Соңғы жылдары дәстүрлі ата дініміз исламға бетбұрыс қарқынды. Бұл бір жағы дінінен алыстап қалған мұсылман халықтар үшін қалыпты жағдай.
Дегенмен, дінімізді дұрыс түсіндірушілермен қатар бұрыс түсіндірушілер де қоғамда жоқ емес. Дінді дұрыс түсінген азаматтар оған байыппен қараса, шала түсінгендер артық қыламыз деп бүлдіріп әлек. Салдарынан ел ішінде дүрбелең тудады. Осы орайда, Атырау облысы бас имамы Алтынбек Ұтысханұлына жолығып, бірнеше сұрақтарымызға жауап алған едік.
Ислам – өркениеттің, ғылымның, ізгіліктің діні
– Құрметті Алтынбек Ұтысханұлы, дінді дұрыс түсіну үшін не істеу керек? Дін насихаттайтын құндылықтар қоғам үшін несімен құнды?
– Бисмиллаһир Рахманир Рахим, Жаратушы Иеміз аса рақымды, ерекше мейірімді болғандықтан жер бетінде жіберген адам баласына бірқатар міндеттер жүктеген. Сол міндеттерге жауапкершілікпен қараған жағдайда жер бетінде тыныштық орнап, адамзат баласы бейбітшілікте өмір сүре алмақ. Бұл тұста діни сенімнің орны ерекше. Сенуі тиісті нәрселерге нық сенген әрі мұсылмандық міндеттерін жақсы түсінген жанның көп нәрсеге бей жай қарауы мүмкін емес. Мәселен, сіз қозғап отырған дінді дұрыс түсіну қай жағынан да аса маңызды.
Жаратушы Ие адам баласын өзі жаратқандықтан, оған осы өмірде дұрыс жүріп тұрудың жолын көрсеткен. Қасиетті кітап арқылы ақиқатты ұқтырып, пайғамбарлар арқылы дұрыс жол сілтеген. Ал пайғамбарлар сенім негізінде адамдарды тәрбиелеп, қоғамды түзеуге тырысқан. Бүгін ислам тұрғысынан алсақ, осы екі қасиетті қайнар Құран мен сүннет қолымызға жетіп отыр. Оны дұрыс түсінген жағдайда, адам өз өмірін дұрыстаумен қатар қоғам өмірін де жақсылыққа бұруға бір кісідей атсалысары анық. Дінді дұрыс түсіну де байыптылықты, оған саналы түрде келуді қажет етеді.
Ізденіс пен білімін арттырып отыру, дін мамандарын тыңдау осы тұста маңызды. Ал дін насихаттайтын құндылықтар әр қоғамның дұрыс алға жылжуына септігін тигізеді. Рухани құндылықтарсыз өмірді елестету мүмкін емес. Оқу, білім алу, ғылыми ізденіс жасау исламның ең алғашқы бұйрығы. Құранда одан кейінгі келген алғашқы бұйрықтар қатарында бойды таза ұстау айтылған. Кісі баласына құрмет көрсету өз алдына, қоршаған орта, табиғат, жүргірген аң мен құс, қыбырлаған жәндікке де аяушылықпен қарау мұсылманның міндеті.
Еңбекпен нанын тауып жеу, отбасын асырау, ешкімге қиянат жасамау, жақсылықты істерге бөлісу, жетім жесірді жебеу, сүрінгенді демеп, құлағанды тұрғызу, мейірімділік пен кешірімділікті, кішіпейілділік пен жұмсақтықты негізге алу, жақынына, еліне жанашырлық таныту, барымен бөлісу, көршімен татулық, достыққа адал болу секілді құндылықтардың исламдағы орны нық. Біздің ата – бабаларымыз да осындай құндылықтармен өмір сүрді, әрі сол құндылықтарды кейінгілерге аманат етті.
Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп”…
– Ал, қарадүрсін, қатал мінез қайдан шығуда? Бір бірін кәпір санап жатқандар ол түсініктерді қайдан алуда?
– Рас, мұсылман болу әсте әсте дейді. Бастапқы кезде дін деген осы екен деп көзсіз қойып кеткендер, алды артын бажайламағандар соның опығын жеуде. Жалпы Жаратушыны мойындамаған, дінді келеке мазақ еткендерге ғана кәпір ұғымы қолданылады. Сондықтан оны мұсылмандарға қарата қолдану о бастан дұрыс емес. Пайғамбарымыз да «Біреу біреуді кәпір деп айыптаса, сол сөзбен екеуінің бірі кәпір болатынын айтып» бұған тыйым салған. Ал, намаз оқымағаны не ораза ұстамағаны үшін кәпір деу ол білімсіздік қана. Сол арқылы бір отбасы мүшелерінің арасына жік салып, бір бірінен ажыратуда. Бұл тұста Ханафи мәзһабы ғалымдарының уәжін негізге алсақ, намаз оқымағанына бола адамдарды алаламайтын боламыз. Яғни, амал иманның бөлшегі еместігі. Иман шарттарына толық сенген жан құлшылығын белгілі бір себептермен атқармаса да мұсылман болып табылады. Дегенмен, ақыреттегі жауапкершілігі өзіне тән. Сондықтан, қит етсе, кәпірге санауға дайын тұратын такфириттік түсініктен аулақ болу керек. Ардақты пайғамбарымыз табытын көтеріп апара жатқан иудейге де орнынан тұрып құрмет жасап, адамды сеніміне, ұлтына, нәсіліне қарамастан құрметтей білу керектігін өсиет етпеді ме?!
– Сүннет деп қаба сақал қоятындардың бұл қылығы дұрыс па?
– Пайғамбарымыздың айтқандары, істеген істері және мақұлдағандары бәрі «сүннетке» жатады. Біз бүгін нақты үлгі тұтар тұлға ретінде Мұхаммед пайғамбарымызды (с.а.у.) тану үстіндеміз. Әрине, оның сүннетін тірілту, жандандыру, өміршеңдігін арттыру өнегелі іс, бұған қуануға болады. Күлімсіреп жүру, кездескен кісілермен амандасу, үлкенге құрмет, кішіге ізет таныту, басқа да әдептілік қағидалары сүннетте көп. Дегенмен, барлық сүннет амалдарды жасап болғандай, сақал мәселесінде қатып қалудың еш қажеті жоқ. Сақал қою әрине сүннет. Оның да сырт көзге тұрпайы көрінбеуі аса маңызды. Әрбір мұсылман – ислам дінінің өкілі. Соған қарап жұрт ислам түсінігі осы екен деп пайымдайды. Кей мұсылмандар байқамай артық қылам деп, тыртық қылуы да мүмкін. Сондықтан,сақалға да арнайы күтім керек, тым қауғаландырып, сабалақтандырып жібермей, келбетіне жарасымды етіп, оған кісі бойындағы тазалығы да, зиялылығы, әдебі де жарасып тұрғаны мақұл. Әйтпесе, тек сақал қоюмен мұсылмандықты паш ету мүмкін емес. Сүннетке көңіл бөлушілер сол сүннет арқылы исламға жылы көзқарас қалыптастырудың маңызын түсінуі тиіс. Расулалла өзінің әдебі арқылы басқалардың жүрегін баурады, көңілінің кілтін тапты. Ендеше, сақал қою да соған сай мұсылмандық көркем мінез иесі болуды талап етеді. Иегінде сақал қойып, тақуа мұсылман болып жұртқа көрінгенмен, мінезі дөрекі болса, істері әдепке сай келмесе, ол өзгелерді де, өзін де алдап жүр деуге болады.
– Қаба сақалдылар балақтарын да қысқартуды міндетті деп ұғатын тәрізді. Бұл үрдістің тоқтамы неде?
– Балақ қысқарту да расында діндар көрінген азаматтар арасында сәнге айналғандай әсер қалдырады. Оны көбіне мына хадиспен байланыстырады. Абдуллаһ ибн Омардан риуаят етілген хадисте пайғамбарымыз (са.у.): “Алла Тағала тәкаппарланып киімін жерге сүйреткен кісіге қиямет күні қарамайды (рақымдылық көрсетпейді)” деген. Мұны естіген Әбу Бәкір: “Менің изарымның бір жағы егер қадағалап көңіл бөлмесем төмен түсіп тұрады” деп алаңдаушылығын білдірді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) “Ей, Әбу Бәкір! Сен оны тәкаппарланып істейтіндерден емессің ғой” деп жауап берді. Осы жауап бұны тіке түсінбеу керектігін ұқтыруда. Демек, мәселе киіммен тәкаппарлыққа салынбауда, киіммен өзгелерге мұрын шүйіруге болмайтындығында. Ал, қарапайым шалбарды киюшілерді тәкаппарлықпен байланыстыру қиын. Сондықтан балақтарын шолақ етіп кесіп тастаушылар бұл хадисті үстірт пайымдап жүргенін айта аламыз.
Киім мәдениетінде ұлттық дәстүріміз үлгі болуы тиіс
– Қазір Ауғанстан, Пәкістанның киімдерін киіп алуды сүннет санайтындар бар. Солай киіну міндет пе?
– Әрине, дәл солай киіну міндетті емес деп ашық айта аламыз. «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» деген бар. Киім киюдің әр аймаққа тән өзіндік ерекшеліктері бар. Араб елдері де қатты ыстық климатта жилбаб деп аталатын желбегей киімдерін ыңғайлы көреді. Құмды дауылдарда бастарын орап алу олар үшін қалыпты. Дегенмен, мұсылман болу дәл арабтардай не ауған, пәкістандықтардай киім салтын ұстануды білдірмейді. Көзі қарақты қауымға исламның киімге қойған талаптары белгілі. Ер кісілерді кіндік пен тізе арасы жабық болуы тиіс, әйелдерге де қатысты киім талабы Құран аяттарында келген. Міне, осы жалпылама талаптарға көңіл бөлумен кез келген киімді киюге болатыны басы ашық мәселе.
Мен бұл тұста заманмен санасу керектігін де баса айтар едім. Мұсылмандар өз дәуірінің мәдениетімен санасып, қалыптасқан заманауи киім үлгілерін таңдаса, одан ұтылмасы анық. Исламды ұстануды тек сыртқы формамен шектеп қою көп қателіктерге ұрындырады. Исламда сыртқы келбет тартымды болумен қатар адамның ішкі мінез құлқы да соған сай жарасымды болуы керек. Абай атамыздың «Сыртын қанша жуса да іші оңбаған» деп өлеңдетуінде үлкен мән бар. Сыртқы формаға көп алданбаған дұрыс. Ауғанстан, Пәкістан халықтары үшін ол киім түрлері жаппай дәстүрлі киімге жатады. Ал қазақ жерінде ол киім түрлері көзге ерсі көрінетіні белгілі. Осыдан келіп жастар солай киіну міндетті екен деп ойлап, исламнан өздерін алыс ұстай бастауы да мүмкін.
Бұл да өз кезегінде дұрыс жағдай емес. Сондықтан, қалай болғанда да қазіргі замана көшінен қалмаған дұрыс, киім киюде де. Пайғамбарымыз да киімімен ерекшеленбеді, сол қоғамда жұрт не киді, соны киді. Сырттан келген елшілер көппен отырғанда ол кісіні киіміне қарап ажырата алмаған. Ендеше, қазақ еліндегі мұсылмандар да киім кию мәдениетінде жергілікті халықпен санасқаны дұрыс. Адам өзгеден мінез, ақыл, білімімен ғана озғаны дұрыс екенін ойшылдарымыз айтып кеткен. Сондықтан исламды көзге тұрпайы етіп көрсетпей, қайта исламға қызығушылық ояту жағына көбірек көңіл бөлген абзал. Бүгінгі мұсылмандар тәртіпке бағынуымен, өз мәдениетін дәріптеп, білімде озып, салтын ұстанып, халыққа болысуымен, көркем мінезді болып, радикализмнің барлық түрінен бойын аулақ ұстауымен, кәсіппен шұғылданып, ынтымақ жарастыруымен басқаларға үлгі көрсетуі тиіс. Бұның бәрі әрине дінді дұрыс түсінумен тығыз байланысты. Арнайы уақыт бөліп, сауалдарымызға жауап бергеніңізге көп рақмет! Сіздерге де рақмет! Ел жұрт аман, тыныш заман болсын!
Баян Жанұзақова