Бүгінде ең маңызды мәселелердің бірі ауызсу екендігі мәлім. Бұл әсіресе теміржол бойында орналасқан Сағыз, Мұқыр ауылдық округтерінде аса өзекті. Тұрғындар да жыл сайын осы мәселені көтеріп бармаған жері, қақпаған есігі қалмады. Аталмыш мәселе таяуда өз шешімін тауып, «Кереген-Сағыз-Жамансор» топтық су құбырын жаңғырту жұмыстары басталып кетті.
Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Алтынбек Бейбітов:
– Тұрғындар сұранысына орай Сағыз, Мұқыр ауылдары мен елді мекендерін толықтай ауызсумен қамту үшін «Кереген-Сағыз-Жамансор» топтық су құбырын жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Аталмыш жобаны «НурайСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Жоба бойынша Сағыз ауылынан қуаты сағатына 336 м3 болатын ІІ көтерілімді су айдау стансасы, көлемі 1200м3 болатын екі дана резервуар, 50м3 су айдау мұнарасы, Жамансор елді мекенінен қуаты 140м3 болатын 2 көтерілімді су айдау стансасы, көлемі 100 м3 болатын үш резервуар және 50м3 су айдау мұнарасы салынады. Бұл алдағы уақытта ауызсуды тұрақты беруге мүмкіндік береді,- дейді.
Жоба бойынша қазіргі кезде Сағыз ауылында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатса, бұдан кейін жұмыстар Жамансор ауылында жалғасатын болады. Ал, Мұқыр ауылындағы 2 көтерілім су айдау стансасын қайта жаңғырту жобасы бойынша жобаға өзгерістер енгізілуде. Онда екі дана 250 м3 резервуар, жаңадан қуаттылығы 68,8 м3 су айдау модулі, бір трансформатор, үш дана сусорғы орнату көзделген. Аталмыш жобалар жүзеге асырылғанан кейін Мұқыр ауылдық округінің 4848, Сағыз ауылдық округінің 8309 халқына ауыз су үздіксіз берілетін болады.
Дулат БЕРІКҰЛЫ