Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ЕНДІГІ КЕЗЕК – ИНСПЕКЦИЯДА?...

Әлбетте, Ойыл өзенінің өр суын Қызылқоға ауданындағы төменгі арнасына жеткізудің бірден бір жолы оның бассейінінде орналасқан еліміздің заң талаптарына сай келмейтін иесіз немесе тиімсіз мемлекеттік-коммуналдық бөгеттерді өзен арнасынан түгелдей алып тастау екендігі баршаға мәлім.

Бұл ретте, аталмыш өзеннің табиғи ағысын тіреп тұрған 49-дан астам заңсыз бөгет бар екендігі бірнеше мәрте республикалық, облыстық, аудандық газет беттерінде жазылып, телеарналарда айтылса да, су ресурстарымен айналысатын ешқандай құзырлы органдар нәтиже шығаруға құлықсыздық танытты. Сондықтан, «Ойыл өзені» қоғамдық қоры Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясын сотқа беруге мәжбүр болды. Бірнеше күнге созылған сот процесінің нәтижесінде талап қоюшы мен жауапкер татуласу келісіміне қол қойып, тараптар нақты шарттармен келісімге келді.

Айталық, жауапкер Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы» РММ (басшысы Ғ.Азидулин): «Құқық белгілейтін барлық құжаттарға толық ревизия жүргізуге, бекітілген жобалық құжаттама белгіленген тәртіпте болуы және Ойыл мен оның салалары бойында орналасқан гидротехникалық құрылыстардың заң талаптарына сәйкестігін тексеруге Ақтөбе облысының прокуратурасына және Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитетіне 20.01.2022 жылға дейін және Ойыл бассейнінде салынған 49 гидротехникалық құрылыстарын тізімге сәйкес (қосымша) транзиттік режимге (өзеннің табиғи арнасында 3 метрден кем емес) ауыстыру және өр суы кезінде су арнасындағы кедергілерден тазарту жұмыстары туралы орналасқан жеріне байланысты жергілікті атқарушы органдарға 20.02.2022 жылға дейінгі мерзімде орындалысы туралы жауап шартымен Мұғалжар, Темір, Ойыл, Қобда ауданы әкімінің аппараттарына 20.01.01.2022 жылға дейін ұсыныс хат жолдайды. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитетінен шағын өзендерден су пайдалануға арнайы су пайдалану рұқсаттарын беру кезінде Қазақстан Республикасы Су кодексінің 121 бабының 3 тармағын қолдану тәртібі туралы 25.01.2022 жылға дейін жазбаша түсіндірме сұрайды. Ақтөбе облысы аумағындағы Ойыл өзені мен оның салаларында орналасқан иесіз гидротехникалық  құрылыстарға қатысты күні бүгінге дейін 20.05.2021 жылғы қажетті шараларды орындамай отырған жергілікті атқарушы органдардың әрекетсіздігіне шара қолдану туралы ұсыныс хатты 25.01.2022 жылға дейін Ақтөбе облысының прокуратура органдарына жолдайды.» деген жауапкершілікті мойнына алса,  талап қоюшы «Жауапкерді талап қоюшының 2021 жылғы 29 тамызда жолдаған хаты бойынша ешбір шара атқармағаны әрекетсіздік деп тану және жауапкерге заңсыз орнатылған бөгеттерге қатысты әрекетсіздіктен және Қазақстан республикасының су заңнамасын бұзудан келген зиян үшін кінәлі тұлғаларға осы зиянды өтеу туралы»  талаптан бас тартатын болып келісілді.

Біз осылайша келісімге келдік. Соттың арнайы ұйғарымы да шықты. Қазақстан Республикасы Су кодексінің 121 бабы, 3 тармағында: «Шағын су объектілерінің су ресурстарын арнайы су пайдалану тәртібімен пайдалану уәкілетті орган осындай су пайдалану салдарының су ресурстарының жай-күйіне әсерін зерделегеннен кейін және мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы немесе Қазақстан Республикасының Экология кодексіне сәйкес міндетті экологиялық рұқсат болған кезде мүмкін болады» деп көрсетілген. Демек, заңсыз іс әрекеттер баршылық. Көктемгі өр суының тасуына екі айдай уақыт қалды. Ақтөбе облысына қарасты Ойыл өзені бассейніндегі салалардағы бөгеттер сол мызғымаған күйі тұр. Аталмыш облыстың жергілікті атқарушы органдары 49 бөгетті транзиттік жағдайға келтіруге ықпал етіп, егер орындамаған жағдайда Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодекстің 708 бабы, 1,2 тармақтары бойынша лауазымды тұлғаларға айыппұл салу Жайық-Каспий бассейндік инспекцияның функцианалдық міндеттеріне кіру керек емес пе? Егер, инспекция өз тарапынан Ақтөбе облысының жергілікті атқарушы органдарына су заңдылықтарының  бұзылғандығына шара қолдану туралы өз міндеттеріне алған татуласу келісімі және сот ұйғарымының шарттарын уақытылы орындамайтын болса, сотқа мерзімінде міндеттемелерін орындамағаны үшін шағым түсіретін боламыз, - дейді «Ойыл өзені» қоғамдық қорының мүшесі, табиғат жанашыры Есенбай Нұров.

Сайып келгенде, Ойыл өзенінің ауданға жетпеуіне көрші облыстың ықпалы бар екендігі заңдылық тұрғыда дәлелденіп отыр. Бұл ретте, Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының өз мойындарына алған міндеттемелерін орындауға әкеліп соғып отырғаны анық. Ендеше, ендігі кезек құзырлы органдардың заңдылық тұрғысында әрекет етуге тіреліп тұрғаны сөзсіз.

P.S.

Бет қатталып жатқанда, 14.01.2022 жылы жасақталған «Татуласу келісімі» шарттарына сәйкес, Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы тарапынан Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетіне, Ақтөбе облысының прокуратурасына, жергілікті атқарушы органдарға хат жолданғандығы мәлім болды.

Бауыржан АМАНҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521