Өткен аптаның жұмасы күні Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов арнайы іссапармен ауданға келіп, жасалып жатқан құрылыс жұмыстары және шаруа қожалықтарының тыныс тіршілігімен танысты.
Індетпен күресудің бірден-бір жолы
Алдымен, облыс басшысы "Сағыз - Атырау" бағытына қатынайтын "Дені саудың - жаны сау" әлеуметтік пойызының ішін аралап көрді. Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиевтің айтуынша, қарапайым халықтың індеттің алдын алуы үшін вакцина алуға арналған бұл жоба Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен, "Қазақстан темір жолы" АҚ-ы бастамасымен іске асуда. 60 орындық екі вагон аудан тұрғындары үшін арнайы жасақталып отыр. Қазіргі таңда облыста 59 екпе алу пункттері бар. Оның 10-ы жылжымалы пункттер. Арнайы әлеуметтік пойыз жолаушылары үшін, Атырау қаласында екі егу пункті темір жол ауруханасында және N7 Атырау қалалық емханасында қызмет көрсетеді. Мұндай тегін тасымалдау акциясы "Атырау - Сағыз" бағытымен бірге, "Атырау - Құрманғазы" бағытында да жалғасады.
"Бұл - тұрғындардың екпе алуына жағдай туғызу мақсатында ұйымдастырылып отырған бастама, өйткені індетпен күресудің бірден-бір жолы вакцина алу" деп атап өткен облыс әкімі вагондардың ішін аралап шығып, жолаушыларға сәт сапар тіледі. Осы орайда, арнайы пойыз арнап, екпе алуға жағдай жасап жатқан облыс басшылығына ризашылығын білдірген Қызылқоға ауданының құрметті азаматы Байғали Досымбаев: "Бұған дейін қан қысымым болған соң екі рет екпе ала алмап едім, кейін бала-шағамыздың денсаулығы үшін отбасымызбен екпе алдық. Балаларымызға да үнемі айтып отырамыз. Оның үстіне қазір әлеуметтік желілер арқылы да теріс түсінік қалыптастырып, халықтың арасын екіге бөліп қойып отырғандар бар. Жалған ақпараттарға да тоқтам болуы керек" деген пікірін ортаға салды.
Жолдың сапалы жасалуы маңызды
Бұдан кейін аймақ басшысы көптен тұрғындардың жиналыс сайын айтып жүрген Сағыз ауылының 3 ауылындағы электрмен қамту жүйесінің жұмысымен танысты. Аудандық тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі арқылы тапсырыс берілген жобаның 28,7 шақырым бөлігіне бағаналар толықтай орнатылып, ВЛ 10 кВ электр желісінің 15, 578 километрінің 15,0 километрі тартылған. Қазіргі таңда, Алматы қаласындағы «ОКТА СОЛЮШЕНС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 9 трансформатор алуға тапсырыс берілген.
Жоғары кернеулі токқа 240 дана, төменгі кернеулі токқа 1619 дана, барлығы 1859 дана электр бағанасын қондырып, 9 дана трансформатор, ұзындығы 28,6 километр электр желісін тартқан жағдайда 380 тұрғын үй ток жүйесімен қамтылады деп күтілуде. Одан әрі Сағыз ауылында салынып жатқан ауылішілік тас, жаяу жүргіншілер жолымен танысқан облыс әкімі республикалық маңызы бар «Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы» автомобиль жол құрылысымен танысуды да ұмытпады. Бүгінде, мердігер мекеме «Шанхай Констракшн Групп» ЖШС 40 километр жолдың 25 километрін аяқтаған. Аймақ басшысы жолдың сапалы жасалуы маңызды екендігін атап өтті.
Қысқа тыңғылықты дайын болуы керек
Көп ұзамай жаңа оқу жылының басталатыны белгілі. Бұл ретте, қуаныштысы сол – Мұқыр ауылында салынып жатқан 424 орындық мектеп пайдалануға беріледі. Заман талабына сай жабдықталған жаңа мектепте 343 оқушы білім алып, 41 мұғалім оқушыларды білім нәрімен сусындатады.
-Құрылыс жұмыстары аяқталды. Қазіргі таңда нысанды қабылдау құжаттары жасақталуда. Мұғалімдердің барлығы екпе алды. Жаңа оқу жылына дайын, - дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Өтепберген Әділов.
Жаңа білім ошағын көзімен көріп, оң бағасын берген облыс әкімі Махамбет Жолдасқалиұлы одан әрі 6770 гектар жері, 292 бас мүйізді ірі қара, 350 бас жылқысы бар «Есен» шаруа қожалығына ат басын бұрды. Бүгінде, мал басын асылдандыруға көшкен қожалықтың меншігінде МТЗ-82.1, екі дана тіркеме, бір шөп шабу агрегаты бар, 5 адамды жұмыспен қамтып отыр. Шаруашылық иелері алдағы уақытта қосымша жер алып, малды асылдандыру бағытына көбірек көңіл бөлетіндігін жасырмады.
Осылайша, шаруагерлердің тыныс-тіршілігіне қаныққан облыс басшысы аталмыш қожалықтан 25 шақырым қашықтықтағы «Сарқұмақ» шаруа қожалығының қысқы мал азығын дайындау жұмысымен танысты. Пайдаланып отырған 14350 гектар жері бар шаруашылықта 12 адам жұмыс істейді. Мал азығын дайындауға бес дана МТЗ-82.1, бір камаз, екі шөп тайлағыш, косилка жұмылдырылып, жоспарланған 15000 дана руллонның қазіргі таңда 3 мың дана руллон дайындалған. Жалпы, аудан бойынша 131 000 тонна мал азығын дайындау жоспарланса, соның 41,6 пайызы орындалған.
- «Қыстың қамын жазда ойла» дейді халқымыз. Яғни, қысқы мал азығын жеткілікті түрде дайындау басты міндет. Былтырғы жылы қыс қатты болып, біраз аудан тұрғындарын әбігерге салғаны белгілі. Содан сабақ алу керек. Бұл бағытта жоспарланған мөлшерден де артық дайындау қажет. Аудан басшыларына мал азығын жеткілікті түрде дайындауды басты назарда ұстауды тапсырамын, - деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.
Басталған іс аяқсыз қалмасын!
Әлбетте, елімізде бұқаралық спорттың мәнін арттырып, салауатты өмір салтын қалыптастыру кім-кімге де парыз. Осы орайда, аудандық құрылыс бөлімінің тапсырыс беруімен мердігер «Еділ-Строй Сервис» ЖШС Миялы ауылындағы орталық стадионды реконструкциялау жұмыстарын қолға алды. Биылғы жылдың маусым айында басталған жұмыстар жоспар бойынша желтоқсан айында аяқталуы керек
. Қазіргі таңда, құрылыс алаңындағы жердің беткі қабаты қырылып, демонтаж жұмыстары жүргізіліп, футбол алаңын топырақпен тегістеп, шебен, ПГС төсеуге дайындалуда. Жасалған жұмысты мұқият қарап шыққан облыс басшысы мердігер компанияға басталған жұмысты уақытылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Бұдан кейін облыс әкімі Миялы ауылындағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысымен (Электрмен жабдықтау) танысты. Мердігер «Айком ЛТД» ЖШС басшыларының айтуынша, қазіргі таңда 276 жер теліміне электр желісі толық жүргізіліп, трнасформаторлар орнатылды. №37 «Миялы» қосалқы стансадағы 2 дана күштік трансформаторларды (4000 кВА, 3200 кВА) қуаты 6300 кВА трансформаторына жаңартылатын болады. Бұл жұмыстар «Алагеум» трансформатор зауытының дайындау уақытына сәйкес, қыркүйек айында жүргізіледі.
Жұмыстың жүргізілу барысына мұқият қаныққан аймақ басшысы одан әрі ұзындығы 11,079 километр тас жол, 11,9 километр жаяу жүргінші Миялы ауылішілік жол құрылысының жұмыстары қалай жүргізіліп жатқандығын көзімен көрді. Жауапты мамандардың мәлімдеуінше, биылғы жылдың мамыр айында басталып, келесі жылдың тамыз айында аяқталуға жоспарланған жол құрылыс жұмыстарының 7,7 пайызы жасалған. 11,079 километр болатын жолға ПГС толықтай төселіп, жаяу жүргінші жолдың тратуары орнатылуда.
- Әрине, жасалған жұмыстар жеткілікті. Бірақ, бәрінен бұрын құрылыс жұмыстары халықтың тілегіне сай, уақытылы әрі сапалы бітуі тиіс. Кемшіліктер дер кезінде түзетілгені дұрыс. Осыны техникалық қадағалаушы, тапсырыс беруші мекемелер басты қағида етіп, ұстануы қажет. Себебі, әрбір жасалған жұмыс халықтың игілігі үшін жасалынуда. Ал, халық әрдайым сыншы екендігі мәлім. Халықтың оң бағасын алуды бірінші кезекке қойған абзал, - деген облыс башысы одан соң Миялы ауылындағы аудандық Полиция бөлімінің ғимаратын қайта жаңғырту нысанымен танысып, әрі қарай сметалық құжаттамаға сай тиісті жұмыстардың 90 пайызын аяқталған Ойыл ауылдық округінің орталығы Жасқайрат ауылы кірме жолының жарықтандырылуын көзімен көріп, аудандағы іссапарын тәмамдады.
Сайып келгенде, ауданда қаншама құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұның барлығы қыруар қаржы бөлініп, мемлекет тарапынан халық игілігі үшін жасалып жатқан ізгі істер. Ал, оны тиімді пайдаланып, сапалы әрі уақытылы орындау тиісті мамандардың жауапкершілікті жете сезіне білуін көрсететіні анық. Ендеше, сол жауапкершілікті жете сезініп, тиянақты іс тындыра білгенге не жетсін?!
Бауыржан СИСЕНОВ