Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Сағызбек салдырған спорт кешен

Сағыздағы сексен жылдық тойдың салтанатты жиын аяқталған соң мерейтой қонақтары Сағыз ауылында «Сағыз и КО» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сағызбек Тастеміровтің демеуші болуымен салынып жатқан спорт кешенінің құрылысымен танысты.

Мұның өзін ұйымдастырушылар салтанатты шара қылып өткізді. Алдымен барлық қонақтар №9 орта мектептің ауласында оқушылардың дайындаған концерттік номерін тамашалады. Содан кейін сөз алған белгілі кәсіпкер Сағызбек Тастеміров:

– Қазақта «Туған жерге туыңды тік» деген жақсы сөз бар. Яғни, әрбір азамат өзі туып өскен жерін қастерлеуге, оған көмек қолын созуға міндетті. Бұл туралы Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында да баса айтылған. Соған сай біздің де ауылымызға кішкене болса да көмегіміз тисін деген ниетпен осы спорт кешенінің құрылысын бастаған болатынбыз. Құны 20 миллионның шамасында болатын спорт кешінін осы бір-екі айдың ішінде бітіреміз деп жоспарлап отырмыз. Осы орайда, айта кетейік нысанның құрылысына Мұрат Көптілеуов, Арман Досекенов, Нұрбол Досымбай, Нұрлыбек Әмірше, Ринат Егізбаев, Аманжол Нұрбай, Санабай Боранқұлов, Мейірболат Макулов және тағы да басқа азаматтар мен ауыл жастары үлкен көмек көрсетуде. Соларға сіздердің алдарыңда алғысымды айтамын, – деді. Одан әрі мерейтойға қатысушылар нысанның құрылыс жұмыстарымен танысты. Ұзындығы 24 метрлік спорт кешенінің ішінде болашақта жас балуандар дайындалатын болады. Ішінде ерлер және әйелдерге арналған киім ауыстыратын, жуынатын бөлме, әжетхана, жаттықтырушылар бөлмесі дейсіз бе жанға керектінің бәрі болады. Құрылыс жұмыстарының жетпіс пайызы аяқталған. Нысан ішін аралап көрген қонақтар құрылысқа оң бағаларын беріп, «Чемпиондар көптеп шықсын» деген тілектерін білдірді.

Дулат БЕРІК.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT