Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

БАҚТАШЫ БОЛСА, МАЛ ҰРЛЫҒЫ АЗАЯДЫ

Аудан әкімдігінде өткен аппарат жиынында мал бақтыру туралы өз пікірін білдірген аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Айжан Ізімованың айтуынша, біраз жылдан бері әр елді мекенде мал бағу, соның ішінде сауын сиырларды бағу, яғни мал бағатын бақташы шығару әлі өзекті күйінде тұр.  Ал, бойдақ малдар көктем шыға қырда бағылып, қар түскенде келеді. Бұл ретте малды кез келген адам баға алмайды. Сондықтан  малға икемі бар, мүмкін болса мінетін аты бар адам табу қажет. Ондай адам әр ауылда бар. Алайда, олар жеке кәсіпкерлік ашуға, ай сайын тапсыратын есеп-қисабынан қашады.

Бұл ретте, оларды қолдап кәсіпкерлікті ашуға, үйреніп кеткенше есебін тапсыруға көмектесу керек. Егер бақташы шықпаса мал ауыл ішіне кіріп, көшелерді бүлдіріп, абаттандыру, көгалдандыру жұмысына кедергі келтіреді. Сондай-ақ, қараусыз мал оңай олжа іздегендерге таптырмас мүмкіндік. Сондықтан, ауыл тұрғындары ақ адал малдарын ұры-қарыдан, басқа да көлденең оқиғалардан сақтау үшін малды бақташыға бақтыруы тиіс. 
Сонымен қатар, әр ауылдан мал қамау, бөлу орындары (раскол) салынды. Қазір сол орындардың барлығы дерлік қараусыз қалғандықтан бүлініп жатыр. Ендеше, соларды кәсіпкелерге берген жөн. Кәсіпкер үшін бұл да табыстың көзі. Тағы бір айта кетер жайт, Миялы ауылы тұрғындары Сағыз бағытына, сосын «Бәйсеу» ықшам ауылының шетіне екі мал қамау, бөлу орындарын салуды сұрайды. Егер салынса, бұл жерге бағылатын бойдақ малды жинауға, бір жерден сырғаланбаған малдарды сырғалауға, қан алуға, егуге, табро басуға мүмкіндік бар. Қалаға апаратын малды осы жерге қамап, ұстауға болады.
Бұл пікірді мақұлдаған аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Ертас Бисенғалиев:

– Көтерілген мәселе де айтылған пікір де өте орынды. Облыстық полиция департаментінің де алға қойған мақсатының бірі – округ әкімдері мен учаскелік полиция инспекторлары бірігіп бақташы шығару. Бақташы болса, біріншіден мал ұрлығы тоқтайды, екіншіден малға қатысты жол-көлік оқиғасы азаяды. Яғни, адам өміріне қауіп төнбейді, - деді.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT