Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ҚЫЗЫҚҚА КЕНЕЛТКЕН ДУМАН

Ұлыстың Ұлы күні ауданның батыс қақпасы саналатын Қарабау ауылында да жоғары дәрежеде атап өтілді.

Ежелден қазақылық қалпын сақтаған бұл ауылда Наурыз той жылдағы дәстүрімен Қызылқоға ауылдық округ әкімі аппаратының алдында тойланды. Мерейлі мерекеге аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев, ауыл ақсақалдар мен тұрғындар қатысты. Барған сәттен қарабаулықтардың аталмыш мейрамға ерекше дайыналғаны бірден көрініп тұрды. Төрт ауылға біріктірілген тұрғындар бірі үйінен кілемін, бірі көпшік-көрпесін, бірі ыдыс-аяғын, енді бірі көрнекілік құралдарын әкеліп, әп-сәтте той өтетін алаңды жайнатып тастады. Той басталмас бұрын ауыл келіндері қазақы дәстүрмен ауыл үлкендеріне сәлем салса, артынша ауданның Құрметті азаматты Шапиғолла Қонысбаев өлі аруақтарға құран бағыштап, барша ауылға ақ батасын берді.

Бұдан кейін құттықтау сөз алған аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев:

– Биыл елімізде Наурыз тойын он күн тойлау туралы Тұжырымдама қабылданғаны белгілі. Соған орай, бүгін кезінде аудан орталығы болған Қарабау ауылына арнайы ат басын бұрып келіп тұрмыз. Барша қарабаулықты аудан әкімі атынан шын жүректен құттықтаймын. Биыл ауданда көптеген орын алуда. Соның ішінде осы ауылдан көптен күткен мәдениет үйі мен спорт кешені бой көтеріп жатыр. Бұдан бөлек ауданның құрылғанына мерейлі сексен жыл толып отыр. Ендеше, барлық қуаныш пен той құтты болсын, - деді.

Мерекелік құттықтаудан соң кезек ауыл тұрғындарына беріліп, әр ауыл өздерінің бастамасымен қазақтың салт-дәстүрлерінен көрініс көрсетті. Мәселен, Еспай ауылы «Қымызмұрындық» дәстүрін көрсетсе, Махамбет ауылы үлкен ұлға енші беру салтын жаңғыртты. Сол сияқты Береке ауылында сәбидің тұсауы кесілсе, Сабыр ауылына ұзатылған қызы төркіндеп келіп, сол сәттегі сый-сияпаттар мен жөн-жоралғылар паш етілді. Бұл көріністердің бір ерекшелігі – рөлде ойнағандардың ешбірі кәсіби әртіс емес, бәрі қарапайым ауыл тұрғыны.

Сонымен қатар, Наурыз той барысында ләңгі тебу мен мешкейлер сайысы ұйымдастырылды. Ләңгішілер сынында 42 жастағы Назар Дүйсенбаев 58 ұпай жинап, жеңімпаз атанды. Бір қызығы, одан жасы кішілердің ешқайсысы 10 ұпай да жинай алмады. Ал, мешкейлер сайысында бір өзі алты кесе наурызкөжені тауысқан Қуандық Төлеуовке тең келер ешкім болмады. Жарыс жеңімпаздарына арнайы естелік сыйлықтар табысталды. Мәнді де, сәнді болып өткен Наурыз тойды округ әкімі Зейнолла Шәліков қорытындылап, белсенді қатысқан ауыл тұрғындарын Алғыс хатпен марапаттады.

Дулат БЕРІКҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT