Қашанда, Ұлы Отан соғысы кезінде елі үшін кеудесін оққа төсеп, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарған ерлеріміздің есімі мәңгі санамыздан өшпейді.
Өйткені, олар жаумен жағаласып жүріп, артында қалған біздерге бейбіт өмір сыйлады. Тіпті, көпшілігі неміс фашистерінен елді қорғаймын деп жүріп құрбан болған еді. Солардың бірі – Дүйсен Есенғалиев. Ол 1924 жылы қазіргі Қызылқоға ауылдық округінде дүниеге келген. Кәмелеттік жасқа толғаннан кейін сол кездегі Доссор аудандық әскери комиссариат арқылы Отан қорғауға аттанады. Азаматтық борышын өтеп жүріп, соғысқа алынған кейіпкеріміз 81 гвардиялық атқыштар дивизиясының 238 гвардиялық атқыштар полкінде елін жаудан қорғауда ерлік көрсетіп, 1943 жылдың алтыншы тамызында Курск шайқасында болған кезекті бір шабуылда оққа ұшады. Курск облысының Шебекин ауданы, Ольшанец ауылында қаза тапқан Дүйсен сол жерге жерленіп, кейіннен аталмыш шайқаста қаза болған 2454 сарбазбен бірге әлгінде айтқан Шебекин ауданы, Маслова Присталь ауылындағы арнайы қорымға қайтадан жерленеді.
Бір айта кетерлігі – Дүйсен Есенғалиев 1938 жылы қазіргі Қызылқоға ауылдық округінде дүниеге келіп, Абай атындағы савхоздың мәдениет үйі мен «Арман» мәдениет үйінде директор, аудандық мәдениет бөлімінің аға инспекторы, «Гурьев» қаракөл қой зауытында автокөлік меңгерушісі қызметтерін атқарған, қасиетті домбыраның қос ішегінен күй төгілткен Қ.Қонаршиев, Ә.Жәлекеев, Н.Көмеков сынды атақты домбырашылардан тәлім алған Қазақ КСР-ына еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, күйші, сазгер Сисенбек Есенғалиұлының туған ағасы. Реті келгенде айта кеткен артық болмас, 1958 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысқан, 1959 жылдан бастап аудандық көркемөнерпаздар үйірмесінің жетекшісі болған, бірне-ше рет облыстық, республикалық байқаулардың лауреаты мен жеңім-пазы атанған, бүгінде көпшілік сүйсіне шырқайтын «Тайсойған малшыларының әні», «Майдандас достар» әндерімен танымал күйші, сазгер Сисенбек Есенғалиұлына Мұқыр ауылынан салынып жатқан мәдениет үйінің атын берсе қандай жарасымды?! Бұл өресі биік өнерімен халыққа танымал болып, мәдениет саласының мың батпан жұмысын мойнымен көтеріп, аудан, облыс, республика мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосқан, халыққа рухани азық сыйлап, қажырлы қайратымен еселі еңбек еткен мәдениет қайраткеріне көрсетілген құрмет, жас ұрпақ алдында жасалған ұлағатты іс болатыны сөзсіз.
– Дүйсен әкемнің туған ағасы. Ұлы Отан соғысы кезінде елін жаудан қорғаймын деп қаза тапты. Әрине, бізге бейбіт өмір сыйлауға зор үлес қосқан азаматтардың барлығы да қастерлі. Олардың ерліктеріне әрдайым тағзым етіп, жас ұрпақ алдында қолдан келгенше құрмет көрсету кім-кімге де парыз. Сондықтан, ғаламтор беттерінен Дүйсен көкемнің нақты қай жерде жерленгенін тауып алып, сәті түсіп Курск облысының Шебекин ауданы, Маслова Присталь ауылындағы арнайы қорымға барып, көкеміздің рухына құран бағыштап, туған ауылынан алып келген топырақты басына салдық. Бізді сол қорымды күтуші азаматтар күтіп алып, бәрін тәптіштеп түсіндіріп, Ұлы Отан соғысы кезінде қайтыс болғандарға арнап арнайы ескерткіш орнатыпты. Екі мыңның үстінде адам жерленген бейіттің үстіне қайтыс болғандардың есімі қашап жазылыпты. «Мұның барлығы әскери комиссариаттан алынған мәліметтер. Басқа ешқандай дерек жоқ», –дейді таныстырушылар. Сол тізімдердің ішінде «рядовой Есенгалиев» деген жазу көзіме оттай басылды. Артына ұрпақ қалдырып үлгермеген, Отанын қорғау үшін жанын пида еткен әкелерімізге Алла жұмақтың төрін сыйлағай деп тілек тіледім іштей. Сол жерде жерленген Дүйсен көкеміздің топырағынан топырақ алып, өзінің туған Қарабау ауылындағы қорымға әкеліп көміп, басын қарайтып, құлпытасын орнаттық. Біздің қолымыздан келгені сол болды. Қайран қара нардай ерлерім-ай! Сіздер қасық қандарың қалғанша күресіп, ел үшін, жер үшін, артта қалған ата-ана, аяулы жар, ұл-қыздарыңның амандығы үшін жандарыңызды пида етпесеңіздер біз осынау бейбіт күнде шалқып-тасып жүрер ме едік? Топырақтарың торқа, имандарың жолдас болғай Отаным деп оққа ұшқан есіл ерлер, – дейді «Сисенбек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Абай Есенғалиев. Сайып келгенде, ерлік ешқашан өшпейді. Ол жылдар өткен сайын ұрпақтар жадында мәңгі жаңғырып тұрады. Ендеше, Дүйсен Есенғалиұлының да майдан даласында жанын пида еткен ерлігі ешқашан ұмытылмайды.
Бауыржан АМАНҰЛЫ