Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Қызылқоғада наурыз мерекесі тойлана ма?

Қазақ халқының асыға күтіп, қуана қарсы алатын ең басты мейрамдарының бірі де, бірегейі – Наурыз тойы. Себебі, бұл күні күн мен түн теңесіп, қазақша жаңа жыл басталады. Жыл құсындай сағынысып көрісетін бұл мерекеге деген жұртшылықтың ықыласы тіптен ерекше. Осы орайда, халықтың Наурыз тойына деген ыстық ықыласын ескерген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылдан бастап аталмыш мерекені 14 наурыздан бастап он күн бойы тойлау туралы бастама көтерген болатын. Бұл әрине қуанарлық һәм құптарлық жағдай. Алайда, «Осынау Ұлыстың ұлы күнінде ұлттық ерекшелігімізді қалай айшықтаймыз, мерекенің тәрбиелік мәнін қалай арттырамыз?» деген заңды сауал көкейде тұрғаны жасырын емес. Соған сай, аталмыш сауалға жауап іздеп, ұлық мерекені жаңаша тойлаудың бағыт-бағдары туралы ой өрбітіп көргенді жөн санадық.

Тойсыз өткен екі жыл

Наурыз тойы дегенде көз алдымызға құрылған ақшаңқан киіз үйлер, бір-бірімен қуана көріскен қалың жұртшылық, асылған қазан, мерекелік концерт, әртүрлі ұлттық ойындар келетіні жасырын емес. Алайда, былтырғы жылдан бастап мұндай той-думанның бәрі сап тиылды. Оған себеп – әлемдік әбігерге салған короновирус дерті. Аталмыш дерт өткен жылдың дәл наурыз айында қатты өршіп, еліміз бойынша карантиндік шектеулер қойылған болатын. Содан бері көшелерге киіз үй құрмақ түгілі өз үйімізден әрең шығатындай дәрежеге жеттік. Әрине, ең бастысы қауіпсіздік болғандықтан – халық бұған түсіністік танытты. Осы орайда, көпшіліктің көкейінде «Биылғы жылы Наурыз тойы тойлана ма?» деген сауал туындап отырғаны белгілі.

Аталмыш сауалды аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және денешынықтыру бөлімінің басшысы Асқар Ақтаевқа қойған едік, ол:

– Карантиндік шектеулерге байланысты бұл жолы да мерекелік іс-шаралар онлайн түрде өтеді. Себебі, аурудың қауіпі әлі сейілген жоқ. Сондықтан көпшілік жиналатын барлық деңгейдегі шараларға тиым салынып отыр. Алайда, бұл Наурыз тойы атаусыз қалады деген сөз емес. Мәдениет үйлері онлайн концерттер ұйымдастырса, кітапханалар танымдық кештерін өткізе береді. Бұл іс-шараларды үйде отырып тікелей эфирде тамашалауға болады, – деп жауап берді.

Әрине, бұл жерде бөлім басшысының айтқанымен келіспеске амал жоқ. Өйткені, халық мейрам деп түгелдей көшеге шығып кетсе, ауру қайтадан өршуі әбден мүмкін.

Түйін. Қалай дегенмен де Наурыз – қазақтың төл мерекесі. Ұлттық мерекеміздің қадірін өзіміз арттырмасақ мұны өзге біреу бізге келіп жасамайды. Сондықтан Наурыздағы ұлттық киімнен бастап, ұлттық тағамдарымызды да күнделікті тұрмысқа енгізуіміз керек. Сонда ғана мемлекет басшысының көтерген бастамасы жүзеге асып, Наурыз жалпы халықтық мерекеге айналатыны сөзсіз.

Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521