Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Жұмаш КЕНЕБАЙ: «Зобалаң дастаны» дастаны тарихи бағасын алған жоқ»

Іргесі берік, рухы биік, озық өркениетті мемлекетке айналуымыз үшін бірінші кезекте өткенімізге әділетті көзбен қарай отырып, өз тарихымызды сындарлы сана сүзгісінен қайта өткізіп шығуымыз қажет-ақ.

Елдігімізді сезініп, еңсе көтеруге жол алған соңғы жиырма жыл сол ата тарихымызға бетбұрыс кезеңі болды. Ұлтымыздың ұмытыла бастаған талай асыл ұлдары ақталып, тарихи жадымызда кеш болса да әділеттілік салтанат құрды. Бұл ретте, өрімдей жастардың қаны төгіліп, жаны азапталып, өмірі қиылған 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының орны бөлек. Осы тұста, сол желтоқсан оқиғасының куәгері, ақын, публицист, қоғам қайраткері, «Қазақ журналистикасының қайраткері», Халықаралық ЮНЕСКО сыйлығының иегері Жұмаш КЕНЕБАЙМЕН ауданға келген сапарында сұхбаттасқанды жөн көрдік.

– Жұмаш Айтжұманұлы, 1986 жылы болған Желтоқсан оқиғасына қатысқаныңызды білеміз. Осы қанды оқиға қолыңызға қалам ұстатып, «Зобалаң» атты дастан өмірге келген болатын. Сол дастанға тоқталсаңыз?

– Иә, әрине бұл дастанның жазылуына 1986 жылғы 16 желтоқсандағы Алматы қаласында жастардың алаңға шығуы түрткі болды. Ол көтеріліске қазақы намысты бойына жинаған жалындаған жастармен бірге менде қатар тұрдым. Қиыны сол 19 желтоқсан күні Республика алаңында өрімдей жас қазақ қызын, Қызыл әскерлердің шаштарынан сүйреп, өлімші етіп сабағанын өз көзіммен көрдім. Бұл оқиғаны жазбауға болмайды. Сол мезетте «Зобалаң» дастанының алғашқы негізі ойыма келді. Сөйтіп, 1986-1987 жылдары жазылып, 1990 жылы әуелі «АЗАТ» газетінің желтоқсан айындағы санында жарық көрді. Бұл Желтоқсан оқиғасы туралы шетел әлі толық мағұлмат білмейтін. Сонымен, бұл дастанды шетелге таныстыруға жұмыстанып, Латвия Республикасының астанасы Рига қаласына бардым. Ол қаладан «Азаттық» радиосының қазақ тілді журналисін іздедім. Мені Менхундегі «Азаттық» радиосының қазақ бөлімінің директоры, бүгінде марқұм болған Хасан Оралтаймен байланыстырды. Сөйтіп, телефон соғып, 1986 жылы болған Желтоқсан оқиғасын баяндай келе, «Зобалаң» дастанын радиоға жариялауға өтініш білдірдім. Ол азамат қуана қарсы алып, менен сұхбат алды. Бірақ, аты-жөнімді өзгертіп беруге тура келді. Аталмыш дастанның «Азаттық» радиосынан сол жылдары бір сағаттық радиоинсценировкасы жасалды. Радиоинсценировканы шетелде жүрген қазақ жастары ойнады. Әрине, олар әртіс емес, бірақ шебер ойнады. Осы тұста, «Зобалаң» дастанындағы қыздың рөлін марқұм Хасан Оралтайдың қызы Нұркамал ойнағанын, Алматы қаласына келгенде «Жұмаш аға, сол дастандағы қазақ қызының рөлін сомдау барысында, мені төрт рет студиядан қуып жіберді. Бір-екі шумағын оқығаннан кейін, көзіме жас алып еріксіз жылаймын. Ал, ол дастанды оқып отырғанда жыламасқа шара жоқ. Сонымен ол дастанды да бітірдік. Осылайша, осыны жазған адамды көруге осы Алматыға келіп тұрмын» деп айтқан болатын. Бір өкініштісі, сол «Зобалаң» дастанын шетелге таныстырған азаматтардың барлығы дерлік бүгінде бақилық болған.

– «Зобалаң» дастанын халық қалай қабылдады? Жалпы, аталмыш дастан өзінің тарихи бағасын ала алды ма?

– «Зобалаң» дастанының бағы сол шыққан жылдары да, одан кейін де жана қойған жоқ. Ешқандай мемлекеттік басылым оны әлі күнге дейін жариялаған жоқ. Бірақ, бұл дастанның бір сағаттық радиоинсценировкасы 1990 жылдан бастап, «Азаттық» радиосынан сан рет берілген және сол жылы Түркияда түрік тіліне аударылып басылды. Сондай-ақ, мектеп бағдарламаларына да енгізіліп жатыр. Ал, тарихи бағасына келетін болсақ, «Зобалаң» дастаны өзінің тарихи бағасын ала алмады. Өйткені, кез келген туынды болсын, шығарма болсын, мақала болсын, роман, дастан болсын өзінің елінде қадірі болу керек қой. Біз бұл дастанды халыққа жеткізе алмадық. Оған қолдау болмады. Керісінше, кедергілер көп болды. Мүмкін, біздің елімізде ақын, жазушылардың тірі кезінде қадіріне жете алмайтынынан болар. Оған дәлел, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Есенберлиндердің барлығын атып жібердік. Бірақ, 60-70 жылдан кейін ғана қадірін түсіне бастадық.

– «Зобалаң» дастанымен бірге, тағы да қандай ең-бектерді айта аласыз?

– Менің «Зобалаң» дастаным арада 32 жыл өтсе де жарық көрмепті! Бұл арада мен сол әйгілі Желтоқсанға қатысқан, ол жөнінде «Азаттық» радиосына тұңғыш рет хабар таратқан азамат, «Зобалаң» дастанын жазған ақын ретінде көңіліме қаяу түсіргендей болған басқа бір әңгімені айтқым келіп отыр. 2016 жылы Желтоқсан оқиғасының 30 жылдығы қарсаңында Астанада тұратын інім, желтоқсаншы Құрманғазы Рахметов шақырған болатын. Олардан мен шығарып жатқан кітаптарында менің қандай еңбегім кіргені туралы сұрағанымда, ол «Зобалаң» атты дастанымның және «Зобалаң» дастаны қалай дүниеге келді?» – деген мақаламның толық енгенін айтып, менен сүйінші сұрағандай болғаны бар. Арада өткен 30 жылдан кейін елімізде тұңғыш рет баспа жүзін көріп отырған «Зобалаң» дастаным туралы қалың жұртшылықтан сүйінші сұрап, хабар таратқаным жұртшылық есінде болар деймін? Осы Болат Төлепбергеновтың, Құрманғазы Рахметовтің басшылығы шығарған «Рух пен Ар» деген кітабының тұсаукесері болып, оған бәріміз қатысып, мәре-сәре болғанымыз есімде. Желтоқсан құрбандарын еске алуға байланысты шараларға қатысып жүргендіктен арада өткен екі-үш күннің ішінде менің «Зобалаң» дастанымның толық нұсқасы енген ол кітапқа қарауға қолым тимеді. Бірақ, 2016 жылдың 18 желтоқсанында «Рух пен Ар» кітабын бастан-аяқ шолып қарап шықтым. «Зобалаң» дастанының аты да, заты да жоқ болып шықты. Осы Желтоқсан қасіретіне қатысқан, ол туралы тұңғыш рет жазып, шетелге таратқан мен туралы да бірауыз дерек жоқ болмай шықты. Рас, кітапта бұрынырақта түскен екі фотосуретім жүр.

– Дастаннан үзінді келтіре отырып, қазаққа қасірет пен тәуелсіздік қатар сезіндірген зобалаң жылды бүгінгі ұрпақ қалай қадірлеуі тиіс деп ойлайсыз?

– «Жаңа алаңда әскерлер тұр тас түйін,

Жауар бұлттай көңілімді басты мұң.

Ұлы Абайдың көшесінде шашылған:

Сыңар қолғап… сыңар етік… бас киім…

Құлағыма жеткендей ме азалы үн,

Ауды Абайдың келбетіне назарым.

Осы сәтте күңіреніп, ұлы адам, Деп тұрғандай: «Қайран елім, қазағым!..» Көтерем бе, мына тағдыр мазағын, Аз ба еді елім, сенің тартар азабың! Көзі жасты, күңіренген ұлы адам, Деп өкси ме: «Қалың елім, қазағым!..» — Қайран ата! Құдіретті Ұлы Абай, Қалай төзем, еңіремей, жыламай! Есіңде ме, ақ патшаның кезінде. Қызыл қырғын болып па еді мынадай? Дей беремін: «Бұлай болу мүмкін бе?..», – деп келтірейін. Иә, зұлмат жылдардың қиын қасіреті дүйім қазақ жұртшылығын есеңгіретті. Көз алдымда бейкүнә, қауқарсыз қыздың Қызыл әскердің соққысына төтеп бере отырып, бойындағы қаны мен намысын нықтап, қазақтың қамы үшін біраз сөз айтты. Міне, мен сол күні негізгі қазақ деген ұлттың намысын, өрлігін осы өрімдей жас қыздың бойынан көрдім. Әлі күнге дейін санамда жаңғырған желтоқсанның ызғарлы күні, «Зобалаңмен» бірге көз алдымда келеді. Бүгінде, ұлтты, қазақты құрметтеуді ұмыта жаздаған өскелең жастың, «Зобалаң» дастанын оқып, осы азат күннің қалай келгенін, еске түсіргеніміз абзал.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан, Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521