Бүгін орталық алаңда Ұлыстың ұлы күніне арналған "Әз Наурыз мейірім шуағы" атты мерекелік шара өтті.
"Ойыл аруы" бишілер тобының мың бұралған биімен ашылған шарада аудан әкімі Қанат Әзмұханов сөз сөйлеп, аудан тұрғындарына мерекелік лебізін білдірді.
Одан соң, ұлттық дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз туралы баяндайтын театрландырылған көрініс көрсетілді. Шашу шашқан ақ жаулықты әжелер, жұртшылыққа бауырсақ пен көже үлестірген қыз-келіншектер, ұлттық үрдісте мың бұрала билеген бишілер, көптен сағына күткен Көктем аруының ортаға енуі, Қыдыр атаның бата беруі және басқа да көріністер шараның сән-салтанатын асырды. "Арман" мәдениет үйінің өнерпаздарының өнерлеріне көпшілік тәнті болды.
Сонымен қатар, ұлттық ойындар ұйымдастырылып, жастар алтыбақан тепті. Думанға толы тойды тамашалаушыларға аудандағы мекемелер бірігіп құрған киіз үйлерде жайылған, ұлттық тағамдарға толы дастарханнан дәм татып, бір-біріне ақ тілегін білдіріп, ақсақалдар баталарын берді.
Кәмшат ӘБІШ