Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ол жарыстан жүлдесіз оралған емес

Ол қатысқан жарыстарынан әлі жүлдесіз оралып көрмепті. Соған әбден дағдыланған тәрізді.

Әр жарыстағы белдесулері оған құдды жәй кезекті жаттығу жасап жүргендей сезілетіндей. Бойынан ешқандайөзгешелік таба алмай таң қаласың. Сондай сабырлы, бірбеткей, мінезді қалпынан танбаған. Міне, жуырда ғана ол Башқұртстанның бас қаласы Уфада өткен халықаралық жарыстан тағы да жүлдемен оралды. Төңірегінде қолпаштап тұрар қазағы болмаса да жырақта жүріп елінің намысын қолынан бермеді. Қанжығасына қола медальді байлап келді. Бұл, сөз қылып отырған балуанымыз қазақтың қаршадай қызы Дәмелі Асылханова. Оның он бір жаста бола тұра дзюдо күресінен «Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер» спорттық атағы бар. Спорттан хабары бар кез келген адам бұл атақтың оңай жолмен келмейтінін, оның артында қаншама төгілген маңдай тер, зор еңбек жатқанын түсінеді.

Дәмелінің бойындағы дара күшті алдымен әкесі байқапты. Отбасылық «Толағай» спорттық ойынына қатысу барысында бес баласының ішінде осы Дәмелі қызы өзгелерінен жас жағынан кіші болса да ептірек, жылдам, төзімдірек болған. Қандайма жарыстың түріне салсаң да екі апасынан шапшаңдық жағынан оқ бойы озық болды. Баласының бойындағы бұла күшті бағалаған әкесі, осы жарыстан соң оған спортпен шұғылдануға кеңес береді. Дәмелінің әкесі Қайрат та спорттан құр алақан емес. Ол кезінде күрестің самбо, дзюдо түрлерімен айналысып, соңғы уақытта қазақ күресіне ден қойып, түрлі облыстық, қалалық жарыстардың жеңімпазы болған. Қазақ күресінен «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағының иегері. Бүгінгі күні спорттан бөгде салада қызмет істесе де жаттығу залына тұрақты түрде барып тұрады.

Сондай кезекті бір жаттығуына қайсар қызын ертіп барып, дзюдо күресімен таныстырады. Томашадай қыз тапжылмай тамашалаудан жалығып, әкесінің қимылдарын қайталауға көшеді. Әкесі аунаса аунайды, секірсе ол да секіреді. Ұзақ қашықтыққа жүгіріп еді, ол да төзімділік танытып, әкесінен бір елі қалған жоқ. Осыдан бастап Дәмелінің күреске деген аңсары ауады. Балықшы кентінде орналасқан спорт мектебіндегі дзюдо күресінің үйірмесіне тоғыз жасында жазылып, жаттықтырушысы Анель Сүлейменовадан күрестің қыр-сырын үйрене бастады. Әр жаттығуға бар ынта-жігерімен кірісіп, әр әдісті шынайы құлшыныспен жасауға дағдыланды. Күреске келгеніне екі ай толар-толмастан қалалық жарысқа қатысып, бірінші орынды иеленді. Жеңістің тәтті дәмін татқан оны одан әрі тоқтату мүмкін болмады. Бірнеше қалалық, облыстық, республикалық жарыстардың қай-қайсысынан да көбіне топ жарды. Өзімен қарайлас қыздардан оқ бойы озық көрінді. Жеңістен-жеңіске жету арқылы шыңдалды, бірақ құрбыларына деген риясыз достығына таңба түсірмеді. Сол баяғы салмақты, адал, ақ жарқын кейпін өзгертпеді.

Наурыз айының басында Ақтөбе облысының Шалқар қаласында қыздар арасында дзюдодан ашық республикалық турнир өтіп, барлығы 200-ге жуық спортшы қатысты. Оның ішінде, Атыраудан барған жеті қыздың алтауы алтыннан алқа тағынып келді. Оның бірі әрине Дәмелі болды. Қыздарымыздың бұл жетістігін спорт мамандары өте жоғары бағалап отыр. «Баласы атқа мінсе, анасы үйінде отырып тақымын қысады» демекші, сол жарыс болып жатқан күндері анасы Айнагүл баласына телефон шалса «Анашым, түске дейін төрт кездесу өткізіп, төртеуін де таза жеңдім. Түстен соң финалдық белдесуім болады. Уайымдама, ұтамын ғой» деп сенімділікпен айтыпты. «Болар бала жасынан» демекші, жыл жарым уақыттың ішінде кейбіреу жиырма жыл жүріп ала алмай кететін атақты алып, жасындай жарқырап жүрген Дәмелінің болашағынан «қазағымның атағын асқақтатады» деген дәмеміз болғандықтан еріксіз қолымызға қалам алуымызға тура келді.

Мұратбек ЖАҢАБАЙ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521