Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімі Қанат Әзмұхановтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті.
Онда алдымен аудандық ветеринариялық стансаның өткен жылы атқарған жұмыстары мен биылғы жоспары туралы аудандық ветеринариялық стансаның директоры Жәнібек Кенжиннің хабарламасы тыңдалды. Хабарламашының түсіндіруінше, «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидаларын бірдейлендіру туралы» ережесіне сәйкес төрт түлік малдың бәрі төл болып тіркеледі. Ал жасымен тіркеу үшін мал иесі аудандық ветеринария стансасына өтініш беруі тиіс. Ал малды тіркеу де есептен шығару да мал иесінің өтініші арқылы жүзеге асады. Өтініште тіркелмеу себептерін көрсетіп, малын жасына сәйкес тіркеп беруін жазады. Одан әрі өтініш аудандық аймақтық инспекцияға жолданып, мал иесіне айыппұл салынып, ары қарай комиссия құрылып, малдың жасы анықталады. Бұдан әрі өтініш төленген айыппұлдың түбіртегімен бірге ауыл шаруашылығы дерекқорын бірдейлендіру орталығына жіберіледі. Белгілі уақыттан соң орталықтан адам келіп, базаны ашып малды тіркеп береді. Сондықтан әрбір мал иесі мал төлдеген бойда аудандық ветеринариялық стансаға келіп, өтініш беріп тіркетіп, сатқан, сойған немесе біреуге берген жағдайда есептен шығаруы қажет. Бұл өз кезегінде шаруагерлердің субсидия алуына немесе қалаға апарып сатқанда тиімді екенін білуі қажет. Сондай-ақ, тұрғындар көтеріп жүрген тағы бір мәселе - қалаға мал апарғанда «Форма-1» анықтамасын алу. Анықтама тек бес жұмыс күні ішінде беріледі. База орталықтандырылғандықтан сенбі, жексенбі және мереке күндері аталмыш анықтама берілмейді. Мал иелері кейде мал апаратын көліктің ауысып кетуі мүмкіндігін ескеріп, анықтаманы мал апаратын уақытта келіп сұрайды. Ол көбінесе мекеменің демалыс күндеріне тап келеді. Бұл ретте, тұрғындар ескеретін жайт - анықтамаға қалаға апаратын төрт түлік малдың сырғасындағы нөмір мен көлік нөмірі, жүретін бағыты жазылады. Егер Миялыдан Атырау қаласына баратын болса анықтамаға «Миялы-Сағыз-Доссор-Атырау» немесе «Миялы-Индер-Атырау» деп жазылады. Анықтамада жүретін бағыт қалай көрсетілсе, сол бағытпен жүруі тиіс.
Сондай-ақ, апаратын көлігі аяқ астынан бұзылып немесе басқа да себептермен бармайтын болса, онда анықтамаға басқа баратын көліктің нөмірі жазылып, мөр соғылады. Бұл жұмыс демалыс күндері де атқарылады. Сондықтан, мал иелері анықтаманы бір апта, он күн бұрын алып қоюларына болады.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ