Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ОҚУШЫЛАРҒА АРНАЛҒАН ЖӘРМЕҢКЕ

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалғанда ата-аналар жаңа оқу жылының қамына кірісіп, балаларын мектепке дайындай бастайды. Осы уақытты тиімді пайдаланып қалғысы келетін саудагерлер де нарықтағы бағаны көтеріп, қалтаны қағатыны тағы бар. Әсіресе, көпбалалы отбасылар үшін баланы мектепке дайындау едәуір қаражатты талап ететіні анық. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан бірқатар жеңілдік қарастырылды. Биыл да әртүрлі санаттағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға әр бала үшін 41 мың теңгеден қаржылай көмек үлестірілді. Бұған қоса, «Мектепке жол – 2024» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылып, біраз жеке кәсіпкер өз тауарларын ұсынды. Осы орайда біз оқушыға қажетті құралдардың бағасы мен сапасын бақылап қайттық.

Ата-аналардың алысқа бармай-ақ, балаға қажетті мектеп құралдарын бір жерден алуын ұйымдастыру, халыққа қажетті заттарды төмен бағамен ұсыну мақсатында ұйымдастырған жәрмеңкеде жеке кәсіпкерлер Ж. Сатаева, А. Шамұратова, Г. Мұғалимова, Г. Серікбаева, О.Нұрадинов және «Арзан» отбасылық киімдер сауда орталықтары белсене атсалысып, жаңа оқу жылының қарсаңында қаламсап пен дәптерден бастап, мектеп формасы, аяқ киім мен сөмкеге дейін барлық мектеп құралын тұрғындарға ұсынды. Сөреге қойылған тауарлар бағасы нарықтағыдан төмендетіліп сатылды.

«Жастар» саябағында жайғасқан жәрмеңкеде аяқ киім, сөмкелер, ақ жейде мен шұлықтар, түрлі мектеп формаларына таңдау мол. Сапасы бағалы түрік тауарларынан кем түспейді. Айталық аяқ киімдердің бағасы 4000 теңгеден басталып, сапасына қарай әр түрлі бағада сатылды. Жәрмеңкеге келген аудан әкімінің орынбасары Ерболат Иғали мен аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Зинеш Сарбуфеева сапаны бақылауға алып, қатысып жатқан кәсіпкерлерге рахметін айтты.

Бүгінде өңірімізде мектеп формасының орташа бағасы ер балалар үшін – 20-22 мың теңгені, ал қыз балалар үшін 15-20 мың теңгені құрайды. Дүкен және базар бағаларымен салыстырмалы түрде есептесек, бір баланы жаңа оқу жылына дайындау үшін орта есеппен шамамен 60-70 000 теңге аралығында қаржы қажет екен.

  • Тауарлардың бағасы қала дүкендері мен базарларындағы бағадан әжептәуір арзан әрі сапалы екен. Балама сөмке, дәптер, мектеп формасы секілді біраз зат алдым. Бұйырса алдағы жылдарда да мұндай жәрмеңке ұйымдастырылса, қарапайым халықтың қалтасына аз да болса, көмек болар еді. Өзімнің үш балам сабаққа барады. Биыл балалардың мектеп формасы мен дәптерден бастап, барлық керек-жарағы қатты қымбаттап кетті. Дегенмен балаларымды биылғы оқу жылына дайындап үлгердік, – дейді Миялы ауылының тұрғыны Алма Шаккиева.

Ата-аналардың айтуынша, бірінші сыныпқа баратындарды жарақтандыру әлдеқайда қымбат. Орта есеппен 60-80 мың теңге. Оның бағасы сапа мен брендке байланысты. Тәжірибелі ата-аналар көбінесе сауданы мамыр айында жасайды. Ол кезде оқу маусымы аяқталып жатқандықтан, біршама арзан болатын көрінеді.

            Ал, аудандық білім бөлімінің бас маманы Бақтыгүл Нұғманованың айтуынша, «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында әлеуметтік желілерге үндеулер мен «Қайнармұнайгаз», «Ембімұнайгаз», «Сагыз Петролеум Компани», «Шанхай Контракшн Груп Ко ЛТД» компанияларының филиалдарына, мекеме және ауылдық округ әкімдеріне хат жолданған. Бүгінде «Мектепке жол» акциясы аясында міндетті оқу қоры есебінен 1371 балаға, оның ішінде 188 – атаулы әлеуметтік көмек, 1042 – күнкөріс деңгейі төмен, 6 – жетім және ата-ансының қамқорлығынсыз қалған, 7- төтенше жағдайға байланысты және 128 – басқа санаттағы балаларға көмек көрсетілді. Сондай-ақ, әлеуметтік жағдайы төмен отбасының әр баласына комиссия шешімімен 43 407 теңгеден мектеп құралдары мен мектеп формаларын алу үшін қаржы берілді.

            Ал, «Байұлы Шеркеш ата» қоғамдық қоры 15 балаға, «Жаныңдамын» қоғамдық қоры 90 балаға және жеке тұлғалар мен кәсіпкерлерден, мекемелерден 163 балаға мектеп құралдары, сумка алынып берілді. Бұдан бөлек, барлық білім беру ұйымында әлеуметтік қолдауды қажет ететін оқушыларға арналған гуманитарлық көмек пункттері жұмыс жасауда. Пункттерге келіп түскен көмектер қолдауды қажет ететін 10 отбасының 42 баласына берілді. Аталмыш акция аясында әлеуметтік осал топ отбасыларына қолдау көрсету жұмыстары әлі де жалғасуда.

            Акция аясында халқымыздың салт-дәстүрін қастерлеу, үлкенге құрмет, кішіге – ізет көрсету, жас ұрпақ бойына рухани адамгершілік дәндерін себуге бағытталған шаралар жүргізілуде. Жаңа оқу жылының қарсаңындағы игі бастама елімізде дарынды, білімді, алғыр, дені сау ұрпақ өсуіне ұйытқы болмақ. Ендеше, «Бір бала қуанса, мың періште шаттанады» демекші, балалардың тәлімді тәрбие мен сапалы білім алуына, оларды қуантуға асығайық, ағайын!

Әйгерім БИБОЗҚЫЗЫ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT