Ұлтымыздың ұлық мерекесі Ойыл ауылдық округінде де кең көлемде аталып өтті. Халыққа мерекелік көңіл-күйді сезіндіру үшін «Шалқыма» мәдениет үйі алаңына наурыз нақышы саналатын киіз үй тігіліп, алтыбақан құрылды.
Мерекені округ әкімі Мағжан Жексенов құттықтау тілекпен ашса, артынша Келдібай ақсақал Наурыз бата берді. Бұл ауылдағы Наурыз тойдың бір ерекшілігі – алаңға қазан-ошақ әкелініп, сол жерде мекеме қызметкерлері ыстық бауырсақ пен наурыз көже пісіріп, халыққа таратты.
Сол сияқты шара барысында жаршылар мерекенің келгенін білдіріп жар салса, «Әжелер» ансамбілі тамылжыта ән шырқады. Басқа да ауыл өнерпаздары өз өнерлерін паш етіп, халыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады. Әрине, кез келген тойдың ең басты қызығы – ұлттық спорт ойындары . Бұл орайда, ойылдықтар да ұлық мерекеде қазақ күресінен сынға түсіп, асық атып, ләңгі теуіп өзара кім мықтыны анықтады. Қол күресінен Талғат Төлегеновке тең келер ешкім болмаса, ләңгі тебуден Шынболат Ығылманов үздік шықты. Түйе балуан сайысында Дарын Болатбек қарсылас шақ келтірмеді. Әйелдер арасындағы бес асықта Гүлшат Балмолдаеваның мерейі үстем болды. Жасөспірімдер арасындағы қазақ күресі жарысы да тартысты өтіп, өз салмақтарында Есенжан Нұрболұлы мен Өтепберген Тимурұлы жеңімпаз атанды.
АҚҚОРАЛЫҚТАР ДА АТАП ӨТТІ
«Нұр себеле, Ұлыстың Ұлы күні» тақырыбында Аққора елді мекенінде де Наурыз тойы аталып өтті. Онда елді мекен тұрғындары Г.Бекбергенова, Т.Теміршиев, Қ.Досқалиев, Қ.Салихова, Т.Дайрабаевлар «Ақ босаға», «Дедімай-ау», «Әкені аңсау» әндерін әуелете шырқаса, Ш.Тұрарқызы «Қара жорға» биімен көпшілікті тәнті етті.
Ал, кітапхана оқырмандары Ф.Александр мен А.Төлеген наурыз туралы өлеңдерін оқыды. Бұдан бөлек, түрлі ұлттық спорт ойындары да өтіп, оған ауыл халқы белсене қатысты. Сөйтіп, қаһарлы қыстан көгілдір көктемге аман шыққан тұрғындар мерекеде көңіл көтеріп, бір жасарып қалды.
Дулат Ғұбайдуллин