Республикалық, облыстық, аудандық паралимпиада ойындарында үстел теннисінен бірнеше дүркін жүлдегер Базарбай Теміржан жақында республикалық «Zhasproject» жобасының жеңімпазы атанып ауыл арасында мүмкіндігі шектеулі жандарға, аз қамтылған отбасы балаларына үстел теннисі орталығын ашты.
Аталмыш жоба жеңімпазы қазір «Жастар орталығы» ғимаратында шәкірттерді қабылдап жатыр. Ал, үстел теннисін үйренемін деген балалар санында шек жоқ. Жоба жеңімпазы екі айдың өзінде жүз алпыс баланы қабылдап үлгерді. – Үстел теннисін жаныма серік еткелі үш жылдай уақыт өтті. Бүгінде аталмыш спорт арқылы көптеген жетістіктерге жеттім. Бұл жетістіктер мақсатқа жету жолындағы құлшынысымды арттыра түсті. Қазір аудан орталығында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орталықтар саны көп емес. Бүгінгі бастама аталмыш жандардың өмірге деген көзқарастарын өзгертіп, спортқа деген махаббаттарын ояту мақсатында қолға алынып отыр,-дейді Базарбай Теміржан.
Ендеше, ауыл арасында мүмкіндігі шектеулі балалармен әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларын қуантып жүрген Базарбайдың бастамасына сәттілік тілейміз!
Нұрәділ ЕЛАМАН