Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Мұрат пен Жаскелеңнің сөз қағысуы

Өз заманында Мұрат Мөңкеұлы айтыс өнерінің асқан шебері болған.

Тіпті балаң кезінің өзінде-ақ ол небір от ауызды, орақ тілді азулы айтыскерлерге қарсы тұрып, белдесуден тайсалмаған. Өзі өмір сүрген аймақ – Тайсойған мен Бүйрек, Нарын мен Маңғыстау өңірлеріндегі атақты ақындарды әдейі іздеп барып, айтысқа түскен. Мұрат кезінде Жылқышымен, Бала Оразбен, Кете Жаскелеңмен, Жантолымен, Тыныштықпен, Ізім шайырмен, Бәленеймен және басқалармен сөз қағыстырған. Жаскелеңмен айтысы мен Ыбыраш Қорқытұлы ақсақалдың қолжазба мұрағатынан, қадірлі ұстазым, Ленин орденді абыз, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мұғалім, Атырау қаласының құрметті азаматы, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Сабыр Қазыбаевтың өз аузынан, Қызылқоға ауданының Миялы ауылында өмір сүрген, уақытында ақын Ығылман Шөрекұлының қосшы баласы болған шежіре қария Сарман Ғапуриннен қалған дәптерден жазып алғанмын.

Сарман қартпен көзі тірісінде әлденеше рет тілдесіп, Тайсойған-Бүйрек ақындарына қатысты бірсыпыра деректерді, олардың өлеңдерін жазып алған едім. Мұрат ақын туралы жетік білетін, өлеңдерін, айтыстарын жатқа соғатын. Әттең, соларды «түбі керек болар, ол кісіні де тарих «ақтаңдақтан аршып алар» деп ойлап, қағазға түсіріп алу қаперімізге кірмепті. Қолға түскендерді саралай, сараптай келе облыстық «Атырау» газетінің әдеби-тарихи серігі «Атамекен» басылымының 1991 жылғы ақпан айында жарық көрген №4 санында Мұрат пен Жаскелеңнің сөз қағысуының осы нұсқасын, түсініктемелермен қоса отырып оқырмандарға ұсынудың сәті түсті.

1868 жылы Көкжардың базарын аяқтап, Кете ауылдарының үстімен еліне қайтып келе жатып Мұрат бір байдың қыз ұзатып жатқан үлкен тойына тап болады да реті келсе той бастағысы келіп аялдайды. Бірақ, ол арада Мұратты танитын ешкім болмайды. Ертеңіне ауыл сыртына халық жиналып, абыр-сабыр болып жатқанда:

-Тойды кім бастайды?- деген дауыс шығады. Жұрт тына қалады. Сонда ауылдың бір ақсақалы тұрып:

-Тойды кім бастайды деп не сұрайтыны бар, тойды Әлім бастай-тұғын, Жетіру қостай-тұғын, бар болса Байұлы олжа ала-тұғын, қазақтан Жаскелеңдей жүйрік туды деймісің, Жаскелең бастайдыдағы, - депті. Сонда Мұрат ұшып тұрып, ортаға шығып:

-О, ағайын, құдайы қонақпын, Байұлымын, жол менікі, берсең Байұлының жолдығына бастаймын, бермесең Жаскелең деген қайсы, сонымен айтысып, жеңіп бастаймын,- дейді.

Той бастар жолдық үстіне ақ шапан жапқан көк бие екен. Сонда Жаскелең тұрып:

-Өзім-өз болғалы айтысамын деп алдыма адам баласы келген жоқ еді, не өлеңіңнің көптігіне сеніп келген бала боларсың, не жарлылығың басып, бетіңнің арсыздығы жеңіп келген бала боларсың, жылқыға зәру ел ме едің, Байұлы иттің баласы,- деп бастай жөнелген.

Алаш та Алаш болғалы,

Алаша атқа мінгелі

Ала шұбар ту байлап,

Алаш деп ұран бергелі,

Алшын еді бабасы,

Шолпан еді анасы,

Сұрай келсек әр жұрттан,

Әлім дейді ағасы,

Ағаға кімнің таласы.

Жаз жайлауым сұрасаң – Терісаққан,

Қобда, Шыңғырлау,

Ойыл да Қиыл, Батпақты –

Үш өзеннің саласы.

Күз күзеуім сұрасаң –

Топырақшашты, Жем, Қайнар,

Сағыздың сары даласы.

Қыс қыстауым сұрасаң –

Ұзын Жемнің аяғы,

Көлденең жатқан көк теңіз –

Атыраудың жағасы.

Өзімнің атым Жаскелең

Кете Бекберген жырау баласы.

Он жасымнан асқалы,

Осы жасқа келгелі,

Екі жақты, бір тілді Пенденің жоқ-ты таласы.

Әлім деген аға жұрт,

Ағаға кімнің шарасы.

Жолсыз жерге тап беріп,

Жарлылық айдап келді ме,

Жылқыға зәру ел ме едің.

Қаңғырып жүрген сен де бір

Байұлының баласы.

Жаскелеңнің тілінің бізін тығып, намысқа тиетін сөз айтуына шыдай қоятын Мұрат па еді, кезек бергенінде үсті-үстіне төгілте жөнеледі. Ол қарсыласының өз сөзімен өзін ұрғылап, бас көтертпейтін ежелгі тәсілімен Жаскелеңге былайша тап береді:

Алаш та Алаш болғалы,

Алаша атқа мінгелі,

Ала шұбар ту байлап,

Алаш деп ұран бергелі,

Шолпан еді анасы,

Алшын еді бабасы,

Сұрай келсек әр жұрттан,

Әлім дейді ағасы.

Жайлауыңа мақтанба,

Жаз жайлауың білемін – Терісаққан,

Қобда, Шыңғырлау,

Ойыл да Қиыл,Батпақты –

Үш өзеннің саласы.

Мұныңды байқап қарасам,

Жазғытұрғы табының

Егістік айдап тастаған,

Жыртындының арасы.

Күзегіңе мақтанба,

Күз күзеуің білемін – Топырақшашты,

Жем, Қайнар, Сағыздың сары даласы.

Мұныңды байқап қарасам,

Жазғытұрғы адайдың

Топалаңнан қойы өліп,

Шары жұрт қылып тастаған,

Өлімтіктің арасы.

Қыстауыңа мақтанба,

Қыс қыстауың білемін –

Ұзын Жемнің аяғы,

Көлденең жатқан көк теңіз,

Атыраудың жағасы.

Жер тимеген кетеге,

Жазыла көшер жерің жоқ.

Қайта көшіп, жол салып,

Байұлы бөліп тастаған,

Тамам сордың арасы,

Өлеңті мен Шідерті Естек кете жайлаған.

Жағалай бие байлаған

Жетіру мен Әлімнің Екеуінің арасы.

Әлімге қоспа кетені,

Кете деген еліңіз,

Әлім де емес, бай да емес,

Асыранды қара қарын баласы.

Жас күніңде қаңғырып,

Қасыма келген сен едің.

Асыранды болған соң,

Қой бақтырған мен едім.

Көк қошқардың баласы

Қоңыр қошқар мен сойып,

Қолыңа таяқ ұстатып,

Таяғың құтты болсын деп,

Майлы таяқ қойшым деп,

Майлыбай деп шақырып,

Ұран берген мен едім.

Отыз ешкі, қотыр нар

Енші берген мен едім.

Сол еншіге өкпелеп,

-Кетемін,- деген сен едің,

-Кетсең, кете бер,- деген мен едім

Өзіңнің «кетемін» деген тіліңнен,

Кете атанған ел едің.

Төсағаш пен Сүрелі Шегің болсын деп едім.

Сенің Кете деген атаң жоқ,

Арғы атаңды білемін –

Бәутиын мен Жәутиын.

Иттің атын қойдырып,

Ит атанған сен едің.

Жылқыға кедей ел емен,

Орныңды тап та жүлдеңді ал.

Осы мәніс қалай деп,

Жұрт алқасы жиында,

Өздеріңдей білгіштен

Сұрайыншы деп едім.

Ел аузындағы ескі сөзге, шежіреге олақтау Жаскелең жауап қайтара алмай қалады. Содан Мұрат той бастап, жолдығын алып, сол тойда жүрген Байұлымын дегендердің біреуіне шапанды, біреуіне биені беріп кеткен. Сөз қағысудағы жер-су атаулары мен ру, адам аттарына бұрынғы тарихи, әдеби, ғылыми мұраларда, шежірелерде келтірілген, хатталған деректерге, мағлұматтарға сүйене отырып мынадай түсініктер беруге әбден болады: 1.Көкжар – Ақтөбе облысындағы осы күнгі Ойылды қазақтар Көкжар, онда өтетін жәрмеңкені Көкжар базары деп атаған. 2.Кете – алты аталы Әлімге жататын рулардың бірі. 3.Әлім, Жетіру, Байұлы – Кіші жүзге жататын рулардың құрамы. 4.Алаш – жалпы қазақ халқының ұраны. 5.Алаша – ел, халық деген мағынада. 6.Алшын, Шолпан – Кіші жүздің атасы мен анасы. 7.Терісаққан, Қобда, Шыңғырлау, Ойыл, Қиыл, Батпақты, Топырақшашты, Жем, Қайнар, Сағыз, Өлеңті, Шідерті, Төсағаш, Сүрелі – жер, өзен аттары. 8.Атырау – Каспий теңізінің қазақша ескі аты, Атырау ойпатын орысша «Прикаспийская низменность» деп атайды. 9.Естек – Кете руының бір тарауы. 10.Адай, Таз – Байұлына жататын рулар. 11.Майлыбай – Кете руының ұраны. 12. Бәутиын, Жәутиын – адам аттары. 13. Содан Кете атанған ел едің – Мұрат шежірені көп білгендіктен бір сөздің түбірінен екінші мағыналы сөз қуалап табуға, айтысып отырған адамын тығырыққа қамап, бастырып тастауға, сәл нәрсені дыңдай етіп атауға өте шебер болған. Бұл нағыз айтыс ақындарына таптырмайтын әдіс. Кете деген есім кет деген сөзден шықты ма, жоқ па, ол жағы күмәнді. Бірақ Мұрат жеңу мақсатында ретсіз болса да орынды келтіріп отыр. Ал, оның арғы жағын анық білмегендіктен қанша айтқыш болса да Жаскелең жауап қайтара алмаған. Шежірені білудің керектігі міне, осыдан шығады.

Ескеретін жайт: бұл сөз қағысу әр кезеңде бірсыпыра басылымдарда үзіп-жарып жарияланды да. Әріректе, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары профессор Халел Досмұхамедов, оған жалғас қазақтың айтулы сөз зергерлері Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Қажым Жұмалиев, беріректе, алпысыншы-жетпісінші жылдары бірегей ғалым Қабиболла Сыдиықов бастаған әдебиет зерттеушілері ақын Мұрат Мөңкеұлының өмір жолы мен шығармашылығы хақында өзіндік ойлары мен пайымдауларын ортаға салған ғылыми мақалалар жазып, баспасөз беттерінде жариялады, кітаптарға шығарды. Ал, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Омарұлы бертін келе бұл тақырыпты түпкілікті қолға алып, індете зерттеді. Нәтижесінде ол Мұрат Мөңкеұлына қатысты тайға таңба басқандай орнықты, салмақты, салиқалы дәлелдермен, бас бұрғызбас тұжырымдармен көмкерілген қыруар ғылыми еңбектер жазып, дүниеге толымды кітаптар әкелді. Бұрынғы Мұрат Мөңкеұлына тағылған кінәдан, зар заман ақыны деп шығармаларын шеттету тәрізді ақтаңдақтардан біржола аршып алып, әдеби айналымға түбегейлі қосты. Сөйтіп өткір тілімен кесек турап, өз заманында шындықты шырқырата айтқан азулы, айбарлы, адуынды ақын Мұраттың аты-жөнін, өлмес, өшпес мұрасын айдай әлемге әйгіледі.

Мұрат Мөңкеұлының тапқырлығын, айтқыштығын паш ететін айтыстарының бірі, сөз жоқ, Жаскелеңмен сөз қағысуы. Бұл сөз қағысу Мұрат ақынның 2013 жылы «Ана тілі» баспасынан шыққан кітабындағы шығармалардың қатарында 1924 жылы профессор Халел Досмұхамедовтің құрастыруымен Ташкент қаласында басылған «Мұрат ақынның сөздері» атты жинақтан алынған нұсқасы берілген. Оның біздің қолымыздағы нұсқадан бірқыдыру айырмашылықтары бар. Кітаптағы Жаскелеңнің бастауында «Сұрай келсек әр жұрттан», «Үш өзеннің саласы», «Ұзын Жемнің аяғы, Көлденең жатқан көк теңіз», «Әлім деген аға жұрт, Ағаға кімнің шарасы», «Жолсыз жерге тап беріп» деген сияқты жолдар жоқ. Сондай-ақ, бірқатар сөздер өзгертілген, өзге жолдың қолтығына кіріп кеткен. Ал, Мұраттың қарсыласына қайтарған жауабында да қайталанатын «Сұрай келсек әр жұрттан», «Ұзын Жемнің аяғы, Көлденең жатқан көк теңіз» деген жолдар, сонымен қатар, «Мұныңды байқап қарасам, Жазғытұрғы табының, Егістік айдап тастаған, Жыртындының арасы», «Мұныңды байқап қарасам, Жазғытұрғы адайдың, Топалаңнан қойы өліп, Шары жұрт қылып тастаған, Өлімтіктің арасы», «Қыстауыңа мақтанба», «Жазыла көшер жерің жоқ, Қайта көшіп жол салып», «Өлеңті мен Шідерті Естек кете жайлаған. Жағалай бие байлаған, Жетіру мен Әлімнің Екеуінің арасы. Әлімге қоспа кетені», «Жас күніңде қаңғырып, Қасыма келген сен едің», «Таяғың құтты болсын деп», «Төсағаш пен Сүрелі Шегің болсын деп едім. Сенің Кете деген атаң жоқ, Арғы атаңды білемін – Бәутиын мен Жәутиын. Иттің атын қойдырып, Ит атанған сен едің...», «Осы мәніс қалай деп, Жұрт алқасы жиында» деген сияқты жолдар мен шумақтар өткен ғасырдың басқы тұсында шыққан кітапқа кіргізілмеген сықылды. Оның да өзіндік себептері болуы мүмкін. Біріншіден, ауыздан ауызға көшкенде, жазылып алынған уақытта түсіп қалмасына кім кепіл?! Екіншіден, ол жолдарды сол кездегі баспа қызметкерлері, редакторлар ру араздығын туғызбас үшін жұмсартпақ ниетпен қысқартып тастамады ма екен деп ойлайсың. Кітаптағы «Шыңғыстың басы – Қособа Естекте Кете отырған, Жер шегінің арасы» деген Мұраттың сөзі біз жинақтаған нұсқада болмай шықты. Саралап қарасақ ол үш жол керек, өзіндік мән, мағынасы бар үзінді деп ойлаймын. Мұрат Мөңкеұлының шығармаларын баспаға қайта дайындайтын шақ болса, оларды сөз қағысуға қосу ескерілгені жөн.

Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі, Қызылқоға ауданының құрметті азаматы,

доцент.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT