Қазіргі уақытта жасанды интеллект (ЖИ) технологиялары білім беру саласына кеңінен еніп, оқу үдерісінің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Осы бағытта тәжірибелі ұстаздардың бірі – Астанадағы №101 мектептің информатика пәнінің мұғалімі Жаннұр Ержанқызы. Ол жасанды интеллектті сабақ процесінде қолдану тәжірибесін бөлісіп, оның тиімді жақтары мен сақталуы тиіс этикалық қағидалары туралы әңгімелеп берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жасанды интеллект – сабақ процесінің көмекшісі
Қазіргі таңда жасанды интеллект білім саласына белсенді түрде енгізіліп жатыр. Біздің “Келешек мектебіміз” де пилоттық жобаға қатысып отыр. Бұл жоба аясында біз бірнеше цифрлық платформада жұмыс істейміз, – дейді ол.
Мұғалімнің айтуынша, AI құралдары мұғалімдерге бірқатар мүмкіндік береді.
Бұл платформада сабақ жоспарын жасау, тапсырмалар дайындау, интерактивті жаттығулар құрастыру, түрлі пәндер бойынша визуалды модельдерді қолдану мүмкіндігі бар. Мысалы, мұғалімдер өз пәні мен тақырыбына байланысты дайын модельдерді пайдалана алады. Бұл модельдер оқушыларға да қолжетімді. Сонымен қатар, мұнда кері байланыс алу жүйесі бар: оқушы тапсырманы орындағаннан кейін, оның нәтижесі мұғалімге тікелей түседі. Осы арқылы біз қай тақырыпты оқушы жақсы меңгергенін, ал қайсысында қиналып жатқанын анықтай аламыз, – дейді ұстаз.
Google Workspace және кіріктірілген AI құралдары
Жаннұр Ержанқызының айтуынша, қазіргі уақытта олар Google Workspace жүйесін де белсенді пайдаланады.
Әр оқушыға жеке аккаунт берілген. Ол арқылы оқушылар тек Google Classroom немесе Meet сияқты қосымшалармен ғана емес, кіріктірілген жасанды интеллект құралдарымен де жұмыс істей алады. Мысалы, тапсырмаларды орындау кезінде қажетті ақпаратты жылдам табу, мәтін қысқаша мазмұндау, сұрақтар немесе тест құрастыру сияқты функцияларды қолданады. Бұл құрал барлық пәнде қолдануға мүмкіндік береді, – дейді ол.
Информатика пәнінде мұғалімдер оқушыларға жасанды интеллект мүмкіндіктерін нақты тапсырмаларда қолдануға бағыт береді.
Біз, мысалы, бір тақырыпты өткенде сол бойынша 2-3 бет материал береміз. Оқушы сол материалдың негізгі терминдерін алып, AI көмегімен қысқаша мазмұндама немесе сұрақтар жиынтығын жасай алады. Бұл әдіс оқушылардың өздігінен ойлану қабілетін арттырады, – деп түсіндіреді маман.
Этикалық нормалар және қауіпсіздік ережелері
Жасанды интеллектті оқу процесіне енгізуде басты назар – этикалық нормаларды сақтау.
Балаларға ең алдымен жеке деректерді енгізуге болмайтынын түсіндіреміз. Мысалы, аты-жөні, сыныбы, жеке мәліметтері сияқты ақпараттарды жазуға тыйым салынады. Сондай-ақ жасанды интеллекттен алынған жауапты сол күйінде қабылдамай, оны сараптап, ой елегінен өткізу қажет екенін үйретеміз. Себебі AI қателесуі де мүмкін, – дейді Жаннұр Ержанқызы.
Оның айтуынша, информатика пәнінің бағдарламасына жасанды интеллект элементтері енгізілген.
Бізде бұл жеке пән ретінде емес, информатика курсының құрамында өтеді. Мысалы, 9-сыныпта оқушыларға жасанды интеллект құралдарын пайдалана отырып, зерттеу жобасын жасау тапсырмасы беріледі. Олар өздері қалаған құралды таңдап, ақпарат іздеп, талдау жұмысын жүргізеді, – деп түсіндірді мұғалім.
ЖИ – мұғалімге де, оқушыға да тиімді құрал
Жасанды интеллект мұғалім үшін де үлкен көмек. Мысалы, қысқа мерзімді жоспар дайындау, сабақ материалы мен тапсырмаларды әзірлеу кезінде уақыт үнемдейді. Сонымен бірге, әр оқушының деңгейіне қарай жеке оқу жоспарын құруға мүмкіндік береді. Бұл – басты артықшылығы, – дейді ұстаз.
Оқушылардың үй тапсырмасында жасанды интеллектті пайдалану жағдайлары да кездеседі.
Кейде балалар үй тапсырмасын орындауда AI-дың көмегіне жүгінеді. Бірақ біз арнайы сайттар арқылы олардың жауаптарын тексереміз. Бұл сайттар оқушының жауабы қаншалықты жасанды интеллектпен жасалғанын пайызбен көрсетеді. Сол арқылы жұмыстың қаншалықты өз еңбегімен жазылғанын анықтаймыз. Көп жағдайда балалардың жауаптарынан өз ойы мен ізденісі анық көрініп тұрады, – дейді Жаннұр Ержанқызы.
"Балалардың цифрлық сауаттылығы жоғары"
Мұғалім қазіргі оқушылардың технологияны тез меңгеретінін ерекше атап өтті.
Бүгінгі балалар цифрлық дәуірде өсіп келеді. Әлеуметтік желілерді, түрлі қосымшаларды, жасанды интеллект құралдарын еркін қолдана алады. Олардың техникалық қабілеті жоғары. Бірақ бастысы – сол мүмкіндіктерді дұрыс пайдалану, этикалық және қауіпсіздік нормаларын сақтау. Біз оларға осы бағытта бағыт-бағдар береміз, – деді ол.
Жасанды интеллект құралдарын қолдану кезінде мұғалімдер оқушыларға дұрыс промпт жазу әдістерін де үйретеді.
Яғни, сұрақты нақты әрі анық қою арқылы тиімді жауап алуға болады. Бұл – жаңа дәуірдің сауаттылығы. Алған ақпаратты талдап, шынайылығын бағалау – басты дағды болуы тиіс, – дейді Жаннұр Ержанқызы.
Жасанды интеллект білім беру процесін толық алмастырмайды, ол тек көмекші құрал.
Мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынас, баланың ізденісі мен талдауы бәрібір басты орында қалады. AI бізге тек бағыт береді, уақыт үнемдейді және оқушының жеке қабілеттерін ашуға мүмкіндік туғызады, – деп түйіндеді №101 мектептің информатика пәнінің мұғалімі Жаннұр Ержанқызы.


