Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ардагерлер қуанышқа бөленді

Маусымның 23-інде Атырау қаласында облыс әкімдігінің қолдауымен, «Атырау-Ақпарат» медиахолдингі басшылығының ұйымдастыруымен ардагер журналистерге арналған мерекелік шара өтті.

    Бұл кәсіби мерекені атап өтуге аудандардағы ардагер қаламгерлер шақырылды. Салтанатты шараны алдымен жарық көрген «Прикаспиская коммуна» газетінің байырғы ғимаратына мемориалды тақта орнатудан бастады. 
    Ардагер журналистерге айырықша құрмет көрсету Жайық өзенінде еркін жүзген үлкен катер үстінде жалғасты. Катердегі салтанатқа облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев арнайы келіп байырғы қаламгерлерді 28 маусымдағы төл мерекелерімен құттықтады. Катер үстінде үш сағатқа созылған басқосуда ардагер журналистер кезекпен-кезек сөйлеп, бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек еткен жылдарындағы жетістіктерін ақтарыла баяндады. Ұзақ жылдар бойы әртүрлі ақпарат құралдарында қатар қызмет атқарған қаламгер ардагерлер бірімен бірі құшақтаса табысып, мәз-мәйрам болғанын тілмен жеткізу қиын. Қолдарына қалам ұстаған қаламгерлер Бағытжан Жұматов, Нұрым Ерғалиевтің әншілік қабілеттеріне ду қол соғып, риза болғанымызды қайтерсіз.
    Журналистік сапарларда талай бірге жүрген қаламдастармен еркін сұхбаттасып, ашық сөйлескенде үш сағаттың қалай өткенін де аңғармай қалдық. Ардагерлердің мәз-мәйрам болған қуанышына ортақтасып, әрбір ұсыныс-пікірді зер сала тыңдап отырған облыстық ішкі саясат басқармасының орынбасары, ардақты да аяулы әріптесіміз Мақсот Елеусіновтің ұлы Нұрболат Елеусіновтің және Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің бас директоры Жасын Біркеновтің қатысуы жүректерге жылылық ұялатты.
    Салтанат барысында облыстағы газеттердің келешегі туралы ұшқыр ойлар айтылды. Рас, газет рухани азық, газеттегі туындылар, ғасырлар бойы сақталатын мәңгілік шежіре. Ендеше, газеттен айырылып қалмау күллі оқырманның борышы екенін ұмытпайық. Сонымен қатар, ардагер журналистерді де ұлықтап  мол тәжірибелерін кәдеге жаратып, құрметтеуді де естен шығармағанға не жетсін. 

Жолдас ЖАНҚУАТ,
Қазақстанның Құрметті журналисі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521