Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ұлттық киімді насихаттайтын кез келді

Карантиндік шектеулерге байланысты Наурыз тойланбайтын болды.

Бірақ, өз ортамызда, отбасымызда мерекелік көңіл-күй қалыптастыруға ешкім тыйым салған жоқ. Ал, ол үшін қайтпек керек? Ең бірінші ұлттық киім киюден бастаған жөн. Соңғы жылдары бұл да жақсы дәстүрге айналып, ел ішінде кеңінен етек алып келеді. Әсіресе, мекемелер мен кәсіпорын қызметкерлері тарапынан қызу қолдау табуда. Мәселен, жақында Миялы ауылдық округі әкімдігі барлығы бірдей ұлттық киім киген суреттерін «Фейсбук» әлеуметтік желісіне жариялады. Көпшілік оларға әлеуметтік желі арқылы жылы пікірін білдіріп, қуана құптады.

Осы орайда, «Наурызда ұлттық киім киесіз бе?» деп бірлі жарым оқырманға сауал жолдаған едік. Айнагүл есімді оқырманымыз: «Әрине, кием. Алайда, оны көпшілік қолдап, бәрі киген дұрыс. Әйтпесе, жалғыз өзім елден ерекше болып жүрген ыңғайсыз» десе, Айбек деген оқырман «Киер едім. Бірақ, ер адамдарға ыңғайлы ұлттық киім табыла бермейді. Көбіне ұзын шапан кездеседі. Ал, оны біз сияқты жастарға шұбатып киіп жүру күлкілі көрінеді. Егер, костюм сияқты қысқа, ыңғайлы ұлттық киім болса ойланбай киер едім» деген пікір білдірді. Оқырмандар айтса айтқандай мына заманда сәнді, ыңғайлы ұлттық киім табу қиынның қиыны. Қазір жұрттың киіп жүргені көбіне тойлар мен құдалықтардан келген ұлттық киім екендігі жасырын емес. Ал, ықшам, сәнді киімдерді қолы жететіндері мәдениет үйлерінен уақытша сұрап алып киеді. Бір сөзбен айтқанда, қазір өзіне деп арнайы ұлттық киім сатып алатындар некен-саяқ. Ал, ұлттық киімді заманға сай жаңалап тігіп, күнделікті киімге айналдыруға тігіншілердің де, оны алатын тұтынушылардың да зауқы жоқ сияқты.

Бұл ретте, тігінші Айнамкөз Ақберен былайша пікір білдірді: «Әрине, соңғы жылдары ұлттық киімге сұраныс артып келе жатқаны рас. Халық көбіне наурыз тойында, сосын құдалық, сырға салу сияқты рәсімдер кезінде іздейді. Тіпті болмай жатса күнделікті киіп жүрген көйлектеріне ою жапсыртып алатындар да бар. Ал, ұлттық киімді заманға сай жаңғыртып, күнделікті киімге айналдыру өте өзекті мәселе. Себебі, бізде жеңіл өнеркәсіп аса қатты дами қойған жоқ. Тіпті күнделікті шұлық, қолғаптардың өзі әрісі Түркиядан, берісі Қырғызстаннан келеді. Десе де, ұлттық киімді жаңғырту бағытында жұмыс жасап жатқан қазақстандық сән салондары баршылық. Солардың ішінде «Арғымақ», «Самғау» салондарының киімдері қазір сұранысқа ие. «Арғымақ» жеңіл футболкадан бастап, сыртқы киімге дейін ұлттық нақышта сәндесе, «Самғау» сапалы әрі қазақы ою бары саптама етік пен аяқ киімдерді шығарып жатыр. Сондықтан бұл бағытта жасалып жатқан жұмыс жоқ деуге болмайды. Алайда, бәрі де сұранысқа байланысты. Мен де тігінші қыздармен бірігіп, шағын тігін цехын ашып, ұлттық киімдер тіккім келеді. Бірақ, ол өзін ақтамайтын бизнес». 

Дулат БЕРІКҰЛЫ

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521