Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

«Қандастар туралы кітап жазуды жоспарлап отырмын»

Таяуда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті-Елбасы кітапханасы ұйымдастырған "Қазақстан Тәуелсіздігі және Елбасы" атты халықаралық конкурсында «Қазақстан-Атырау» телеарнасының тілшісі, жерлесіміз Гүлназ Кәрімжанқызының «Қандастар» жобасы «Үздік телевизиялық материал» номинациясы бойынша үшінші орынға ие болды. Осы орайда, біз аталмыш әріптесімізбен жетістікке жету жолындағы еселі еңбегі туралы әңгімелескенді жөн көрдік.

- Гүлназ Кәрімжанқызы, Сіздің "Қандастар" телебағдарламаңыз Халықаралық деңгейде бағаланды. Жалпы, бұл бағдарлама дүниеге қалай келді? Кімнің идеясы?

- Рахмет. Орынды сұрақ. «Қандастар» авторлық жобам, өзімінің идеямнан туындаған дүние түбі бір жерді жарып шығарын білгенмін. Орайы осы жылға түсіпті. Бәрін басынан бастайын. 2017 жылы кезекті декреттік демалыстан телеарнаға қайта оралғанда (4 баланың анасы екенімді білесіздер) «қайынжұртымның алдындағы міндетімді атқардым, енді атам көрсеткен сара жолымды қалай табамын» деген шырмауық ой үнемі миымда қылаң беріп, жанымды мазалай берді. Іздемей-ақ табылған сәйкестікті айтсаңызшы?! Стамбулға жол түсті. Сол кездегі телеарна басшысы Жанахмет Жәнібекұлы біліктілікті жетілдіру үшін семинарға жіберді. Содан кезекті тренингіміз аяқталған соң Зәйтүнбұрны ауданының «Olivium» сауда орталығына келдік. Бұл нысанның айналасы толған дүкен. Бар ойымыз - азын-аулық ақшамызға балаларымызға базарлық сатып алу. Құж-құж қайнаған халықтың арасынан тәттіге құмартқан баладай жапа тармағай, жанымыздағыны жайпай дүкендерді жағаладық. Қожанасыр құсап, қашанда барған жерінде бір бәлеге ұшырамай тынбайтын аңғал басым бір қарасам құрбыларымнан көз жазып қалғанымды байқадым. Айналам толған түрік, жөн сұрасатын бір қазақ болсайшы... Жүріп келем, алды-артыма қарап қойып жүріп келем. Біткен жерім осы болды ғой деп енді ойға қала бергенде алдымнан сап етіп бір қазақтың шыға келмесі бар ма? Қасындағы саудагер түрікке қазақша сөйлеп тұр. Ой, Алла-ай. Құдды бір бауырымды көргендей жабыса кеттім өзіне. Ол да шошып кетті-ау деймін, басында маған үрки қараған, кейін жөн біліскен соң, мен айтқан сауда үйі тап жанымызда екенін көрсетіп, жанына ілестіре жөнелді. Сөйтіп, жолай қазақ апамызбен таныстығымыз басталды. Биыл жасы алпысқа таяп қалса да тың көрінеді, өзі Зәйтүнбұрнының тұрғыны екен ( Кейін білдім ғой бұл ауданда он мың қазақ шоғырланғанын). «Түрікке неге қазақша сөйледіңіз?» деп қызығушылық танытқанымда: "Олар затын өткізу үшін сен қай тілде сөйлесең де ұғып алады. Менің анам да солай жасайтын. Тіпті, шешем ешқашан түрікше сөйлеместен өмірден өтті. Ол жиі баратын дүкен иелері анам есіктен енгенде – ақ қазақша тіл қататын» деді Злиха апамыз. Не деген көрегенділік деп, бас шайқап келе жатқанымда бірі қыпша бел, бірі томпақ, ұзынды-қысқалы қос әріптесімнің бейнесі алыстан көзіме шалынды. Тағы да адасып қалмайын деген оймен қандасымызбен асығыс қоштастым. Кетерімде оның "Құрбыларыңды алып жүр, үйіме қонақ болыңдар" дегенінен-ақ, мені қимай тұрғанын байқадым. Туған жеріне деген сағынышын сезіндім...

Бұл оқиғаның желісі мұнымен бітпеді. Қонақ үйге жеткен соң бізбен бірге семинарға келген тағы бір топ қыздың жоқ екенін байқадық. Түн ортасы болды әлі оралмады. Олар да біз секілді базар аралап кеткен. Осындай жағдайда адамның санасын алдымен жаман ой торлайды ғой. Оның үстіне жақын маңда түріктердің тойы болып, аспанға атылған оқтың даусы зәре-құтымызды алып, бөлменің іші азан-қазан болып жатыр. Ұзын-құлақтан осы қонақ үй орналасқан аудан күрдтердің тұратын мекені дегенді тағы естіп қалдық. Үрей үстіне үрей жамап, көзіміз ұясынан шығардай қорқып отырған сәтте жоғалған қыздарымыз екі езулері екі құлақта мәз болып кіріп келмесі бар ма? Айтуларынша, Зәйтүнбұрныда тұратын қазақпен танысып, үйінде қонақта болыпты. Осы екі оқиға маған қатты әсер етті. Қандастарымыздың шет жүрсе де, ұлттық құндылықтарымызды сақтап, қонақжайлығын жоғалтпауы жүрегіме жылы із қалдырды. Осыдан кейін шет елдегі қазақтардың өмірі туралы (телеарнаға еш салмақ түсірмей) бағдарлама түсіруге бекіндім. Бұл ойымның келген соң концепциясын жасап басшылыққа ұсындым. Сол кездегі телеарна басшысы Жанахмет Жәнібекұлы «Егер бағдарламаңның өмірі ұзақ болса құба-құп. Егер демеуші таба алмай, жолың кесіліп жатса бір реттік арнайы жоба болар» деп бірден қоштады. Сонымен жаңа маусымға дайындық басталып кетті. Алғашқы түсірілімді Стамбулдан бастаймыз деп жоспарладым. Енді тек сол жақтағы қазақтарды және жобаны қолдайтын демеушілерді іздеп табу керек болды. Сөйтіп, жүргенде телеарнада ауыс-түйіс болып, жаңа басшы келді. Ұлттық арнаның бас режиссері қызметін атқарған Асқар Тұрғанбекұлы бұл жобаны бірден қабыл алмады. «Мен «Хабар» агенттігінде жүргенде осындай жоба жасадым, бұған миллиондаған қаржы кетеді. Сен оны қалай табасың?» деп сенімсіздік танытты. Сол сәтті жоба жетекшісі, бас редактор Балауса Пушкинқызы: «Мен Гүлназға сенемін, жобаны дайындауға өзім көмектесемін, барлық жауапкершілікті мойныма аламын» деп бағдарламаның дүниеге келуіне себеші болып, басшының алдында қорғап шықты. Әдетте солай, тележурналистер қиялындағы сан жобаны ойлап, оны мидың қоржынында пісіріп, қағазға түсіріп, тұжырымдамасын дайындап жүзеге асыру үшін басшының алдында қорғауда біраз тер төгетін едік. Бұл жолғы жоба халықаралық деңгейде, еш қаражатсыз шетелге барып түсірілім жасау болғандықтан, оны қорғау да осылайша оңай болмады. Айтпақшы, жобаның атын ойластырып біраз күн жүрдік. Атажұрт, Қиырдағы қазақ, Ағайын т.б. көптеген атауларды ортаға тастай отырып, Балауса Пушкинқызы ұсынған «Қандастарға» тоқтадық.

- Әрине, қандастарымызды іздеп шетел асу оңай емес. Бұл үлкен қаржыны, қолдауды, күш жігерді талап ететіні сөзсіз. Осы тұрғыда, Сізге қолдау білдірушілер көп болды ма?

- Менің еңбегім халықаралық деңгейде бағаланды. Білесіз бе, алғаш бұл қуанышты хабарды 10 күн бұрын ұйымдастырушылардан естігенде көз жасыма еріксіз ерік бердім. Осы жобаны басшылыққа ұсынып, оны іске асыруда қандай қиындықтарды бастан кешкенім тек өзіме ғана белгілі ғой. Сонау, республиканың бір бұрышы Атырауда отырып, шетелге үзбей шығып (телеарнадан қаржы бөлінбейді), түсірілім жасау, мүмкін еместей көрінді көбіне. "Тәуекел" деген ақбоз атты ерттеп алып, дауылға қарсы тұруға тура келді. Ең алдымен, жол шығыны үшін Атыраудағы атымтай жомарт жандармен сөйлестім. Біреуден ақша сұрап көрмеген адамға ауыр екен. Талайы бетімді қайтарды. Қайтпадым. Көп табалдырықты тоздырдым. Кей кәсіпкердің қабылдау бөлмесінде сағаттап күтіп отыратынмын. Осы орайда ең алғаш демеуші болыңызшы дегенде бірден қолдаған Әлібек Семғалиев ағамызға, Гульсина Байкенова ханымға, Өзбекстанға барған іс-сапарда түсірілімдік топты бірге ала кеткен Сағынтай Көпжасаров мырзаға шексіз алғысымды білдіремін. Ең алдымен шетелдегі қандастармен байланыс жасау, телеарнаға өзім ұсынған идеяны жүзеге асыру оңайға соқпады.

Шет мемлекеттегі Қазақстан Республикасы Консулына хат жазасың, олар біз облыстың арнасы болғандықтан хатымызды қабылдамайды. Амал жоқ, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер Министрлігімен байланыс орнатасың. Осылай хат жазып, жауабын күтіп жүргенде зымырап жарты жыл өте шыққанын бір білесің. Алғашқы сапарымды Түркия еліне жоспарлағандықтан, ол жақтағы қандастарымызды біраз іздедім. Көмекке телеарнаның шеф-редакторы Л.Еділханқызы келді. Ол сол семинарда (Түркияда өткен) танысқан бір газеттің басшысымен әлеуметтік желі арқылы сөйлесе жүріп, Зәйтүнбұрныда тұратын қазақтармен қалай байланысу туралы ақпарат алды. Стамбулдағы қазақ түркілер қоғамының басшысы Фазыл Топлымен таныстығымыз осылай басталды. Әлі күнге дейін ол кісілермен байланысымыз үзілген жоқ. Стамбулға әр барған сайын күтіп алып, төрінде қонақ етеді. Ағайын, туыс- бауырдай болып кеттік. Айтарым, ең алғашқы түсірілімде мен хабарласқан жергілікті кәсіпкерлердің ешбірі көмек қолын созбады. Содан шетелдік түрік компаниясы «Зугомен» байланысқа шығып, басшысының алдында презентация жасап, жобамды қорғап, қаржыландыруға осылайша қол жеткізгем. Екі жарым жыл бойына дәл осы қарқынмен жұмыс істеу, телеарнадағы бұдан да өзге жобаларыңды ( «Бизнес-лайф», «Өндірісті өңір», «Теңіз табанының тарихы» көп сериялы деректі фильмі, «Алтыншы аймақ», «Басты бағдар», «Заңгер кеңесі», «Қалаулы кәсіп» т.б.) қоса есептегенде, иыққа біраз жүк салды. Жол шығынын демеушілердің көмегімен тапсам да, басқа керек-жарақ, ішім-жем, жатын орынға ақшамды өз қалтамнан шығаратын едім. Шет елге сапарымда қаржы жетпей жатқан кезде, ойланбастан, арнайы сыйақыларымды жұмсайтын болдым. Ал, мынау Моңғолияға сапарымда, ақын Сұраған Рахметұлымен байланыстырған жоба жетекшісі Балауса Пушкинқызы болды. Өзбекстанға сапарыма да бас редакторымыз мұрындық болды. Маған көмектескен барлық жанашыр әріптестерім, қол ұшын созған кәсіпкерлер, шет елге барғанда алшаңдай басып алдыңнан шығып, айқара құшып бауырға басатын қандас ағаларым мен апаларымнан көрген жақсылықтарым ұшан-теңіз. Сондықтан, әр елде мені бауырындай қарсы алып, төрінде қонақ еткен, шет елде барлық жағдайымды жасаған Фазыл Топлы, Анар Топлы, Әбдіуақап Қара, Моңғолия қазағы Айбек Дәуітұлы, ақын Сұраған Рахметұлы, Ақмарал Рысбай ханым, Назым Тамиева тағы да басқа қандастарымызды жеке-жеке атап өткім келеді. Әрине, телевизияда жақсы дүние жасау үшін операторың, монтажерің мықты болу керек. Сағаттап түсірілген видеоның кодировкасы, түннен таңға ұрып жазған сценарийларыңнан бөлек, соған сай кадр да әдемі тіл қата білуі керек. Ал маған телеарнаның белді операторларының бірі Айбек Өтемісов, Қуаныш Құдайберген, монтажер Санжар Ғатауов, Анаргүл Кашимова сынды мықты мамандар көмекке келді. Бұдан басқа кадр сыртындағы аты аталмаған қанша әріптесімнің еңбегі жатыр. Бұл марапатты шығармашылық топтың ортақ жетістігі деп айтатынымыз да сондықтан! Бір білерім, соңғы екі жылда менің өмірім "Қандастармен" біте қайнасты.

- Бүгінде, жастар тарапынан елімізден шетелге көшушілер көп деген дерек бар. Осы орайда, аталмыш замандастарға қандай пікір білдіресіз?

- Көп деп айтуға келмейтін болар. Бірақ осындай тенденция байқалады. Осы жерде «Балам дейтін елің болмаса, жұртым дейтін балам қайдан болсын» деп Ахмет Байтұрсыновтың бір- ақ сөзімен осы сұрағыңызға жауап беруге болады. Өз елінен қолдау таппай, мұндағы қаңсығы шетелде таңсық болып жатса, қолынан келер басқа шара бар ма? Өзге елде өзін танытып, қазақ деген ұлттың асылдығын мойындатып, сосын елін көркейту үшін кері оралса несі айып?! Мүмкін, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық азайса, Қазақстанда да қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман туар? Кім білсін?!

- Сіз облыс, республикаға белгілі қаламгер, ұзақ жыл "Қызылқоға" газетінің бас редакторы қызметін атқарған Ізни Нұрқасымовтың немересісіз. Бұл ретте, атаңыздың қандай қасиеттерін бойыңа сіңіре білдіңіз?

- Атамның темірдей тәртібі мен талғампаз шығармашылығын шекпенінен шыққандар жақсы біледі. Бойымда осы қасиеттері бар деп айту маған жараспас. Сырт көз- сыншы. Мен тәуекелшілмін, ойыма алған мақсатымды жүзеге асырмай тынбаймын. Әсіресе, шет елге түсірілімге шығарда ұйқыны ұмытамын. Күндіз-түні жұмыс жасаймын. Өйткені телеарнадағы барлық хабарыңды алдын ала жазып алуың керек. Одан соң сапар үшін жоспар құрып, сценарийдің құрылымын дайындайсың. Қып-қызыл еңбек. Жалпы, мен жолымда кездескен әр қиындыққа сынбаймын, қайта одан әрі шыңдала түсемін. Тізе берсек қасиет көп. Оның қайсысын атамнан мұра етіп алғанымды айналамдағылар айтқаны дұрыс болар (күледі).

- Екеумізде қасиетті қара шаңырақ Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің түлегіміз. Студент кезінде мәні мен мазмұны жоғары әңгімелеріңізді газет бетінен жиі көруші едік. Соңғы кезде тележурналист болғалы әңгіме, новеллаларыңызды оқи алмай жүрміз. Қазіргі таңда, прозаға қайтадан бет бұру ойыңызда жоқ па?

- Қаланың тірлігін білесіз. Өміріміздің жартысы қызметте өтеді. Қала берді үйге жеткен соң төрт баланың күтімі, ара-тұра жолдасымның жұмысына көмектесемін. Декретте отырғанда дизайнер мамандығын оқып алғанмын. Күйеуімнің жеке жарнама агенттігі бар. Күнде кешқұрым және демалыс күндері ол алған тапсырыстардың (стенда, көлемді әріптер) дизайнын жасап, таңға дейін отырамын. Мұрнымнан шаншылып жүргенде, ой - қиялға беріліп, прозаның ғажайып әлеміне аяқ баса алмай жүргенім рас. Оны жақсы аңғарыпсың. Шығармашылығым кенже қалуда. Бірақ, дамыту ойда бар. Мұны жүрегімнің түкпіріне жылы ұя салып, сақтап қойдым. Басы басталып, аяғы бітпеген қанша жұмыстарым түртілместен жатыр...

- Бүгінде, журналистика саласында аға буын өкілдерінен және замандастарыңыздан кімдерді үлгі тұтасыз? Журналист болғысы келіп жүрген іні-қарындастарға нендей ақыл-кеңес бересіз?

- Журналистикаға оқуға түсерде, бас редакторлардың ұстазы, атам Ізни Нұрқасымов: «Балам, таңдауың осы мамандыққа түскен екен, жолың оңай болмасы анық. Қай жерде, қандай қызмет етсең де, ең алдымен, адал бол. Содан соң журналистика сынды алып бір әлем көгінде құс жолындай сайрап жататын өзіңнің ізің қалуы керек. Онсыз бәрі бекершілік" деген болатын. Атамның осы сөзі менің ұстанымыма айналды, өзімді тәрбиелеуге қамшы болып тиді. Одан қала берді әке-шешем Кәрімжан Масабаев пен қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жәку Саркенжиева Қызылқоға жұрты жақсы таниды. Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің дегендей, менің ата – анамда тегін адамдар емес. Қызыл сөздің шебері. Әкем - Қызылқоға аудандық тарихи - өлкетану мұражайын бірнеше жыл басқарды. Мені бетімнен қайтармай өсірді. Біз үйде өз ойымызды қысылып, қымтырылмай еркін айта білдік. Сондықтан қанмен берілген, тәрбиемен жеткен осы болмысым үшін мен оларға қарыздармын. Биыл көзі тірі болса атам Ізни Нұрқасымов 95-ке келеді екен... рухы мені желеп-жебеп жатқан болар... Ақпарат бәйгесіне құлдыраңдаған құлын кезімізде қосылып ек, енді міне қолтығымыз сөгіліп, ертеден шапса кешке озған құлагер болмасақ та, өз жолым, өз ұстанымым бар. Мақсатым - айқын. Кішілерге айтарым, ең әуелі тәуекелшіл болыңдар. «Тәуекел түбі жел қайық - өтерсің де кетерсің» деген емес пе халқымыз?! Еңбекқорлық керек. Еңбек бәрін де жеңбек. Содан кейін кітапты көп оқу міндетті. Мен өзім кітапты жастанып жатып оқып, түнімен көз майымды тауысып, кемірген адаммын. Кейде тіпті әдеби туындыны аяғына дейін жеткізіп оқу үшін мектепке ерте келіп алатынмын. Кітаптың қызығына түскенім соншалық, жолай мектепке жеткенше оқып барамын деп аудандық аурухана тұсындағы омбы қарға омығып құлап, бір шұңқырдан шыға алмай, екі үш сағат әуреленгенім әлі есімде. Бұдан кейін бұл ісімді кері қайталаған жоқпын.

- Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

- Биылғы жылдың көктемінде Европаға баруды жоспарлап, визаға тапсырып қойғанбыз. Франция, Германиядағы қазақтар наурыз тойына шақырған болатын. Алайда әлемдегі жағдайға байланысты бұл сапар кейінге қалды. Енді қазір Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Ресейдің Астрахан, Омбы, АҚШ-тың Флорида штатындағы қазақтармен тығыз байланыс орнатып отырмыз. Егер мына індеттің беті қайтып, шекара ашылатын болса, міндетті түрде іс-сапарға барамыз. Одан бөлек, «Қандастар» кітабын шығаруды жоспарлап отырмын. Жазып бастадым. Білесіз, Алтайдан Анадолыға дейінгі ұлы көштің көп куәгерлерін мен таспаға түсіріп алдым. 1938 және 1950 жылдары еркіндікті аңсап көшкен, Гималай мен Тибетті асып, Кашемир мен Үндістанды паналаған қырық мың қазақтың тек 1800-і ғана Түркияға аман жеткен. Сондықтан кітапта тек қандастарымыздың тұрмыс- ғұрпы ғана бейнеленбейді, қазақтың тарихы туралы да енгіземін. Түркиядағы, Баян-Өлгейдегі қазақтармен сөйлесіп қойдық, кітаптың тұсаукесерін туған жерімде және Стамбул мен Моңғолияда жасаймыз. Болашақта бұл еңбекті түрік тіліне аударуды көздеп отырмыз. Бұдан соң атам Ізни Нұрқасымовтың шығармашылығы туралы кітап шығаруды ойлап жүрмін. Қалалық архивке әр жылдары газет бетіне басылған материалды жинақтау үшін хат жіберіп қойдым. Әулеттің үлкендерімен келісе отырып, бұл мақсатқа жоспар құрылды. Бұйырса, ағам Ғалымжан Нұрқасымов атаның еңбегін архивтен іздеу үшін жұмыстанады. Ал менің міндетім атаның көзін көрген ізбасарларынан жылы естеліктер жинап, деректерді іздеу. Бұл кітапты шығару біздің атаның алдындағы тікелей борышымыз деп білемін.

- Әңгімеңізге рахмет.

Жоспарлаған ісіңіздің сәтті аяқталуына тілектеспін.

Сұхбаттасқан,

Бауыржан СИСЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT