Жылыой аудандық орталық ауруханасында үлкен серпіліс орын алды: дәрігерлер заманауи құрал-жабдықтар арқылы күрделі ортопедиялық оталарды сәтті орындады. Бұл жаңалық аймақ тұрғындарына жоғары технологиялық медициналық көмекті өз өңірінде алу мүмкіндігін беріп отыр. Бұрын мұндай оталар облыстық немесе республикалық орталықтарда жасалатын.
Алғашқы пациентке сол жақ жамбас-сан буынын тоталды эндопротездеу операциясы жасалды. Бұған дейін мұндай күрделі ота тек ірі орталықтарда ғана жүргізілетін.
Травматолог-ортопед Нұрдәулет Хұсанов мұндай ота жоғары дәлдікті және сенімді құрал-жабдықты қажет ететінін айтады. “Жаңа Stryker System 8 дрелі мен сагиттальды пила операция сапасын арттырып, уақытты қысқартуға мүмкіндік берді. Науқастың жағдайы қазір тұрақты» дейді ол.
Сол күні тағы бір күрделі операция сәтті өтті. Барлық операциялар аудандық аурухананың заманауи операциялық бөлімінде өтті.
Жылыой аудандық ауруханасының бас дәрігері Асулан Абдрахманов жоғары дәлдікті құрылғылардың ауданға жеткеніне қуанышты. Бұл дәрігерлерге жаңа мүмкіндіктер береді, ал тұрғындарға сапалы көмек көрсетуге жол ашады» дейді ол.
Жаңа жабдықтар операция сапасын арттырып қана қоймай, науқастардың жылдам сауығуына мүмкіндік береді. «Теңізшевройлдың» қолдауы шалғай аудандардың тұрғындарына күрделі медициналық көмекті өз өңірінде алу мүмкіндігін жасап, аймақ медицинасының дамуына зор серпін берді.


