Сағыздықтардың торқалы тойында аяқдопшылар да жарыс көрігін қыздырды.
Сексен жылдыққа орай ұйымдастырылған кіші аяқдоптан өткен аудандық ашық турнирге Жылыой, Мақат аудандарымен қоса Сағыз, Миялы ауылдық округтерінен барлығы сегіз команда қатысты. Екі топқа бөлініп сынға түскен командалар ә дегеннен тартысты ойынды бастап кетті. Алғашында құлсарылықтар мен Мақат ауданы құрамасы қарқынды көрінген. Құлсары құрамасы жартылай финалда миялылық аяқдопшылардан ұтылса, мақаттықтар Сағыз құрама командасынан жеңіліп қалды. Сөйтіп, финалға Миялы және сағыздық «Ер Қосай»командасы шықты. Жарыс нәтижесінде миялылықтар жарыс жеңімпазы атанса, «Ер Қосай» командасы екінші орынға қол жеткізді. Ал, үшінші орын үшін болған тартыста Сағыздың жастар құрама командасын ұтқан құлсарылықтар қанжығасына байлады. Жеңімпаз бен жүлдегер атанған командалар арнайы кубок, медаль және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Өз тілшіміз.