жастағы ер адам адасып кеткен.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, 6 желтоқсанда сағат 20:00 шамасында Қызылқоға аудандық полиция бөліміне 41 жастағы ер адамның отбасына оралмағанын хабарлаған.
«Миялы ауылында тұратын әйелдің айтуынша, күйеуі – 41 жастағы Асхат Көшелековтің Жангелдин ауылының аумағындағы «Қазы» қыстағынан мал айдап келуге кеткен. Алайда, үйіне қайта оралмаған. Аудандық бөлім полицейлері жедел жедел іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде жоғалған ер адамды кешкі сағат 23.30 шамасында ауылдан 40 шақырым қашықтықтағы «Жұмыршы» учаскесінен тапты» -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Ал, Асхат Көшелековтің айтуынша, 2 айдан бері жоғалған малын іздеген. Бұл күні ол ауылға қайтар жолда адасып кеткен. Күні бойы тамақтанбай, жауын астында қалып, әбден әлсіреген.
«Соңғы күндері ауа-райы күрт өзгеріп, тұманның түсуі жиіледі. Бұл іздестіру жұмысын қиындатты. Бірақ, іздестіруді тоқтатпадық. Біз адасып кеткен Асхат Көшелековті тапқан сәтте оған алғашқы көмек көрсетіп, киімін ауыстырдық. Содан соң үйіне аман-есен жеткіздік», -дейді Қызылқоға аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Ерлан Жұмагереев.