Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ұрлықтың көбейгені – ұяттың азайғаны

Тарихы өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастау алатын ұялы телефон бүгінгі күні тек байланыс құралы ғана емес, жеке деректер, суреттер сақтайтын, ғаламтор арқылы әлеуметтік желілерге кіретін әмбебап құрылғы.

Қазіргі таңда өмірдің барлық саласында қолданылатын болғандықтан ұялы телефон адамның ажырамас көмекшісіне айналды. Алайда, әрі жақсы қаражатты құрайтын, әрі ыңғайлы қалта телефондарын ұрлау басқа меншік мүліктеріне қарағанда көбірек кездеседі. Бірақ, ұрланған телефондар түрлі себептермен табылмай жататындығы аян. Бұл орайда, «Ұрланған телефон табыла ма?» деген заңды сауал туындайтыны анық. Ендеше, осы бір сұраққа жауап іздеп көрелік.

Телефонымның жоғалғанына тоғыз ай болды

Биылғы жылдың наурыз айында «Samsung Galaxy Tab 4» маркалы планшетім қолды болды. Қызыққан біреу жұмыс орнымда сөмкемнен ұрлап кеткен. Планшеттің ұрланғанына көзім жеткен соң дереу полиция шақыртып, арыздандым. Келген полиция қызметкері арызымды тіркеп, сол жерде адамдардан сұрастырып кеткен. Тоғыз айдың жүзі болды, әлі табылмай тұр. Анда-санда полиция бөліміне хабарласып, сұрастырып тұрамын. Ал, олар іздестіріліп жатқанын айтады. Көңілге күдік ұялататыны іздестіру ұзаққа созылып барады. Бірақ, табылады деген үміттемін. Гүлбағыт ІЗБАСАРОВА, аудандық емхананың медбибісі.

Іздестірудің әр түрлі жолы бар

Бүгінгі күні аудан көлемінде орын алып отырған мал ұрлығы, пәтер тонау және басқа да қылмыстардың қатарында ұялы телефон ұрлау да бар. Биылғы жылдың 11 айында ұялы телефон ұрлығы бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстарының ішінде сегіз пайызын құраса, өткен жылы бұл көрсеткіш он бес пайыз болды. Нақтырақ айтқанда, өткен жылы он ұялы телефон ұрланса, биылғы жылы төрт телефон қолды болып, екі жылдың ішінде ұрланған телефонға байланысты тоғыз қылмыс ашылды. Басқа қылмыстарға қарағанда қалта телефонын ұрлау оңай әрі тез арада сатып жіберуге қолайлы. Жәбірленушілер телефондарын көбінесе өздерінің бейқамдығынан ұрлатып алады. Кейбірі мінген көліктерінде түсіріп алса, енді бірі кез келген жерге қоя салады. Сондықтан, иесіз жатқан смартфонды көргендер оны оңай олжа көріп, қағып кетеді. Жәбірленушінің телефонын қалтасынан, сөмкесінен ұрлау, тартып алу ауылдық жерлерге қарағанда қалалық жерлерде кездесетін жайт. Қымбатына қарамай заман ағымынан қалмаймын дегендер қолдары жетпегендіктен смартфонды болу үшін ұрлыққа баратындары бар.

Жалпы, ұялы телефонды сатып алар кезде бейтаныс адамдардан емес, арнайы ұялы телефон сататын орталықтардан тіркетіп алған дұрыс. Себебі, арнайы орындардан алынған смартфондар сенімді болады. Сондай-ақ, адамдар қоғамдық орындарда, автокөліктерде, сауда орталықтарында жеке мүліктеріне мұқият болғаны жөн. Егер де ұялы телефонды ұрлатып алған жағдайда тез арада аудандық полиция бөліміне немесе учаскелік полиция инспекторына хабарласуы қажет. Жәбірленуші толық түсініктеме беріп арызын жазып, IMEI кодын, телефон маркасын, жеке басын куәландыратын құжатының көшірмесін қалдырады. Арыз тіркеліп, ішкі істер министрлігінің базасына енгізіледі де іздеу жұмыстары басталады. Іздеу жұмыстары күдікті анықталып, қылмыс ашылғанға дейін жүргізіледі. Ал, ұрланған немесе жоғалған смартфондарды жедел іздестіру кезінде күдікті адам жайлы анық ақпарат болса ізін суытпай табуға болады.

Ұрланған немесе жоғалған телефонды іздестірудің бірқатар жолдары бар. Оның ішінде ең жиі қолданылатыны IMEI код арқылы іздестіру. Ал, телефонның IMEI коды 15 саннан тұрады. Ол телефон қорапшасының сыртында жазылған. Сондықтан телефон алғанда қорапшаны лақтырып тастамай, сақтап қойған жөн. Айта кетсек, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап абоненттік құрылғыларды міндетті тіркеу ережесі күшіне енеді. Тіркелмеген абоненттерге байланыс қызметі көрсетілмейді. Сондықтан, биылғы жылдың соңына дейін азаматтардың өз телефондарын тіркетуі қажет.

Асхат АРЫСТАНОВ,

аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі.

Арнайы бағдарлама арқылы табылды

Осыдан үш жыл бұрын телефонымды абайсызда жоғалтып алдым. Қалаға балаларымды қыдыртуға шықтым, кейін нағашымның үйіне қонаққа бардық. Жолшыбай көлік тоқтатып, діттеген жерімізден түсіп қалдық. Енді телефонымды іздесем таппадым. Аласұрып телефонымды іздеп әбігерге түстім. Қайда жоғалттым, белгісіз. Телефон жоғалтқанымды білген нағашым маркасын сұрады. Жоғалтқаным «Айфон-5с» маркалы телефон болатын. Мұндай телефондарды арнайы бағдарлама арқылы табуға болатынын айтқан нағашым, телефонымды, оның қай жерде тұрғанын бір сағаттың ішінде тауып берді. Жылдамдатып сол жерге барып телефон соқсам, телефоным жолшыбай мінген автокөліктің ішінен шырылдайды. Баламен жүрген соң асығыстық болатыны белгілі. Солай жүргенімде телефон мінген көлігімде түсіп қалған ғой. Қаланың қақ ортасынан мінген такси жүргізушісін танымаймын да, көлігінің нөмерін де білмеймін. Таксист те бұдан бейхабар екен. Телефонның машинада қалғанын білмейді. Жүргізушіні тауып: «Жаңа сіздің көлігіңізге мінген болатынбыз. Көлікте телефоным қалып қойыпты», – деп айтсам ол: «Бұл қалай? Мені қалай тауып алдыңдар» деп таңданды. Көлігін ашып, телефонымды алып берді. Ал, мен жоғалған телефонымның табылғанына қуанып кеттім.

Сондай-ақ, өткен жылы жолдасым да телефонын жоғалтып алды. Болған жерлерін бәрін қарап, сұрастырғанмен табылмады. Амал жоқ, аудандық ішкі істер бөліміне мән-жайды түсіндіріп, арыз жаздық. Олар телефонның ІМЕІ коды мен басқа да құжаттарды алып қалды. Үш айдан кейін телефон Құлсары қаласынан табылды.

Мира ОРЫНБАСАР.

Миялы ауылы

Полициядан үміт көп

Шындығында, ұялы телефон адамдардың, әсіресе жастардың «Жақыннан да жақын» серігіне айналды. Оны күнделікті өмірден де көріп жүрміз. Ал, оны жоғалтып немесе ұрлатып алсақ жанымызды қоярға жер таппаймыз. Себебі, онда телефон нөмірлерінен бөлек отбасыңмен, сыныптастарыңмен, достарыңмен түскен суреттер, бейнебаяндар және басқа да қажетті деректер бар. Студенттік кезде, нақтырақ айтқанда екі жыл бұрын Алматы қаласында мен де қалта телефонымды ұрлатып алдым. Кітапханадан келе жатып, қоғамдық көлікке мінгенмін. Жатақханаға келген соң сөмкемде телефоным жоқ болып шықты. Басқа телефонмен қоңырау шалсам, өшіріп тастапты. Қапелімде не істерімді білмей қалдым. Сонда жанымдағы бір құрбым: «Әпкем де қаладан телефонын ұрлатқан. Полиция тауып берді. Ізін суытпай полицияға хабарлайық», – деген ұсынысын айтты. Дереу құрбыларыммен бірге учаскелік полиция бөлімшесіне барып, арызымды жаздым. Қосымша телефон нөмерін, ІМЕІ кодын, басқа да деректерді қалдырдым. Біраз күндерден кейін телефонымның табылғаны жайлы хабар келді. Ұрлаған адам базардағы телефон сататындарға арзан бағаға сатып кетіпті. Із кесушілерге алғысымды айтып, телефонымды алдым. Жалпы, ұялы телефон ұрлатқандар болса, алдымен полицияға хабар бергендеріңіз дұрыс.

Назерке ЖАҢБЫРБАЙ.

Миялы ауылы

Жан-жақты тексеріп аламыз

«Дина» базарында бұзылған ұялы телефонды жөндеп, жаңа телефондарды сату кәсібімен айналысқаныма біраз уақыт болды. Бұрындары бізге телефондарды жиі әкеліп, өткізетін. Олардың ішінде ұрланған телефондар да кездеседі. Бағасы арзан болғасын пендешілікпен алып қалып, үстеме баға қосып кейін сатамыз. Кейде артынан сұрау болатын болған соң телефон өткізушінің түр-түсін есте сақтаймыз. Бүгінгі күні телефондарға арнайы бағдарламалар орнатылуына орай, ұрланған телефондарды табу оңай. Сондықтан, телефон тапсырушылардан оның ұрлықпен келген, келмегендігін сұраймыз. Әрине, олар ұрлық еместігін, ақшадан қысылып тұрғандығын, басқа да сылтаулар айтады. Ал, біздер, яғни телефонмен сауда жасайтындар олардың жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін сұраймыз. Түрлі сылтаулар айтып бермесе, суретке түсіріп аламыз. Егер олардың өткізгені ұрлық телефон болып, құқық қорғау органдарының қызметкерлері келіп жатса суретін береміз.

Ғалым ӘНУАР.

Атырау қаласы

Ұры медиация көмегімен татуласты

Қызылқоға аудандық сотында Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 188-бабының 1-бөлігімен Ж.Е-ге қатысты қылмыстық іс қаралды. Тергеу барысында анықталғандай азаматша Ж.Е. Миялы ауылындағы орта мектептің бірінде сынып оқушыларына арналған киім ауыстыратын бөлменің терезе алдында тұрған «Samsung GALAXYS4» маркалы ұялы телефонын көріп қалып, оған қызығушылық танытады. Сөйтіп, ол бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру мақсатында, бөлмеде бөгде адам жоғын пайдаланып, сол мектептің мұғалімі Ж.И-дың ұялы телефонын ұрлап алып, оқиға болған жерден кетіп қалады. Нәтижесінде, жәбірленушіге жалпы құны 100 000 теңге көлемінде материалдық шығын келтірген. Басты сот талқылауында кінәсін мойындаған сотталушы жәбірленушіден кешірім сұрап, медиация тәртібімен татуласқандарын айтып, қылмыстық істі тоқтатуды сұрады. Жәбірленуші де келтірілген залалдың орны толтырылғандықтан, қоятын талабының жоқтығын, сотталушымен медиация тәртібі бойынша татуласқанын жеткізді. Сөйтіп, сот қаулысымен азаматша Ж.Е Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық әрекеті бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылып, қылмыстық іс тоқтатылды.

Қызылқоға аудандық соттың баспасөз қызметі.

Қолды қылған құрбысы екен

Ұялы телефонның аудан өміріне енгелі де он бес жылға жуық уақыт болды. Технология дамыған сайын, жаңартылып, қызықтыра түсетін смартфондардың бағасы да қымбаттайды. Жаңартылған телефонға әсіресе, жастар құмар-ақ. Қайда жүрсе де қолдарынан тастамайды. Жоғары оқу орнында оқитын студент қызым да көп функционалды телефонның бірін алып, пайдаланатын. Жазғы каникулда ауылда «Жасыл ел» жасағына кіріп, бірер ай жұмыс жасады. Бір күні жұмыс жасап жүргенде қалта телефоны қолды болды. Қасында өзі секілді студент жастар. Кімнен көрерімізді білмедік. Сұрастырып көріп едік, ешкім алмаған болып шықты. Содан учаскелік полиция инспекторына арыздануға тура келді. Біраз уақыттан кейін телефон табылды. Сөйтсек, жасақта жұмыс жасап жүрген бір құрбысы қызығушылықпен алыпты. Кешірім сұрап, әкеліп берді.

Гүлфайруз ЖҰБАТЫРОВА.

Көздіғара ауылдық округі

Ұрылардың табылатын түрі жоқ

Мен осы күнге дейін төрт қалта телефоны жоғалттым. Оның екеуін ауылда жүргенде жоғалтып алсам, екеуін қаладан ұрлаттым. Дәлірек айтқанда бір телефонды осыдан екі-үш жыл бұрын Жаңа жыл мерекесінде қалтамнан ұрлап кетсе, түнгі мезгілде қонақтықтан келе жатқанда бұзақылар екінші телефонды тартып әкетті. Алғашқы екі телефонның жоғалуына өзім кінәлі болғандықтан полицияға хабарламай, өз бетіммен іздестіргенмін. Бірақ, еш нәтиже бермеді. Нөмірге телефон соқсам айырылып тұр. Соған қарағанда біреу тауып алған. Ал, ұрлатқан және тартып алған телефондар туралы қалалық ішкі істер бөліміне арызданғанмын. Әзірге ұрылардың табылатын түрі көрінбейді. Хабарлассам іздестіріліп жатқанын айтады. Сонда ұрылар телефонды табылмайтындай қылып сатудың әдісіне көшкен бе? Әлде полицияның іздестіруі нашар ма? Түсініксіз. Әйтеуір, іздестіріліп жатқасын бір күні табылар деген үміттемін.

Нұрболған ЖАНЖІГІТ.

Түйін. Жалпы, телефон ұрлығы көп білінбейтін, ұсақ ұрлық есебінде көрінгенмен оның зардабы салмақтырақ. Қылмыстың үлкен-кішісі болмайтындықтан телефон ұрлағандар да жазаға тартылады. Сондықтан, «Ұрлық түбі қорлық» екенін ескеріп, ала жіпті аттамауға тырысайық.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT