Жангелдин ауылдық округінің әкімі аппаратының ғимараты алдында “Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз” атты мерекелік шара болып, онда ағаш үй тігіліп, алтыбақан құрылды.
Шараны ашқан аталмыш округ әкімі Амангелді Бағдаров ауыл тұрғындарын әз Наурыз мерекесімен құттықтады. Одан соң сахналық қойылым қойылып, көрермендерге концерттік бағдарлама ұсынылды. Қазақы дәстүрмен дастархан жайылып, наурыз көже таратылды.
Сондай-ақ, 5-6 сынып оқушылары асық атып, І орынды Алмаз Мұхаммад, ІІ орынды Батыр Егінбаев, ІІІ орынды Әділ Махамбет жеңіп алса, ересектер кір тасын көтеріп, І орынды Нұрсұлтан Қапашев, ІІ орынды Азамат Бисенов, ІІІ орынды Есболат Қазиев иемденді. Ал, қол күшін сынаудан І орынды Азамат Аштахаев, ІІ орынды Саясат Үсенұлы, ІІІ орынды Бөкен Тұрашев иеленді. Ең қызықтысы - “УАЗ” автокөлігін сүйреуден өткен сайыс болды. Онда бұла күші бойларында тасыған алып азаматтар шын мықтыны анықтады. Нәтижесінде, І орынды Азамат Бисенов, ІІ орынды Айбар Тұрғали, ІІІ орынды Нұрсұлтан Қапашев иеленді. Жеңімпаз-жүлдегерлерге Жангелдин ауылдық округі әкімінің дипломы, ақшалай сыйлықтарымен марапатталды.
Сөйтіп, тұрғындарға тамаша көңіл күй сыйлаған мерекеге ауыл ақсақалдары ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын беріп тарқасты.
Нұрсәуле Жауынбаева