Сейсенбі күні аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімі Арман Баженовтың төрағалығымен кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелерді талқылаған мәжіліс болып өтті.
Оған аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиев, тиісті бөлім, мекеме басшылары мен кәсіпкерлер қатысты. Мәжілісті ашып жүргізген аудан әкімі Арман Баженов:
– Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың биылғы Жолдауында «Адам еңбекқор болып, өз кәсібін жақсы меңгергенде және лайықты жалақы алуға немесе жеке кәсіп ашып, оны дамытуға мүмкіндік болған кезде табыс артады. Бизнесті өркендетудің тұрақты көздерін қалыптастырып, жеке инвестицияны ынталандыру және нарық еркіндігін қолдау керек. Дәл осы бизнес арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, қазақстандықтардың басым бөлігі табыспен қамтамасыз етіледі», – деген болатын. Қазіргі уақытта ауданда кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтіп, өз кәсібін ашып отырғандар жетерлік. Десекте, кейбір кездерде кәсіп ашамын деген кәсіпкерлердің кедергіге тап болып жататынын естіп жатамыз. Осындай оқылықтар орын алмас үшін барлығымыз бірлесе жұмыс жасауымыз қажет. Әйтпесе, жұмыстың алға баспайтыны белгілі, – деді.
Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Зинеш Сарбуфееваның айтуынша, кәсіпкерлік мақсатқа жер телімдерін алу үшін кәсіпкер инфрақұрылымы жақын жерге сұраныс береді. Бірақ, қазіргі таңда орталықтағы жердің барлығының иесі бар. Алайда, пайдаға асырмай отыр. Осындай, жер иелерін анықтап, кері қайтарып алып, басқа жұмыс жүргізетін кәсіпкерлерге беру қажет. Сондай-ақ, нысан салуға жер телімін алғанда міндетті түрде мақсатын көрсету керек. Бірақ, уақыт өте келе кәсіпкер кәсіпті басқа бағытқа ауыстырғысы келсе қиындық туындайды. Демек, шағын және орта бизнестің өркендей түсуін ойласақ, осы мәселені де қалтарыста қалдырмағанымыз абзал.
Ал, жеке кәсіпкер Сүйеуғали Дүйсәлиевтің пікірінше, қазіргі уақытта кәсібін бастағысы келетін жанға мемлекеттен қолдау көп. Алайда, бүгінде мемлекеттен берілетін субсидия көлемі азайып бара жатыр. Бұрын ауылшаруашылығы техникасына, өндірістің құрал-жабдықтарына, сойылған малға субсидия берілетін. Қазір олар жоқ. Осы мәселелер шаруагерлер жұмысын одан әрі жандандыруға кедергі келтіріп отыр.
Жиынды қорытындылаған аудан басшысы Арман Баженов: – Кәсіпкерлік саласы қашан да бәсекелестік ортаға қабілетті, сұранысқа сай болуы керек. Сондықтан, әрдайым кәсіпкерлеріміз өз білімін жетілдіріп, талапқа сай жұмыс жасаса алынбайтын қамал жоқ. Айтып отырғандарыңыздай ауданда кәсіпкерлік мақсатқа алынып, бірақ пайдаланылмай отырған жерлер бар. Оны көріп те жүрміз. Осы мәселені қолға алып тиісті мамандарға алдағы уақытта осындай жерлерге мониторинг жүргізуді тапсырамын. Бұл тапсырма осыған дейін де айтылған болатын. Бірақ, жұмысқа немқұрайдылық таныту бар. Бұлай жұмыс жүрмейді. Жалпы, кәсіпкерлердің кәсібін дөңгелетіп алып кетуіне біздің тарапымыздан қолдау білдіріп, қолымыздан келетін көмекті көрсетуіміз керек, – деді.
Гүлмира ТІЛЕГЕНОВА.