Халқымыз «Қыс шанаңды жаз сайла» дегенді бекер айтпаса керек. Сондықтан да, жаз бойы негізінен қыстың қамын жасау бағытында жұмыстар атқарылады. Сәрсенбі күні аудан әкімінің міндетін атқарушы Ерболат Иғалидың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде ауданда әлеуметтік нысандардың, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтардың күзгі-қысқы кезеңге дайындығы тыңдалды.
Бұл ретте хабарлама жасаған аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ерсағын Құмаровтың мәлімдеуінше, аудандағы 105 бюджеттік және бюджеттік емес мекемелер мен ұйымдарыға қатысты 180 жылу қазандығы бар. Жылу маусымына әзірлігі туралы паспорт жасақтау үшін білім беру, денсаулық сақтау және бюджеттік мекемелерге Е-лицензия базасы арқылы өтінім жолдауға және мерзімінде алу үшін мекеме қызметкерлерімен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келеді. Өткен жылы 38 мекеме күзгі-қысқы дайындығына әзірлік паспортын алды. Алдағы жылу беру маусымына облыстық бюджеттен 74096,0 мың теңге қаржы бөлініп, сатып алу үшін мемлекеттік сатып алу жұмыстары ұйымдастырылуда. Яғни, жеті ауылдық округ әкімдігі, екі мәдениет үйі, сондай-ақ екі дербес бөлім үшін 16 дана ұңғымалық сорғы, жеті дана жылу қазандығы, 14 дана су айдау және циркуляциялы насосы, екі дана сыртқы қондырғыға арналған толық трансформаторлық қосалқы станса (КТПН) және басқа да қосалқы бөлшектерді (газ есептегіш құралы, мотопомпа, термодатчик, стабилизатор) сатып алу іс-шара жоспарына енгізілген. Қазіргі уақытта жасақталған 57 іс-шараның 26-сы толықтай орындалса, жетеуі орындалу үстінде, ал бір іс-шара бойынша келісім-шарт жасақталуда. Сондай-ақ, іс-шараның тоғызы веб порталға жарияланып, төртеуі әлі жарияланбаса, 10 іс-шараға жеңімпаз анықталмай отыр.
– Облыстық білім басқармасынан аудандық білім бөліміне күзгі-қысқы дайындық маусымына қажетті 69 694,0 мың теңге сұратылып, бұл бағытта тиісті мектептер арқылы конкурс жұмыстары ұйымдастырылуда. Сұратылған қаржыға Тасқұдық бастауыш мектебіне жаңадан жылу ғимаратын салу, Б.Аманшин атындағы орта мектебіне модульді жылу ғимаратын, Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназиясы мен «Балбөбек» балабақшасына жылу қазандығын және басқа да қосалқы бөлшектер сатып алу көзделіп отыр. Сондай-ақ, облыстық денсаулық сақтау басқармасынан аудандық аурухананың күзгі-қысқы дайындық маусымына қажетті 27 000,0 мың теңге қаржы сұратылып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде, - дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ерсағын Құмаров.
Хабарламадан соң сөз алған аудан әкімінің міндетін атқарушы Ерболат Иғали: «Жыл басында алдағы күзгі-қысқы дайындыққа іс-шара бекітесіңдер де соған қажетті қаржысын аласыңдар. Міне алты ай өтті, тауарды әлі күтіп жүрсіңдер. Енді келесіңдер де «қаржы жетпейді» деп шығасыңдар. Бұл сылтау емес. Жылдың басында жоспарда не бекітілгенін қазір білмейсіздер. Жалпы ауданның индустриялық-инновациялық даму көрсеткішіне кедергі келтірмей, жауапкершілікпен жұмыс жасаңыздар. Сондықтан, округ әкімдері мен мекеме басшылары 25 шілдеге дейін жасақталған іс-шара бойынша қажетті тауарларды алуды тапсырамын. Егер үлгермесе бөлінген қаржы кері қайтарылады» деді.
Бұдан кейін 2024 жылдың І жартыжылдығына қаралған қаржының игерілуі туралы аудандық экономика және бөлімінің бас маманы Венера Төлеуғалиеваның хабарламасы тыңдалды. Хабарламадан білгеніміздей, ІІ тоқсанға 3 809 429,9 мың теңге жоспарланса, оның 3 547 207,0 мың теңгесі, яғни 93,1 пайызы орындалған. Игерілмеген қаржының басым бөлігі ауданда ауылішілік жолдарды, көше жарығын, спорт кешені мен алаңдарының, саябақтың құрылыс жұмысын жүргізіп жатқан мердігер мекемелерге тиесілі. Мердігер мекемелердің жауапсыздығынан қомақты қаржы игерілмей, ауданның инженерлік инфрақұрылымының дамуы бағытындағы жобаларды іске асыру кешеуілдеп келеді.
Сондай-ақ, аппарат мәжілісінде хаттамалық тапсырмалардың орындалысы туралы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер, ұйымдастыру және бақылау бөлімінің басшысы Серікбай Тапаев хабарлама жасады.
Аппарт мәжілісін қорытындылаған әкімінің әкімінің міндетін атқарушы Ерболат Иғали:
– Бөлінген қаржыны игермеу – жауапкершіліктің жоқтығы. Округ әкімі болсын, бөлім басшысы болсын барлығы да алдымен жауапкершілікті сезінуі керек. Қаржы бөлінеді, бірақ аудандық экономика және бөлімі тарапынан бақылауға алынбайды. Осыған орай аталмыш бөлімге алдағы екі айда жұмсалатын қаржыны саралап, игерілмейтін қаупі бар қаржыны ығыстыруды тапсырамын, - деді.
Бауыржан САҚТАСЫНОВ