Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Халық санағына белсене атсалысалық

Көпшілік білетіндей, халық санағы белгілі бір уақыт шеңберінде бүкіл Қазақстан Республикасы халқының немесе оның бір бөлігінің демографиялық, экономикалық, әлеуметтік сипаттағы ақпаратын жинау, өңдеу, жариялау, тарату мақсатындағы жалпы мемлекеттік статистикалық шаралар болып табылады.

Бұл өз кезегінде еліміздің алға қарай дамуы үшін қажет. Санақ нәтижесі еліміз үшін бұдан кейінгі есептерге, алдағы жылдарға жоспар, болжам жасау үшін аса маңызды. Еліміз Тәуелсіздік алғалы қолға алынған үшінші Ұлттық халық санағы бастапқыда 2020 жылға жоспарланған болатын. Алайда пандемияға байланысты ол бір жылға, яғни 2021 жылдың күзіне шегерілді. Республикалық стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәлімдеуінше, биылғы халық санағы шартты екі кезеңнен тұрады.

Бірінші кезең 1 мен 30 маусым аралығында тұрғын үйлер және онда тұратындардың санын нақтылау мақсатында өткізілді. Бұл санақты аудандастыру болып табылады. Яғни, мұнда берілген өңірдегі әрбір, елді мекеннің аумағын санақтың екінші кезеңін өткізу үшін нұсқаушылық және есептік учаскелерге бөлу жұмыстар жүргізілді. Екінші кезеңде жалпыұлттық санақ басталады. Ол 1 қыркүйектен 30 қазанға дейін созылады. Биылғы халық санағы екі әдіспен жүргізіледі: онлайн-санақ және бұрынғыша дәстүрлі үй-үйді аралау. Нақтырақ айтқанда, 1 қыркүйек және 15 қазан аралығында қазақстандықтар sanaq.gov.kz сайты арқылы онлайн санақтан өте алады.

Бұл үшін әрбір адам сайтқа жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН), ұялы телефон нөмірін, құпия сөзді енгізу арқылы тіркеледі. Ұялы телефон нөмірін енгізгеннен кейін, сол нөмірге растау коды, сондай-ақ, санақтан өткеннен кейін, оның санақтан өткендігі туралы SMS келеді. Үйге санақ жүргізетін интервьюерлер келген жағдайда, респонденттер осы хабарламаны көрсетіп, санақтан өткенін растай алады. Осылайша интернет арқылы тіркелген адамдар екінші рет сауалнамадан өткізілмейді. Ал, интервьюерлер 1-30 қазан аралығында үй-үйді аралағанда, тұрғындардың мәліметтері планшеттерге енгізіледі.

Бүгінде онлайн және планшет арқылы сауалнама жүргізу үшін санақ парақтары әзірленген. Онда әр азамат үшін баспана жағдайы, этномәдени, білім және сауаттылық, көші-қон, неке жағдайы, жұмыспен қамтылуымен қатар, күнкөріс көзі және тыныс тіршілігін шектелуі туралы жаңа сұрақтар енгізілген. Сөйтіп, 2021 жылдың желтоқсанында халықтың жалпы саны бойынша жедел деректер дайындалып, алдын-ала қортындылар 2022 жылы жарияланады. Ал, 2023 жылы Жалпыұлттық халық санағының түпкілікті қортындысы шығарылады. Жалпыұлттық халық санағы тұтастай елімізбен қатар, әрбір өңір, әрбір қазақстандық үшін аса мәнге ие. Сондықтан, барша қызылқоғалықтарды осынау маңызды мемлекеттік шараға саналы түрде жауапкершілікпен қарап, белсене атсалысуға шақырамыз.

 

Азамат ЖАҚСИЕВ Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT