Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ойыл бойындағы заңсыз бөгеттер салдарынан Қызылқоғада су тапшы: Ақтөбе әкімдігі тосқауылдарды алуға асығар емес

Ойылға құятын шағын өзендер мен бұлақтарды және жылғаларды 50-дің үстінде бөгеттің бөгеп, төменгі жақтағы халыққа судың жетпей жатқандығы үлкен мәселеге айналды.

Ойылдың жанашырлары өзеннің мәселесін тұрақты көтеріп, көрші облыстың жауапты орындарынан бөгеттерді бұзу жөнінде көмек сұраған. Алайда, одан қайыр болмайтынға ұқсайды. Көршілес өңірдің лауазымды тұлғалары біріне бірі сілтеп, мәселені «ұзын арқан, кең тұсауға» салып келеді.

Бұған дейін де осы мәселеге айрықша көңіл аударылып, өзеннің тасымау себебін анықтау және зерделеу мақсатында біраз шаруалар қолға алынған еді. Табиғат жанашырлары Ақтөбе облысының Ойыл, Темір, Мұғалжар, Қобда аудандарында болып, судың Қызылқоға ауданы аумағына келмеуіне иесіз бөгеттер мен заңсыз тосқауылдар кедергі келтіріп отырғанын анықтаған. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Досбол Бекмағанбетов бастаған комиссия мүшелері Ойыл өзеніне қатысты проблемаларды жақсы біледі.

Мәселені талқыға салған топ осы заңсыз бөгеттерді бұзу жөнінде Ақтөбе облысы әкімдігіне ұсыныс та жолдаған. Дегенмен, бұл ұмтылыстары нәтижесіз аяқталатын секілді. Қызылқоға аудандық мәслихаты депутаттарының айтуынша, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов Қызылқоға ауданының тұрғыны Есенбай Нұровтың сауалына берген жауабында негізгі 10 бөгеттің (Шытбұлақ-1, Шытбұлақ-2, Шұбараласай, Жарлы, Шығырлы, Ащықұмды, Қарағанды, т.б.) ауыл шаруашылығы мақсатында заңдастырылып, коммуналдық меншікке алынатыны туралы баяндаған.

Сондықтан да, осы мәселе жөнінде Қызылқоға аудандық мәслихатының депутаттары Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинге депутаттық сауал жолдап, бөгеттерді алып тастау жөнінде хат жазған болатын.

– Жыл сайын өр суы келмеген соң өзен арнасы әбден кеуіп, құм басып барады. Бұл – мал шаруашылығымен шұғылданатын Қызылқоға ауданының тұрғындары үшін экологиялық күрделі проблемаға айналып отыр.

Мәселеге ерекше назар аударылмаса аталған ауданның халқын көшіру проблемасы туындап, бірер жылда Ақтөбе облысындағы Ойыл, Темір, Мұғалжар, Қобда аудандарында да осындай жағдай қалыптасуы мүмкін, – дейді халық қалаулылары. Олардың пікірінше, осындай күрделі экологиялық проблема облыстың аумағындағы Жем, Сағыз өзендерінде де туындауы ықтимал.

– Егер бөгеттер бұзылмаса, Ойыл өзенінің және салаларының арнасындағы қамыс қоға, құба талдар тазартылмаса Қызылқоға ауданында ауыз су тапшылығы орын алады.

Ішерге су, малға суат таба алмағандықтан елдің тұрмыс жағдайы ауырлайтыны белгілі болып отыр. Сондықтан, Ойыл өзенінің Қызылқоға ауданы тұсындағы фаунасы мен флорасына орасан зор нұқсан келуде, – дейді Ойыл жанашыры, Миялы ауылының тұрғыны Есенбай Нұров.

Ойыл жанашырлары уатсап, телеграм, фейсбук секілді әлеуметтік желілерде белсенділік танытып, үнемі пікірлерін білдіріп отырады. Олар арнасы үзіліп, кеуіп қалуы жақын өзеннің қазіргі жағдайына алаңдаулы. Осы мақсатта бірлесе жұмыс атқаруға ынталы. «Су – тіршілік көзі», тірлігіміз оңалсын десек, Ойыл өзенінің мәселесін күн тәртібінен түсірмей, оның тез арада шешімін табуына ел де мүдделі.

 

Алмас ҚАБДОЛОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521