Соңғы жылдары елімізде ауылшаруашылық саласы бойынша біраз мәселелер туындап, тіпті кейбір аймақтарда қуаңшылық орын алды.
Соның салдарынан көптеген мал қырылып, шаруалар біраз шығынға батты. Осы мәселеге баса назар аударған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында «Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп жайылым мәселесіне қатысты батыл шаралар қабылдауға тиіс.
Қазіргі таңда, жайылымдық жерді тиімді пайдалану да өте маңызды. Себебі, мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр. Өйткені мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті оны адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастаған», деп Үкіметке тиісті тапсырмасын берді. Расымен де Президенттің айтып отырғаны өте өзекті мәселе. Қазір мал баққысы келетін қарапайым шаруалар жайылым және шабындық жерге қол жеткізе алмай отыр. Соның салдарынан мал басы көбеймей, кейбір аймақтарда ауылшауашылығы саласы тұралап қалды деуге де болады. Оның ең бастысы себебі – жайылымдық жерлерді тиімді пайдаланбауда.
Осы және басқа да мәселені тілге тиек еткен Мемлекет басшысы «Әкімдер түрлі себептерді сылтауратып ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр. Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шаралар қабылдауға тиіс. Жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аудару қажет», деді.
Сонымен қатар осы Жолдауда агрокешенді дамыту, ветеринар мамандардың жалақысын өсіру, субсидиялау, ауылшаруашылығы тауарларын өндіру сынды бірқатар мәселелер айтылды. Мұның барлығы да ауылшаруашылығы саласына тың серпін беретін жобалар екендігі айқын. Ең бастысы өзекті мәселелер айтылды, енді тек тапсырмалар жүйелі түрде орындалуы керек.
Жәнібек АРАЛБАЕВ, биология ғылымдарының кандидаты