Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Интелектуалды сайыс - Білімді жастар жарыс жолында

«Білімді мыңды, білекті бірді жығады» демекші қашанда ойы ұшқыр, білім көкжиегі кең жастар ғана елдің жарқын болашағы бола алады. Ал, сондай жастарды анықтап, білімін шыңдап тұру үшін түрлі интелектуалдық сайыстарды жиі өткізіп тұрған абзал.

Соған сай, өткен аптаның жұмасы күні ауданның құрылғанына 80 жыл толуына және нашақорлықпен күрес күніне орай жастар арасында «QUIZ» интелектуалды сайысы өтті. «Ақнұр» мейрамханасында өткен білім додасын аудандық ішкі саясат бөлімінің әлеуметтік тапсырысы шеңберінде «Инфо Центр» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Оған ауылдық округтер мен аудан орталығынан барлығы 13 командадан 70-ке жуық білімді жас қатысты. 
 Шараны аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Ризабек Амантай ашып, сайыстың шартын түсіндіріп өтті. Бұдан соң білімділер сайысы басталып кетті. Алты бөлімнен тұратын сайыстың тапсырмалары мен сұрақтары мейрамхана ішіндегі үлкен экранда жазылып тұрды. Ал, қатысушылар әр сұраққа команда болып ақылдасып, дұрыс деп тапқан жауаптарын алдарындағы параққа жазып, ұйымдастырушыларға тапсырып отырды. Бұл сайыстың басты ерекшелігі – тапсырмалар логикалық сұрақтар негізінде беріліп отырды. Алғашқы үш бөлімнен кейін үзіліс жарияланып, қатысушыларға ой сергіту үшін сусындар мен тәттілер ұсынылды. 
Қызықты да, тартысты өткен сайыстың нәтижесінде жас журналистерден құралған «Жазушы кісілер» командасы 18 ұпаймен бірінші орынды (жүлдесі 100 мың теңге) жеңіп алса, Жамбыл ауылдық округінен келген «Барыстар» командасы 16 ұпаймен екінші орынға (70 мың теңге) ие болды. Ал, үшінші орынға ұпайлары тең болған өнерпаздардан құралған «Мегамикс» және көздіғаралық «Көздіғара Юнайтед» командасы (жүлделері 25 мың) қол жеткізді. Қалған командалар алғыс хатқа ие болды. Сайысты аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Асқар Ақтаев қорытындылап, командаларды диплом және қаржылай сыйлықпен марапаттады. 


Дулат МӘТЖАН

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521