Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Атырауда еліміздегі ең ірі газ-химия кешенінің құрылысы басталды

Атырау облысындағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағында көпшілік көптен күткен ең ауқымды жоба – полиэтилен өндіретін «Силлено» зауытының алғашқы қазығы қағылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Құрылыс жұмыстарының басталғанын білдіретін осынау салтанатты шараға облыс әкімі Серік Шәпкенов, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ («ҚМГ») Басқарма төрағасы Асхат Хасенов, ҚР Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек, «СИБУР»-дың басқарма мүшесі-атқарушы директоры Павел Ляхович және «Sinopec» компаниясының аға вице-президенті Ван Тао қатысып, алғашқы қаданы қағу рәсімін жасады.

Шараға жобаның жүзеге асуына үлес қосан мемлекетітк органдар, акционерлер, мердігер мекеме өкілдері мен өзге де қонақтар қатысты.

 

Бірінші болып сөз алған «Силлено» ЖШС бас директоры Жандос Қайргелді баламасы жоқ бірегей жобаны жүзеге асыру барысына тоқталды.

– Былтыр қыркүйекте дәл осы жерде құрылысы аумағын дайындау үшін бас қосқан болатынбыз. Ал, бүгін ел Үкіметі мен акционерлердің қолдауымен негізгі құрылыс жұмыстарына қадам басып отырмыз. «Силлено» – отандық өңдеу өнерксәібіндегі ірі жобалардың бірі. Оған қоса, ол – Үкімет басымдық берген 17 ірі жобаның қатарында. Полиэтилен өндірісіне шикізат ретінде этан қолданылады. ТШО-ның кен орындарынан алынған газ «ҚМГ» жүзеге асыратын Газ сепарациялау кешенінде өңделіп, одан этан алынады. Сосын ол магистралды құбыр арқылы «Силленоға» жеткізіледі. Құбыр құрылысын «ҚМГ» жүргізеді.

 

Өндірісі тиімділігін арттыру үшін ең озық технологияларды пайдалану үшін әлемге әйгілі компаниялармен келісім жасалды. Жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін және инвестиция көлемі 7 млрд АҚШ долларын құрайтын зауыт құрылысын 2028 жылы аяқтап, өндірісті 2029 жылы іске қосу жоспарланып отыр, - деді ол.

Сонымен бірге ол бұл жоба импорттың бірқатар бөлігін алмастыратынын да айтып өтті. Себебі, ол полиэтиленге деген ішкі сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Екіншіден, еліміздің экспорттық әлеуметі артады. Үшіншіден, құрылыс кезінде 8 мыңнан астам, ал, зауыт іске қосылғанда 800-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады. Төртіншіден, жобаның еліміздің ішкі жалпы өніміне қосатын үлесі шамамен 0,86 пайыз деңгейінде бағаланып отыр. Бесіншіден, 6 млрд АҚШ доллары көлемінде шетелдік инвестиция және ел қазынасына 5 млрд АҚШ долларына дейін салық төлемдері түседі.

Осыдан соң сөз кезегі аймақ басшысы Серік Шәпкеновке берілді.

«Бұл тек Атырау емес, бүкіл еліміз үшін маңызды жоба. Бұрын тек мұнай-газ өндірумен ғана айналысып келсек, бүгінде Президент тапсырмасымен шикізатты тікелей сатудан бөлек, оны терең өңдеу, яғни, мұнай-газ химиясын дамытуға бет бұрдық. Бұл күнді кәсіпкерлеріміз асыға күтті десек те болады. Өйткені, аталған жоба шағын және орта бизнесті дамытуға үлкен жол ашып, осы бағытта 3 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашады. Мұнда кезінде Болашақ секілді ірі зауыттарда тәжірибе жинаған білікті мамандарымыз жұмыс жасайтын болады» деді ол.

Ал, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов өз кезегінде «ҚМГ», «Sinopec» және «СИБУР» компанияларының ұжымдарына, Энергетика министрлігі мен облыс әкіміне ризашылығын білдірді.

- Болашақ кешен америкалық «Lummus» компаниясының технологиясымен этилен өндіруге арналған пиролиз қондырғысынан және «Chevron Phillips Chemical» (АҚШ), «Univation Technologies» (АҚШ) технологияларының көмегімен этиленді полимерлеу қондырғыларынан, сондай-ақ, Axens (Франция) технологиясымен салынатын бутен қондырғысынан тұрады. Құрылыс алаңындағы алғашқы дайындық жұмыстары пиролиз қондырғысынан басталды. Оның құрылысын EPC-мердігер «Tecnicas Reunidas» (Испания) «Sinopec Engineering Incorporation» (Қытай) компаниясымен бірлесіп жүргізетін болады. Бұл елімізде білікті кадр даярлауға септігін тигізбек. Екіншіден, мұнай-газ-химия кластері құрылады. Президенттің өзі айтып өткендей, тек жобаларды жүзеге асырып қана қоймай, соның аясында арнайы кластер құру маңызды. Бұл – бір-бірімен белгілі бір ретпен тізбектелген өндіріс орындары, - деді ол. 

Аталмыш жоба құрылыс кезеңінің өзінде ұлттық экономикаға мультипликативті оң әсер тигізіп, Қазақстанның шикізаттық емес экспортын арттыруға ықпал етеді. «Силлено» өнімдері елдегі полиэтилен импортының 90%-ын алмастыра алады. ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2024 жылы Қазақстанның полиэтилен нарығы шамамен 300 мың тоннаға жетті. Ал сарапшылардың бағалауы бойынша 2035 жылға дейін бұл көрсеткіш 400 мың тоннаға дейін өсуі мүмкін. Қазақстандық тұтынушылардың полиэтиленге деген негізгі сұранысын «Силлено» қамтамасыз етуге дайын. Мұнай-газ химиясы саласындағы әлемдік жетекші технологиялық шешімдер жаңа өндірістің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оның сенімді жұмысына және қоршаған ортаға минималды әсеріне кепіл береді.

Анықтама үшін айта кетейік, жобаны "Силлено" компаниясы жүзеге асырады, компания акционерлері  —«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (40%), Sinopec Overseas Investment Holding (30%) және «СИБУР Холдинг» АҚ (30%). Зауыт Қазақстанның полиэтиленге деген ішкі сұранысын қамтамасыз ете отырып, өнімдерін ТМД елдеріне, Еуропа, Қытай және Түркияға жеткізуді жоспарлап отыр. Полиэтилен — көптеген дайын өнімдерде қолданылатын негізгі шикізат. Олардың қатарында су, газ, канализация, вентиляция, жылыту жүйелеріне арналған құбырлар мен клапандар, электр және жылу оқшаулайтын материалдар, қайықтар мен жол талғамайтын көліктерге арналған корпус, техникалық жабдықтар, тұрмыстық техника, медициналық жабдықтар, автобөлшектер, ойыншықтар, барлық маркалы пленкалар, ыдыс (бутылкалар, қораптар, канистрлер және басқа), сондай-ақ тұрмыста да, өнеркәсіпте де кеңінен қолданылатын басқа да тауар түрлері бар.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT