Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Қаңыраған тойханалар қажетке жарай ма?

Былтырғы жылдың наурыз айында басталған пандемия еліміздің бірқатар салаларына соққы болып тиді. Әсіресе, той бизнесімен айналысатын кәсіпкерлер үлкен шығынға батты. Қазіргі таңда ауданда 250-300 адам сиятындай 15 шақты тойхана бар десек, олардың барлығының да есіктеріне құлып салынып, жабулы тұрғандарына бір жылға жуықтады. Әрине, мұның бәрі сақтық үшін жасалып жатқан амал болғандықтан кәсіпкерлер түсіністікпен қарайды. Алайда, банктегі несиесін төлеп, күнделікті несібесін тойханадан айырып үйренген олар бүгінде «Қаңыраған ғимаратты қашан қажетке жаратамыз?» деп уайымдап жүргені анық.

Шығын мол, табысы нөл

«Той – тәңірдің қазынасы» деп білетін ата-бабаларымыз әлімсақтан тойшыл, сауықшыл халық екені баршаға аян. Бұрын қыз ұзатып, келін түсіргенде отыз күн ойын, қырық тойын жасаса, қазір ат шаптырым тойханаларда 300-500 адамдық той жасау әдетке айналды. Осыны жете түсінген кәсіпкерлер жарыса тойхана салып, жаңаша бизнестің көзін тапқан еді. Алайда, былтырғы жылы наурыз айында короновирус дертінің өршуіне байланысты елімізде карантин жарияланып, тойханалар жұмысына тиым салынды. Міне, содан бері он ай уақыт өтті. Аудандағы бірде бір тойханада той дүбірі естілген жоқ. Есесіне қаңыраған ғимараттың өзін ұстап тұру үшін кәсіпкерлер жүз мыңдап ақша төлеуге мәжбүр.

Аудан орталығында алғашқылардың бірі болып тойхана салып, он жылдан астам уақыт халыққа қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан жеке кәсіпкер Наурыз Сәлімгереев:

– Біздің «Ақнұр» тойханасында соңғы рет той 2019 жылдың желтоқсан айында болды. Ал, қаңтар-ақпан айларында той аз болатындықтан тойхананы уақытша жауып, заманауи ЛЭД экран қондырып, ішін бұрынғыдан да жарықтандырып, біраз қаржыға жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Осылайша жұмысты енді бастаймыз деп жатқанда карантинге тап болдық. Содан бері тойханамыз жабық. Тойханадан нәпақасын тауып жүрген 15 шақты қызметкерді ақысыз демалысқа жібердік. Әрине, оңай болып жатқан жоқ. Тойхана бос тұрғанның өзінде ай сайын 70-80 мың теңгені коммуналдық ақыға төлейміз. Одан бөлек күрделі жөндеуге деп алған несиеміз тағы бар. Қысқасы қазіргі таңда тойхана қып-қызыл шығын болып отыр. Алайда, карантиндік шараларға түсіністікпен қараймын. Ең бастысы – халықтың саулығы, – дейді.

Ал, есімін атамауды өтінген тағы бір тойхана иесі:

– Мемлекет тарапынан тойханаларға қолдау шаралары жасалуы керек Мысалы, қазір қалаларда базарлар мен ойын-сауық орталықтары түгелге жуық ашық. Ол жерде жүз емес, мыңдаған адам жүр. Оларға рұқсат та, тойханаға рұқсат жоқ. Неге? Бұл әділдік пе? Сондықтан менің ұсынысым – тойханаларға адам санын шектеп болса да рұқсат беру керек. Бұл қайта аурудың алдын алады. Әйтпесе, халық тойды үйде жасауды әдетке айналдырды. Ал, үйлердегі тойда тойханадағыдай санитарлық талап сақтала бермейді. Ара қашықтықты айтпағанның өзінде бөлмелерді желдету, қонақтардың қызуын өлшеу сынды сақтық шараларының бірі орындалмайды. Ал, тойханаға ең болмаса 50 адамға рұқсат берілсе, біз өзіміз үшін барлық талаптарды қатаң сақтаймыз. Есесіне, бізге табыс түсіп, төлейтін салығымыз да көбейеді. Бұл халыққа да, бізге де, мемлекетке де тиімді болатын еді, – деген уәжін алға тартты. Әрине айтылған ұсыныс-пікірлер орынды. Дегенмен, елдің амандығы, жұрттың саулығы одан да маңызды екендігін ұмытпаған жөн.

Жаңа жоба – жетістік кілті

Әлемдік ақпараттардан көріп-біліп отырғанымыздай, короновирус дерті әлі де болса айылын жиған жоқ. Шет елді айтпағанда еліміздің өзінде біраз облыс қызыл аймақта тұр. Ал, сарапшылардың пайымдауынша, бұл дерт биылғы жылы да жалғасып, тіпті жаз мезгілінде күшеюі мүмкін. Демек, тойхана иелеріне сабыр сақтап, күтуден басқа амал жоқ. Бірақ, ат шаптырым тойхананы жауып қойып, коммуналдық ақысы мен несиесін төлеп отыру тағы тиімсіз. Сондықтан, кәсіпкерлер тойхананы жаңа заманға бейімдеп, тың жобаларды қолға алу керек. Мәселен, былтырғы жылы Шымкент қаласындағы біраз тойхана оқу орталықтарына айналса, Алматы қаласында тігін цехы есебінде жұмысын бастаған мейрамханалар да бар. Аудан көлемінде ондай тың жобаларды бастап жатқан кәсіпкерлер жоқтың қасы. Әрине, кейбір тойхана иелері үйде өтетін тойларға ыдыс-аяқ, үстел мен отырғыштарды жалдау арқылы сәл де болса нәпақасын айырып отыр. Әйтсе де, бұл тығырықтан шығудың жолы емес екендігі анық.

Бұл ретте жеке меншік оқу орталығын ашып, бала оқытуды кәсіпке айналдырған жеке кәсіпкер Амангүл Жекенова:

– Қазір аудан бойынша біраз тойхана жұмысын тоқтатқаны белгілі. Әрине, бұл кәсіпкерлерге өте қиын. Және бір қуаныштысы – аудандағы тойхана иелері қаладағыдай қонақтарды артқы есіктен кіргізіп, тығылып той жасап жатқан жоқ. Барлығы да халықтың саулығын ойлап, тәртіпке бағынуда. Бірақ, солардың барлығы жаңа жобалар арқылы тойханаларын кәсіпке бейімдей алмай отыр. Мысалы, мен қыркүйек айында оқу орталығының жұмысын кеңейту мақсатында жалдайтын кең, жарық ғимараттар іздедім. Алайда, көңілімдегідей ғимарат табылмады. Ал, егер кәсіпкерлер тойханаларын талапқа сай жасақтап берсе, мен қуана-қуана жалдайтын едім, – деген пікір білдірді.

Айтса айтқандай, қазір жалғыз тойхана иелеріне емес, біраз кәсіпкерге жаңа заманға бейімделіп, бизнесті әр тараптандыру керек. Мысалы, аудан орталығында балалар ойнайтын жабық алаң тек біреу ғана. Оның өзі шағын ғимаратта тұр. Ал, 300 адамдық тойханалардың бір бұрышын балалар алаңы, бір шетін қоғамдық тамақтану орны есебінде ашып қойса, біраз пайда түсері анық. Бұдан бөлек, аудан көлемінде фитнес орталықтар мен жеке би мектептері жоқ. Міне, тойханасы бар кәсіпкерлер осы жобаларды қолға алып, ауданда жоқ бизнесті алып келсе керемет емес пе?! Бұған қоса арнайы құрылғыларын әкеліп ет-сүт өңдейтін зауыт, медициналық бетперде мен көпшік-көрпе тігетін цех ашылып жатса тіпті керемет. Алайда, мұның бәрі кәсіпкерлердің іскерлігі мен табандылығына байланысты болатындығы ақиқат.

Үлкен тойды сағындық, алайда...

Той мәселесін көтеріп, мәселе қозғағанда оқырмандар арасында үлкен тойды сағынғандар көп екендігі байқалады. Мәселен, жақында ғана ұлын үйлендіріп, келін түсірген Жамила Ордабаева: «Тойханалар жабық болғандықтан тойды шағындап үйге жасадық. Қонақтарымның тең жартысын шақыра алмадым. Тек ең жақын деген 50 адамның ғана басын қостым. Кенже балам болғандықтан 300 адамды шақырып, дүркіретіп жасаймыз деп жоспарлап жүр едік. Бірақ, болмады. Енді баламның құдалығына дейін тойханалар ашылса екен» деген пікір білдірсе, Нұржігіт есімді асаба болса үйден гөрі тойханаларда той басқарған әлдеқайда тиімді, қызықты ойындар ұйымдастыруға ыңғайлы екендігін айтады.

Ал, аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Шолпан Асауова:

– Тойханаларға рұқсат беру туралы ешқандай қаулы шыққан жоқ. Сондықтан сабыр сақтап, күтуден басқа амал жоқ. Әрине, кәсіпкерлердің де, тұрғындардың да жағдайын түсінеміз. Алайда, олар да елдегі ахуалды түсінуі тиіс. Қазір тойханаларға рұқсат беріп, ашып жібергенде ауру қайтадан белең алып кетуі мүмкін. Қазір көріп отырсыздар ең дамыған деген Еуропа елдерінің өзі бұл вирустың алдында дәрменсіз болып отыр. Сондықтан тәртіпке бағынып, сақтық шараларын қатаң сақтайық, – дейді.

Әрине, той да, мереке де жақсы. Бірақ та, елімізде карантиндік шектеулерге байланысты жаңа жыл сияқты ең басты мейрамдардың өзі тойланбағанын ескерсек, маманның пікіріне құлақ асып, сабыр сақтаған абзал.

Түйін.

Аз айтқанда да, көп айтқанда да қазіргі пандемия жағдайы ешкімге оңайға соғып жатқан жоқ. Әсіресе, жұма мен сенбісін тойсыз өткізбейтін халқымыздың басынан ауыр кезеңдер өтуде. Бұл орайда, «Аман болса бір басым, тағы шығар бұл шашым» демекші тойхана иелері де «Қанша жерден шығынға батсақ та шыдаймыз. Ең бастысы – ел аман болсын» деп тілеп отыр.

Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT