Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Өткен жылы Қызылқоға ауданында қандай жұмыстар атқарылды?

«Қызылқоға ауданының 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2021 жылға арналған жоспары туралы» аудан әкімінің есебі

2020 жылы атқарылған жұмыстардың барлығы аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға, өтініш-тілектері мен көтерген мәселелерін шешуге бағытталды. Өнеркәсіп саласы, инвестиция көлемі Ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері өнеркәсіп саласындағы өндірілген өнім көлемі мұнай және ілеспе газ өнімдерінің көлемі мен құнының азаюына байланысты 2019 жылға қарағанда төмендеді, негізгі капиталға салынған инвестиция мен бюджет және салықтық түсімдер бойынша өсім бар.

Өнеркәсіп саласы бойынша өндірілген өнімнің көлемі 81 миллиард 035,0 миллион теңге болып, (2018 жылы – 116 111,0 миллион теңге, 2019 жылы – 124 816,0 миллион теңге) нақты көлем индексі 94,9 пайызды құрады. Негізгі капиталға жұмсалған инвестицияның көлемі 25 миллиард 853 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 131,2 пайыз болды (2018 жылы – 11 666,0 миллион теңге, 2019 жылы – 19 471,0 миллион теңге). Бюджеттік салық және басқа да міндетті төлемдер 148,2 пайызға, жергілікті бюджетке түсетін түсімдер 148,9 пайызға (2018 жылы – 1280,4 миллион теңге, орындалысы 1432,5 миллион теңге – 111,9 пайыз, 2019 жылы – 1 224,9 миллион теңге, орындалысы 1 327,9 миллион теңге – 108,4 пайыз, 2020 жылы жоспар – 925,4 миллион теңге, орындалысы 1378,1 миллион теңге – 148,9 пайыз) орындалды.

Ауыл шаруашылығы саласы Аудан бойынша ауыл шаруашылығы саласында 443 субъект қызмет атқарады. Яғни, 6 ЖШС, 1 ӨК, 2 агрофирма, 5 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі, 429 шаруа қожалығы (2018 жылы – 245 ш/қ, 2019 жылы – 326 ш/қ) тіркелген. Есепті жылы 2019 жылмен салыстырғанда төрт түлік мал басында өсім бар. Мүйізді ірі қара – 1348 басқа (104,3 пайыз), қой-ешкі – 6020 басқа (104,6 пайыз), жылқы – 756 басқа (105,2 пайыз), түйе – 56 басқа (103,2 пайыз) өсті. Ауданда 2 мал сою пункті, 3 мал сою алаңы жұмыс жасайды. Аудан бойынша 13 082,7 тонна ет (104,3 пайыз) (2018 жылы – 12202,4 тонна, 2019 жылы – 12543 тонна), 15 614,5 тонна (102,2 пайыз) (2018 жылы – 13 508,0 тонна, 2019 жылы – 15279 пайыз) сүт өндірілді. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 14 636,3 миллион теңгені (2019 жылы – 13 720,4 миллион теңге) құрады. Өткен жылы 74 шаруашылық құрылымдарымен 1311 бас асыл тұқымды (140 бұқа және 209 бас сиыр, 214 бас қошқар, 745 бас қой, 3 бас жылқы) мал алынып, шаруашылықтарға 650 489,4 мың теңге (2018 жылы – 144 573,2 мың теңге, 2019 жылы – 342 851,8 мың теңге) субсидия төленді. Аудан бойынша 4 жылыжайдың екеуінде егін егіліп, 1 тонна 150 келі өнім алынды. Тұрғындардың бірінші кезекте тұтынатын азық-түлік тауарларының бағасының өсуіне жол бермеу үшін ауданның тауар өндірушілері Атырау қаласындағы «Сарайшық» коммуналдық базарында 4 рет жәрмеңкеге қатысып, өз өнімдерін ұсынса, Миялы ауылдық округіндегі «Арыс» сауда қатарында 12 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліп, жәрмеңкеде ауыл шаруашылығы өнімдері базар нарығынан 10-15 пайызға төмен бағамен сатылды. 2020-2021 жылдарға қажетті мал азығының жоспары 125 287 тоннаны құрады. 2019 жылдан 33 404 тонна шөп қалса, дайындалуға тиісті 91 883 тонна мал азығының 92 825 тоннасы (101 пайыз) дайындалды.

Ветеринария саласы 2020 жылы эпизоотияға қарсы іс-шаралар да өз деңгейінде жүргізілді. Ветеринариялық пункттер 100 пайыз материалдық-техникалық базамен қамтылған. Жыл ішінде ветеринариялық шаралардың уақытылы ұйымдастырылуы барысында бруцеллез ауруына оң нәтиже берген малдардың саны 1354 басты құрап, өткен жылмен салыстырғанда 646 басқа төмендеді. Жыл сайын 11 түрлі жұқпалы ауруларға қарсы егетін вакцина (нодулярлы дерматит, пастереллез, құтыру, сібір жарасы, оба, қарасан, құс тұмауы) және препараттар (маңқа, туберкулез, эхиноккоз) сатып алынып, жоспарға сай қолданылды. Есепті мерзімде жоспарланған 39 601 бас мүйізді ірі қара, 138 403 бас қой-ешкі, 483 бас түйе малы бруцеллез ауруына қарсы тексерілді. Тексеру барысында 117 бас мүйізді ірі қара, 1 230 бас қой-ешкі, 7 бас түйе малдарынан бруцеллез ауруы анықталып, мал сою орындарында сойылды. Мал иелеріне 20 292,0 мың теңге өтемақы төленді. Малдары бруцеллез ауруына оң нәтиже берген тұрғындардың 213 мал қорасына (23 794 шаршы метр жерге) залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Барлық ауылдық округ орталықтарынан жануарларды ветеринарлық өңдеуге арналған өткелек құрылысы есепті жылы аяқталды.

Автомобиль жолдары Аудан бойынша автокөлік жолдары жалпы ұзындығы 734,6 шақырымды құрайды Оның 184,7 шақырымы республикалық, 244,5 шақырымы облыстық, 305,4 шақырым аудандық (156,5 шақырым ауылішілік, 148,9 шақырым кірме жолдар) жолдар. 2018-2020 жылдары Сағыз ауылының 13,6 шақырым және Мұқыр ауылының 4,7 шақырым кірме және ауылішілік жолдарының құрылысы жүргізілуде, биылғы жылы жалғасатын болады. Өткен жылы Миялы ауылындағы 11 шақырым ауылішілік автокөлік жолдарының құрылысының жобасы жасақталып, биылғы жылы «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы арқылы құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. 2020 жылы Сағыз ауылында 8 шақырым, Мұқыр ауылында 6 шақырым, Кенбай елді мекенінде 1,5 шақырым ауылішілік жолдарының жобасы жасақталды. Осы үш жобаны жүзеге асыру үшін 2 миллиард 588 миллион теңгені қажет етеді. Сонымен қатар, аудан орталығы Миялы ауылын толықтай қатқыл табанды тас жолымен қамтамасыз ету үшін 23,0 шақырым жолдың құрылысына жоба жасақталуда.

Ауыз сумен қамту Аудан көлеміндегі 26 елді мекеннің 13-і орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған, яғни тұрғындардың 95,5 пайызын құрап отыр. Қалған 13 елді мекен (4,5 пайызы) жер асты (артезиан) суын пайдалануда. Айдын, Бүйрек, Қосқұлақ, Кенбай, Тасқұдық елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жоба жасақталды. Бұл жобаларды жүзеге асыруға 353,4 миллион теңге қажет етеді. Халық саны 200-ден төмен шағын 8 елді мекенге 2023-2024 жылдары кешенді блок-модульді қолдану жоспарланып отыр. Есепті жыл ішінде Сағыз, Мұқыр, Жантерек, Жамансор ауылдарын үздіксіз таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «Кереген» жер асты су қорынан қосымша үш ұңғыма қазу жұмыстары басталып, 90 пайызға аяқталды. Сонымен қатар, Сағыз ауылында жаңа су айдау ғимаратының және Жамансор ауылынан су мұнарасының құрылысына жоба жасақталды. Жобаны жүзеге асыруға 657,3 миллион теңге бөлу үшін республикалық бюджеттен қаражат сұратылды.

Жоғарыда аталған жобалар жүзеге асырылған жағдайда осы ауылдар тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Қазіргі таңда, Миялы және Жангелдин ауылдарын үздіксіз сапалы ауыз сумен қамту ауданымыздың ең өзекті мәселесіне айналды. Бүгінгі күнге дейін бұл ауылдарға «Қарасу» жерасты суқорынан ауыз су беріліп келеді. Алайда аталмыш жер асты су қорының азаюынан тұрғындардың қажеттілігін өтей алмауда. Бұл өзекті мәселені шешу мақсатында «Тайсойған» жерасты су қорының Батыс аймағынан Миялы ауылына ұзындығы 68 шақырым болатын магистралдық су құбырының құрылысына жоба дайындалуда.

Аталған жоба ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында аяқталып, құрылыс жұмыстарын 2021-2023 жылдары аралығында жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Бұл жоба жүзеге асырылғанға дейін аудан орталығында мамыр-қыркүйек айларында ауыз суды уақытпен беру үшін «Қарасу» жерасты су қорынан қазылған қосымша үш ұңғыма биыл іске қосылады. Көгілдір отынмен қамту Аудан көлемінде халықты табиғи газбен елді мекендердің 76 пайызы немесе халықтың 98 пайызы қамтылған (724,14 шақырым). Газ тартылмаған 6 елді мекенге (Соркөл, Сарқұмақ, Кенбай, Қоңыраулы, Тасқұдық, Былқылдақты) жасақталған жобаның үш жылдық мерзімі ағымдағы жылдың қараша айында аяқталады. Жобаның құны 2 миллиард 481 миллион 182,0 мың теңгені құрайды. Бұл жоба жүзеге асырылған жағдайда халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігі жақсарып, ауыл шаруашылығы саласының дамуына оң әсерін берер еді. Электрмен қамту бағытында Аудандағы елді мекендер толықтай электр жарығымен қамтылған. Жамансор елді мекенінің электр жүйелерін жаңғырту құрылыстары 2019 жылы басталып, есепті жылы пайдалануға берілді. Сағыз ауылындағы ІІІ ықшам ауданы электр желісінің құрылысын биылғы жылы аяқтау жоспарлануда.

Сондай-ақ, Сағыз ауылының І, ІІ ықшам аудандарының және Мұқыр, Жантерек, Кенбай ауылдарында 1970-ші жылдары жүргізілген «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-на қарасты электр желілерінің тозығы жетіп, тұрғындардың электр қуатына қажеттілігін өтей алмай отыр. Осының салдарынан бірнеше жылдар бойы ауыл тұрғындарының тұрмыстық техникалары істен шығып, материалдық шығындар келтіруде.

Бұл мәселені шешу мақсатында Мұқыр ауылының және Жантерек, Кенбай елді мекендерінің электр желілерін жаңғыртуға жалпы құны 365,4 миллион теңгенің жобасы жасақталды. Қалыптасқан қиын жағдайды ескеріп, құрылыс жұмыстарын биыл бастау қажеттілігі туындап отыр. Туындаған мәселені түбегейлі шешу үшін Сағыз ауылының І және ІІ ықшам аудандарының электр желісін жаңғыртуға жоба жасақталуда. Электрмен қамту қызметінің сапасын арттыру мақсатында Миялы ауылындағы коммуналдық меншіктегі электр желілерін жаңғырту үшін өткен жылы жоба жасақталып, құрылыс жұмыстары «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында іске асырылатын болады. Тұрғын үймен қамту бағытында Аудан бойынша тұрғын үй кезегіндегі 6 санаттың 5-і бойынша 302 азамат (халықтың әлеуметтік әлсіз топтар санаты бойынша – 125, бюджеттік мекеме қызметкерлері санатымен – 59, жетім балалар санатымен – 29, тұрғын үйі апатты жағдайда тіркелгендер азаматтар – 22, көп балалы отбасы – 67) тіркелген. Есепті жылы «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы аясында аз қамтылған көп балалы 34 отбасы жалдамалы тұрғын үйлермен қамтамасыз етілсе, «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы 7 отбасы баспаналы болып, 4 отбасына тұрғын үй сертификаты табысталды. Есепті кезеңде халықтың тұрғын үйге мұқтаждығын қанағаттандыру үшін аудан орталығынан үш қатарлы 60 пәтерлік тұрғын үй салуға жоба жасақталды.

Аталған жобаны «NСОС» компаниясының әлеуметтік-инфроқұрылымдық жобалар аясында жүзеге асыруға ұсынылды. Бұдан басқа, аудан орталығында осы типтегі екінші тұрғын үйдің құрылысына жоба дайындалуда. Жер кезегінде аудан бойынша 2294 адам тіркелген. Есепті жыл ішінде жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін Сағыз ауылынан инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы тартылған 160 жер телімі берілсе, Мұқыр ауылындағы 142 жер теліміне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізілді. Алайда, жүргізілген электр желісін қосалқы станцияға қосу жұмыстары аяқталмай отыр. Жер кезегіндегі азаматтарға тұрғын үй салуға Миялы, Сағыз, Жасқайрат, Қоныстану ауылдарынан барлығы 683 жер теліміне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу үшін жоба дайындалды.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен Миялы ауылының инфрақұрылымының құрылысына бастапқы қаражаты бөлінді. Жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым Миялы (276 жер), Сағыз (225 жер), Жасқайрат (102 жер), Қоныстану (80 жер) ауылдарына жүргізіледі. Абаттандыру және көгалдандыру Қазіргі заман талабына сәйкес ауылдарымызды абаттандыру мен көгалдандыру – тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырудағы негізгі басымдық болып табылады. Есепті жылы Миялы ауылының 5 (А.Сабыров, Қ.Сәтпаев, Ш.Еркінов, Б.Нысанбаев) көшесі мен айналма жолы жарықтандырылды. Жоба құны 54 745,0 мың теңге. Сонымен қатар, Тасшағыл, Жасқайрат, Жангелдин, Қоныстану ауылдарының кіре беріс жолын, Сағыз ауылының 8 шақырым, Мұқыр ауылының 6 шақырым, Тайсойған ауылының 2,8 шақырым көшелерін жарықтандыруға жоба дайындалды. Жобалардың жалпы құны 493,0 миллион теңгені құрайды. Аталған жобалар облыстық бюджеттен қаржыландыруды талап етеді. Миялы ауылында жаңадан орталық саябақ құрылысына және А.Сарбөпе атындағы саябақты қайта жаңғыртуға жоба дайындалды. Сонымен қатар, Миялы ауылының орталық көшелерінің 7 822 шаршы метріне өрнектас төсеуге және ауылдың кіре берісіне арка орнатуға жоба әзірленді. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Ұлы Отан соғысына ауданымыздан қатысқан жауынгерлер есімі жазылған тақта жаңғыртылды. Жыл ішінде көгалдандыру жұмыстарын жүргізуге орындар дайындалып, 2100 түп тал егілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында берген тапсырмасын орындау мақсатында 2021-2025 жылдар аралығында ауданымызда 37 мың тал отырғызылады. Қатты тұрмыстық қалдықтарды төгу және орналастыруға ауылдық округтерде жер телімдері белгіленген. Алайда, бұл орындар санитарлық ережелер мен қоршаған ортаны қорғау стандарттарының талаптарына сәйкес келмейді. Миялы ауылының тұрмыстық қалдықтарды төгуге арналған қоқыс алаңы ауылға жақын орналасқан. Аумағы жылдар бойы кеңейіп, ауыл тазалығына кері әсерін тигізіп, тұрғындар наразылығын тудыруда. Осы мәселені шешу үшін ауылдан 3,5 шақырым жерден жаңа қоқыс алаңының орыны белгіленіп, қоршау жұмыстарын жүргізуге 73,5 миллион теңгені құрайтын жоба жасақталды. Өткен жылы аудан бойынша 2 223 тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Оның 401 тоннасы (18 пайыз) сұрыпталды. Биылғы жылы қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауды 21 пайызға өсіруді жоспарлап отырмыз. Шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы Аудан бойынша тіркелген кәсіпкерлік субъектілер саны – 1 613 (72 заңды тұлға, 429 шаруа қожалығы, 1 112 жеке кәсіпкер). Есепті жыл ішінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2019 жылмен (1 469) салыстырғанда 9,8 пайызға артты. Аудан халқына 198 сауда объектілері, 1 базар, 48 қоғамдық тамақтандыру орындары, 90 халыққа қызмет көрсету және 27 өндіріс орындары қызмет көрсетуде. 2020 жылы 21 кәсіпкерлік нысаны іске қосылып, 24 жаңа жұмыс орны ашылса, шағын грант қаражатын алған 45 адам өз жобаларын қолға алды.

Жыл қорытындысымен шағын және орта кәсіпкерлікті қаржыландыру бойынша 168 жобаға 953,3 миллион теңгенің несие қаражаты алынды. Атап айтқанда, «Ауылдық жердегі шағын және орта бизнесті дамыту» бағдарламасы бойынша 23 жобаға 100,3 миллион теңге, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы бойынша 109 жобаға 403,7 миллион теңге, «Бастау-Қызылқоға» несие серіктестігі» ЖШС арқылы 14 жобаға 120 миллион теңге, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Атырау филиалының жеке қаражаты арқылы 8 жобаға 129,4 миллион теңге, «Аграрлы несие корпорациясы» АҚ Атырау филиалының арқылы 4 жобаға 85 миллион теңге алынса, «ҚазАгроҚаржы» АҚ Атырау филиалы арқылы 10 несие алушы 114,3 миллион теңгеге лизингке ауыл шаруашылығы және құрылыс техникаларын алды. Жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру саласы Өткен жылы жұмыссыздар есебіне 2672 адам хабарласып, 2576 адам жұмыспен қамту шараларына қатынасты. Жыл қорытындысымен нақты жұмыссыздар саны – 736 адам болды (2019 жылы – 739 адам). Жұмыссыздық деңгейі – 4,8 пайыз. (2019 жылы – 4,9 пайыз). Ауданда 1387 жаңа жұмыс орындарын құру жоспарланып, жыл ішінде 1560 жаңа жұмыс орны ашылып, 112,5 пайызға орындалды. Оның ішінде 840 тұрақты жұмыс орны. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының І бағыты («бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамсыз ету») бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқумен 92 адам қамтылып, олардың 51-і жұмысқа орналасса, ІІ бағыты («жаппай кәсіпкерлікті дамыту») бойынша «Бастау Бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздерінен 80 адам оқудан өтті. Бүгінгі күнге 105 адамға 398,0 миллион теңге шағын несие беріліп, өз кәсіптерін дамытуда. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 85 адамға 47 миллион 125 мың теңге мемлекеттік грант берілді. Ал, бағдарламаның ІІІ бағыты («халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту») бойынша 998 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Өткен жылы әлеуметтік жұмыс орындарына 49 адам, жастар тәжірбиесі арқылы 129 жас, ақылы қоғамдық жұмыстарға 1038 адам тартылды.

Аудан бойынша жыл ішінде 249 отбасындағы 1449 алушыға 92 миллион 115 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Ауданда барлығы 1214 мүмкіндігі шектеулі жандар есепте тұрады (І топ – 88 адам, ІІ топ – 519адам , ІІІ топ – 480 адам, бала кезінен – 127 мүгедек). Аталған санаттағы адамдарға мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақылар мен көрсетілетін қызметтер тиісті дәрежеде көрсетілді. Биылғы жылы мүмкіндігі шектеулі балаларды тасымалдау үшін «Инватакси» автокөлігі алынып, өз жұмысын бастады. Сағыз, Мұқыр ауылдық округтерін аталмфш автокөлікпен қамту мәселесі туындауда. Еліміздегі төтенше жағдай кезінде Мемлекет басшысының бастамасымен күрделі кезеңде экономиканы, шағын және орта бизнесті, халықты қолдау бағытында қабылданған «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде ауданымызда 8 жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда, «Шалқыма» мәдениет үйі, Миялы балалар және жасөспірімдер спорт мектебі, Қызылқоға аграрлы-техникалық колледжінің ғимараттары күрделі жөндеуден өткізілді. Сонымен қатар, көше жарықтандыру, су ұңғымасын қазу, мектеп, дәрігерлік амбулатория және жол құрылыстары жүргізіліп, жұмыссыз есебіне тіркелген 277 азамат жұмыспен қамтылды. Денсаулық сақтау саласы Аудан тұрғындарына 50 төсектік орталық аурухана, 8 дәрігерлік амбулатория, 1 фельдшерлік-акушерлік пункт және 6 медициналық пунктте 41 дәрігер, 294 орта буын медицина қызметкерлері көмек көрсетеді. Есепті жыл ішінде 2 дәрігер жұмысқа орналасып, Сағыз ауылынан 50 келушіге арналған отбасылық дәрігерлік амбулаторияның және Қаракөл, Қарабау ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункттердің құрылыстары аяқталды. Денсаулық сақтау саласындағы негізгі проблемалық мәселе кадр тапшылығы. Ауданда 8 дәрігер (анестезиолог, лор, окулист, 2 жалпы практика дәрігері, неонатолог және инфекционист дәрігерлер) жетіспейді. COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы қабылданған шаралар туралы 2020 жылы аудан бойынша коронавирустық инфекциясын жұқтырған 470 адамның 465-і жазылып шықса, 5 адам қайтыс болды.

2021 жылы қаңтар айында коронавирустық инфекциясын жұқтырған 26 адам тіркелді. Коронавирус инфекциясының таралуын алдын алу және тиімді күресу мақсатында аудандық аурухана бойынша 2020 жыл 7 орындық инфекциялық стационар жұмыс жасады. Онда COVID-19 кеселімен емделген 9 адамның біреуі қайтыс болып, қалғаны сауығып шықты. Провизорлық стационар 10 орыннан 30 орынға дейін ашылды. Сонымен қатар, реанимациялық 3 орын жұмыс жасады. Індеттің ІІ толқыны бойынша инфекциялық 10 орынның екеуі реанимациялық орынмен қамтылған. Ауруханада тасымалдау оттегі пайдаланылып (баллон саны – 70 дана), желтоқсан айында оттегі станциясы іске қосылды. Қосымша аудандық ауруханаға 5 бейне бақылау камералары орнатылды. «Таза» және «лас» аймақтарға бөлініп, емханада сүзгі бөлмелері мен изолятор жұмыс жасады. Медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету мәселесі бойынша демеушілік көмек арқылы 3 ИВЛ аппараты, 32 кислородтық концентратор, 40 дана пульсоксиметр, 10 дана Бобров құралы алынды. Бір рет пайдаланатын жеке қорғаныш құралдарымен, антисептик, дезинфекциялық препараттар жеткілікті мөлшерде қамтылған.

Төтенше жағдай режимі мен карантиндік шектеу шараларының сақталуы мен түсінік жұмыстарын жүргізу бағытында ауданда 13 мобилдік топ құрылып, 366 рейд жүргізілді, 876 нысан тексеріліп, 31 тұлғаға айыппұл салынды. Аудан бойынша эпидемиялық ахуал тұрақты. Инфекциялық қауіпсіздік техникасынан нұсқамаларды өткізуге жауапты маман тағайындалды. Барлық санитарлық нормалардың қатаң түрде сақталуы бақылауда. Білім саласы Аудан бойынша 1-6 жас аралығында балалардың мектепке дейінгі ұйымдармен қамтылу көрсеткіші 85,0 пайызды құрады. (2018 жылы – 77,3 пайыз, 2019 жылы – 84,1 пайыз).

Атап айтқанда, 12 балабақшада 1 173 бала, ал мектептер жанындағы шағын топтарда 561 бала тәрбиеленуде. Алайда, Жангелдин, Жасқайрат, Қоныстану, Қаракөл ауылдарындағы балабақшалар типтік үлгіде емес, 1970-80-ші жылдарда салынған, тозығы жеткен, бала сыйымдылығы аз ғимараттарда орналасқан. Жаңа стандартқа сай ғимараттарды қажет етеді. Ал, Тайсойған ауылында балабақша мүлдем жоқ. Есепті мерзімде Мұқыр ауылынан 160 орындық, Жасқайрат ауылында 100 орындық, Тайсойған ауылында 50 орындық жаңа балабақша құрылысына жоба жасақталуда. Орта білім беру бойынша аудан мектептері Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі негізінде жаңартылған білім беру бағдарламасымен жұмыс жасауда. 2019-2020 оқу жылында білім сапасы 55 пайыз болып, өткен жылмен салыстырғанда 1,8 пайызға (1-11 сыныптарда барлығы 6263 оқушымен аяқтады) өсті. 1241 оқушы озат, 2155 оқушы оқу екпіндісі болса, 19 оқушы «Алтын белгі» иегері атанса, 9-сыныпты бітірген 39 оқушы «Үздік аттестатты» иеленді. Білім беру ұйымдарындағы 1021 педагогтың жоғары және І санаттағылар үлесі 62,7 пайыз. Аудан мектептері қашықтықтан оқытуға көшуіне байланысты мектеп теңгеріміндегі 251 дана компьютер, облыс әкімдігінің қолдауымен 200 дана компьютер, 1335 дана ноутбук, 240 дана планшет және демеушілер есебінен 50 дана роутер модем, 8 дана ұялы телефон әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасы балаларына табысталды. Сонымен қатар, әлеуметтік осал топқа жататын 1 358 балаға міндетті оқу қорынан бір реттік қаржылай көмек ұйымдастырылды. Оқушыларға онлайн білім алуды қамтамасыз ету үшін ауданымыздың 2 округ орталығы 4 G интернет жылдамдығына, қалған 8 округ орталығы 3G интернет жылдамдығына көтерілді. Білім саласы бойынша шешуді қажет ететін мәселелерге тоқталсақ, Жамансор ауылындағы 120 орындық негізгі мектеп пен 60 орындық интернат құрылысының жобасы (құны 1114,0 миллион теңге) 2018 жылы дайындалды. Алайда, құрылыс жұмысына қаражат бөлінбей келеді. Қарабау орта мектебінің бастауыш сыныптарға арналған ғимаратының тозығы жетсе, Миялы орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары қажет. Сондай-ақ, аудан мектептері заманауи талаптарға сәйкес STEM және IT кабинеттерімен жабдықталуы төмен деңгейде.

Бұл ретте, өткен жылы Қарабау орта мектебінің бастауыш сыныптарға арналған ғимаратының құрылысын жүргізу үшін, Миялы орта мектебіне күрделі жөндеу жүргізуге жоба жасақтау басталды. Мұқыр ауылындағы 424 орындық орта мектептің құрылысы 95 пайызға аяқталды, жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі. Мәдениет саласы бойынша Ауданымыздағы 35 мекемемен 967 шара (көпшілігі онлайн форматта) өткізіліп, 174 143 көрермен (оның ішінде 1 аудандық мәдениет үйі, 9 мәдени ошақ, 1 музей, 24 кітапхана) қамтылды. Есепті жылы Жасқайрат ауылындағы «Шалқыма» мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Тасшағыл ауылынан 300 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталды. Қарабау ауылынан 300 орындық мәдениет үйінің жобасы дайындалуда. Мәдениет саласындағы проблемалық мәселелерге тоқталсақ, Мұқыр, Қарабау, Тайсойған ауылдарында мәдениет үйлеріне арналған ғимарат мүлдем жоқ. Ал, Жангелдин ауылындағы мәдениет үйі стандартқа сай емес. Атырау облыстық құрылыс басқармасы арқылы 2017 жылы басталған Мұқыр ауылындағы 400 орындық мәдениет үйінің құрылысы (мердігер – «АвтоСтройКонсалтинг» ЖШС, құны – 301,9 миллион теңге) күні бүгінге дейін аяқталмай келеді. Спорт саласы «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында дене шынықтыру және спортпен 8331 адам (2019 жылы – 8131 адам) айналысады. Халықты спортпен қамту көрсеткіші 27,1 пайызды құрайды. Ауданда 43 (2019 жылы – 192) бұқаралық спорттық шаралар ұйымдастырылып, аудан спортшылары мен құрама командалары 28 облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысты. Күні бүгінге шешімін табуды қажет ететін мәселе, ауданға қарасты 10 округтің 8-інде жабық спорт нысандары және талапқа сай ашық спорт алаңдары салынбаған. Аталған мәселені шешу үшін, халықтың бұқаралық спортпен шұғылдану көрсеткішін одан әрі арттыру мақсатында есепті кезеңде Миялы, Сағыз ауылдарынан орталық стадион салу үшін жоба дайындалды. Биылғы жылы құрылыс жұмыстарын «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асыру жоспарлануда. 2020 жылы Миялы, Сағыз ауылдарынан әмбебап спорт алаңдарын, Жасқайрат және Тасшағыл ауылдарынан спорт кешенін салу үшін жоба жасақталды. Жобалар құны 1 203,0 миллион теңгені құрайды. Жастар саясаты Ауданда 7 549 жас бар.

Бұл аудан халқының 24,5 пайызын құрайды. «Волонтерлар жылы» аясында жастарды қолдау, олардың уақытын тиімді пайдалану және белсенділігін арттыру бағытында 14 ерікті топ құрылып, бірқатар қайырымдылық іс-шаралар жүзеге асырылды. Пандемия кезінде аудан бойынша 1 005 отбасыға (988 отбасыға азық-түлік, 17 отбасыға дәрі-дәрмек және қаржылай көмек көрсетіліп, жалғыз басты, көп балалы аналар, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың үй-жайларына 27 тазалық акциясы ұйымдастырылды) көмек көрсетілді. Аудан еріктілері 5 аз қамтылған отбасыға тұрғын үй сатып алуға жәрдемдесті. «Nur Otan» партиясының бастамасымен «Biz birgemiz» жалпы ұлттық акция аясында 88 отбасыға азық-түлік және 1100 отбасыға (50 000 теңгеден) қаржылай көмек көрсетілді. Жастардың діни сауаттылығын арттыру, ұлттық құндылықтар мен дәстүрді дәріптеу, қазақстандық патриотизмді нығайту мақсатында 78 іс-шара (онлайн – 46, офлайн – 32) өткізілді. «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарына 110 жас гүлзарлар мен саябақтарды көгалдандыру, көріктендіру және құрылыс бағыты бойынша (90 жас көгалдандыру, 20 жас құрылыс бағыты бойынша) жұмысқа тартылды. «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен 17 маманға әлеуметтік көтерме ақы (4 722,6 мың теңге), 10 маманға тұрғын үй сатып алу үшін (40 983,0 мың теңге) пайызсыз бюджеттік несиелер берілді. Құқық бұзушылық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес 2020 жылы аудан көлемінде жалпы 94 қылмыстық іс тіркеліп (2018 жылы – 71, 2019 жылы – 113), өткен жылға қарағанда 19-ға төмендеді. Оның біреуі аса ауыр, 34-і ауыр, 42-сі ауырлығы орташа, 10-ы онша ауыр емес қылмыс болса, жетеуі теріс қылықты қылмыс. Тіркелген қылмыстың 69,2 пайызы (65 қылмыс), яғни 1 аса ауыр, 16 ауыр, 37 ауырлығы орташа, 7 онша ауыр емес, 4 теріс қылықты қылмыс ашылды. Аудан көлемінде қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын-алу мақсатында көше қауіпсіздігін қамтамасыз етуге аудан орталығына 6 бейнебақылау камералары, 10 ауылдық округ орталықтарында соңғы үлгідегі LED шамдары орнатылды.

Биылғы жылы Миялы, Сағыз ауылдарына қосымша 8 бейнекамера қондырылады. Полиция қызметкерлерінің материалдық сұраныстары толықтай қамтамасыз етілді. 2020 жылы 7 полиция қызметкері қызметтік тұрғын үймен (2018 жылы – 8, 2019 жылы – 1) қамтылып, Миялы және Мұқыр ауылдарынан полиция инспекторларына арналған тіректі пункттер сатып алынып, пайдалануға берілді. Тұрғындардың арыз-шағым, өтініштерімен жұмыс Президент Жолдауында азаматтардың барлық өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру міндеті жүктелгені баршаға аян. Жергілікті атқарушы орган мен халық арасындағы байланысты нығайту, ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында әкімдік ғимаратынан «Сервистік әкімдік» ашылып, өз қызметін жүзеге асыруда. Өткен жылы аудан әкімінің 17 жеке қабылдауы өткізіліп, 150 адам қамтылды. 69 азаматтың өтініштері қанағаттандырылып, 81 азаматқа заң талаптарына сай тиісті түсініктер берілді. Қабылдауда болған азаматтардың басым көпшілігі жұмыспен қамту, тұрғын үй, қаржылай көмек мәселелері бойынша өтініш білдірді. Өткен жылғы есепте аудан халқынан түскен 25 ұсыныс-пікірдің екеуі орындалып, 23 мәселе орындалу үстінде. Ауданның «Телеграмм» қосымшасында 4993 адам тіркелген. Жүйеге түскен сұрақтарға тиісті мекемемен уақытылы жауаптар берілуде. Есепті мерзім ішіндегі жұмыстардың қорытындысын саралай келе 2021 жылға келесі міндеттерді айқындадық. Атап айтқанда,

– ауданды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жасақталған және жасақталу үстіндегі жобалардың уақытылы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету;

– экономиканы және ауыл шаруашылығы секторын, оның ішінде шағын және орта бизнесті дамыту жұмыстарын жалғастыру;

– аудандағы жұмыссыздық деңгейін азайту үшін жұмыссыз азаматтардың қажетті мамандықтарға оқуын ұйымдастырып, олардың жұмысқа орналасуына немесе өз кәсібін ашуына қолдау көрсету.

– азаматтардың тұрғын үйге мұқтаждығын азайту;

– жер пайдаланушылардың мақсатты пайдалануына зерделеу жүргізу арқылы игерілмеген жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару және тиімді пайдалануын ұйымдастыру.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT