БІРТУАР ТҰЛҒА
Қазақтың біртуар ұлы жазушысы, драматург Атырау өңірін, елін, жерін сыйлаған, жас ұрпақты тәрбиелеу үшін бар өмірін арнаған сүйікті інім Рахымжан Отарбаев бұл фәниден бақилыққа аттанды деген суық хабар жүрегімізді ауыртты. Оның шығармашылығы, табиғи дарыны ана сүтінен, туған жердің топырағынан дарыған. Ол тек Атырау өңірі мен республикаға ғана танымал емес, оның есімі дүниежүзіне таныс. Рахымжанның бойына біткен жақсы қасиеттерінің бірі өте бауырмал еді...
Адамдармен қатынасы сыпайы, адамгершілігі мол азамат. Оның турашылдығы, өзіне біткен мінезі өте ерекше болатын. Сонымен қатар, оны өте парасатты, ақылды, сөзге шешен, қазақ халқының тарихын жетік меңгерген ақын деп білемін. Ұлын ұяға, қызын қияға ұшырған, барлығына жоғары білім берген отбасы.
Рахымжан Отарбаевтың кезінде дүниежүзіне танымал ұлы жазушы Шыңғыс Айтматовпен ағалы-інілі болып сыйласып, одан тәлім-тәрбие алған жазушы. Оның көптеген кітаптары Қытай, Түркия, Қырғыз, Германия елдерінде басылып шықты. Оның драматургия саласындағы шығармалары да көптеген елдердің театрларында қойылып, бас жүлделерге ие болды. Соның арқасында ол халық құрметіне бөленді. Рахымжанның «Шыңғыс ханның көз жасы» хикаяты және басқа шығармалары да жас ұрпақтың сүйіп оқитын романдарына айналды. Осы тұста, атақты би Сырым батырдың ақылшы ағасы болған Қаратау бидің ұрпақтары туған жеріне, Қызылқоға халқына арнап, Миялы ауылының орталығына салып берген «Бәйтерек» мешітінің ашылу салтанатында Рахымжан інім арнайы келіп, сөйлеген сөзі, қызылқоғалықтардың мәңгілік есінде. Сондай-ақ, тағы бір Миялы ауылының халқымен жүздесуде Рахымжан Отарбаев: «Қасиетті Қызылқоға топырағының әрбір төбесі, жусаны менен жыңғылы, сайы менен өзені тарихқа бай. Тек оның зерттелмей жатқаны, біздің жанымызға қатты батып жүр. Оны зерттеу біздің басты міндетіміз болуы керек», – деп тебірене сөйлеген болатын.
Ұлтының болашағын ойлап, тарихын зерделеген біртуар азамат бүгін қара жер қойнауына жайғасты. «Аға» деп сыйлаған ізетіңмен әркез биік едің... Енді мәңгілік халқыңның сүйікті ұлы болып қалмақсың... Әттең...
Мыңбай ЖАРЫЛҒАҒАН,
ауданның Құрметті азаматы.
ХАНСАРАЙ СОҚТЫҢ СӨЗДЕН МҰНАРАЛЫ
Жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың рухына
Ер салып арғымаққа арман атты,
Дарының шартарапты жалғап жатты.
Келгенде кемеліңе толған айдай,
Қадалды оқ жүрегіңе ажал атты.
Өмірдің талапкерге жарысы көп,
Көңілдің шын жақсыға алысы жоқ,
Сен 22, мен 26 жаста едім,
Кеңесте облыстық танысып ек.
Болған соң айтары көп озық дарын,
Қара үздің қиындықтың бұзып бәрін.
Жаздың сен қалтарысты тарихпен,
Ауылдың амазонка қызықтарын.
Министр құшақтасып қол алысты,
Келуші ең жақындатып кейде алысты.
Тірілтіп сахнаға алып шықтың,
Жәңгір хан, Махамбет пен Бейбарысты.
Қырандай айналаңа жіті қарап,
Шашыңды артқа қарай сілкіп, тарап.
Төгілтіп сөйлегенде жиылған жұрт,
Тыңдаушы ед сөздеріңді қақпай қабақ.
Бұрған жоқ саған мойын әлем тегін,
Жолдады құттықтау мен сәлемдерін.
Біртуар тұлғаларды туған талай,
Айбынын Атыраудың дәлелдедің.
Хансарай соқтың сөзден мұнаралы,
Халқыңның қанбайтұғын құмар әні.
Қоладан мүсінделген көз тартатын,
Дидарың ескерткіш боп тұрар әлі.
Роман, хикаяңды оқып анық,
Жоғары бағалады талай алып.
Иманды бол, о, қайран, Рахымжан,
Қош енді, жатқан жерің болсын мамық!
Қалидолла ІЗЕКЕН,
Қазақстан Жазушылар
Одағының мүшесі
АРЫСЫМ МЕНІҢ, БАҚҰЛ БОЛ!
Әр сөйлеген сөзі бүтіндей бір тарихты қамтып беретін Рахымжан Отарбаев та бұл фәни жалғаннан бақилыққа аттанды. Көңіл құлазып, еңсем түсіп, есіме естеліктер оралды. Мен 1975 жылы Орал педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түстім. Ал, Рахымжан Отарбаев сол институтта менен 2 курс жоғары оқыды.
Оның кеудесінде тұнып тұрған дарыны сол кезде маған түрткі болған. Айталық, Рахымжан оқу бітіргеннен кейін «Орал өңірі» газетінде және облыстық телевидениеде жұмыс жасады. Қасымдағы оралдық ақындар Амангелді Шахин, Ғайсағали Сейтақ пен менің тырнақалды туындыларымызды қарап, бізге дұрыс жол сілтеген болатын. Рахымжанның айтар сөзі мен істеген ісі көпке үлгі. Ол өзін дәлелдеген дүниежүзіне танымал жазушы. 2003 жылы «Бәйтерек» мешітінің ашылуы қарсаңында да жолыққан болатынбыз. Сол кездесуде Рахымжан Отарбаев: «Жайғали, сен осы өлеңді жақсы шығаратын едің ғой. Мен Атырау өңірінің ақындарының өлеңдерін жинақтап кітап шығарғалы жатырмын. Маған беріп жібер», – деген еді.
Алайда, мен өлеңдерімді жинақтап беріп жібере алмадым. Бірақ, сол сапарында маған кітап шығару керек екенімді баса айтты. Міне, содан кейін өлеңдерімді жинақтап 2010 жылы «Айналайын» атты өлеңдер жинағымды шығардым. Осындай ісінен кейін оның «Өзгеге болсын!» деп тұратын бауырмалдығы айқын көрінді. Облыс орталығынан шалғай орналассақ та, әр шыққан кітабын тебірене оқимын. Оның қазақ әдебиетіне тигізген септігі зор. Еңбектері де жоғары бағаланды.
Әттең... Ажалдың құрығынан аман алып қалу адамның қолынан келер іс емес. Жиырмасыншы ақпан ақтық сапарға аттандырған күн. Бұл күн қазақ арысынан айырылған қаралы күн. Бақұл бол, абзал азамат!
Жайғали ӨТЕУҒАЛИ,
Жаңашаруа орта мектебінің мұғалімі.
«РУХАНИ БҰЛАҒЫМ ЕҢ, ЖАН АҒА!»
«Студенттік кезең – алтын кезең» деген сөзді ұстаздарымыздың аузынан жиі еститінбіз. Бірақ, ол сөздің астарын толық түсіне қоймаған едік. Кейін университетте әртүрлі осы өңірден шыққан немесе осы оқу орнын бітірген игі жақсылармен кездесу кештері өткізіле бастады. Осындай бір кездесу кешіне 2 курс оқып жүргенімізде тағы жиналып, курстастарымның бірі еш құлықсыз, бірі көңілсіз барған болатын. Бар ойымыз далада.
Сол кезде өзіндік сырт бейнесі мен шашын бір қайыра аудиторияға жазушы, драматург Рахымжан Отарбаев кіріп келді. Біз үн қатпастан сахнаға дейін шыққанын бақылап отырмыз. Бір кезде қоңыр үнмен сөзін бастады. Ойы далада болған курстастарым ұйып тыңдап қалды. Дәл сол қалыпта 2 сағаттың қалай өткенін аңғармай да қалдық. «Жақсымен өткен жарты сағат, жаманның өтіп кеткен өміріндей» демекші сол сағаттардың өзіме рухани азық сыйлап қана қоймай, өмірге деген талпыныс, күш-жігер сыйлады. Оның даусы, тұрысы, шашын түзегені әлі көз алдымызда. Әр сөзіне «Иә» деп әр бере отырып, тағылымға толы ой айта білді. Тіпті, сол кездесуден кейін курстастарымызбен бірге кітапханаға бет алдық. Сондағы бәріміздің ойымызда «Осындай нар тұлғалы талантты жазушының оқыған білім ордасында жүріп, ол оқыған факультетте оқып, ол отырған партада отырып, ол жүрген жермен жүре тұра, ол тудырған баға жетпес бай шығармаларының бірде-бірін оқымауымыз кешірілместей көрінген. Жарыса да, таласа оқыдық. Сол күннен бастап жеке кітапханамыз ағаның кітаптарымен толықты. Мәселен, «Шыңғыс ханның көз жасы», «Біздің ауылдың амазонкалары» және тағы басқа шығармаларын оқыдық.
Ол нағыз сөз өнерінің қадірін қастерлей білетін азамат еді. Әрбір айтқан ойы санаға бірден тоқылатын. Ол университетке келгенде кездесуді асыға күтіп жүретінбіз. Әр кездесуден кейін жан дүниеміз жаңарып, жаңа бір сатыға көтерілгендей болатын. Ол кісімен жүздесумен өткен жылдарым ең баға жетпес алтын кезең екені сөзсіз. Өкініштісі де сол біртуар азаматтың тірі болғанда ел үшін туар құнды шығармалары әлі де жарық көрер ме еді... Әлі де қоңыр үніңізді естір кездесу күні туар ма еді... Неткен өкінішті. Қош, қазақтың қайсар қаламгері! Жаныңыз пейіште шалқысыншы, жан аға!
Ақерке ХАЛЕЛ,
М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік
университетінің 4 курс студенті.