Жақында Астана қаласында қазақ күресінен Азия чемпионаты өтіп, онда жерлестеріміз Наурызбек Майлашев пен Нұрболат Ізімғалиев жүлдегер атанғанын газетіміздің өткен санында хабарлаған болатынбыз.
Өткен аптаның бейсенбісі күні сарықұрлық додасында жүлдегер атанған қос балуан бапкерлері Айбек Серғазиевпен бірге туған ауылдарына ат басын бұрып, оларды аудан әкімінің орынбасары Марат Әбуов, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Мәлік Сүлейменов бастаған топ ауыл сыртынан салтанатты түрде күтіп алды. Сол жарыста тәжік балуанымен белдескен Нұрболат иығы шығып кетсе де, қайтадан салдырып, қарсыласын жеңіп шыққан болатын. Нұрболаттың бұл ерлігі әлеуметтік желілерге лезде тарап, тіпті соңғы аптадағы ең көп қаралған бейнекөріністердің бірі болды. Әлеуметтік желі қолданушылары мен танымал тұлғалардың өзі әлгі бейнекөрініспен бөлісіп, «Халық қаһарманы атағын беру керек» «Қасқыр мінезді жігіт екен», «Ер болсаң Нұрболаттай бол», «Көзіңнен жас шығаратын ерлік қой мынау» деп ішкі тебіреністерін жасыра алмауда. Жалпы қазақ күресінен Астанада өткен Азия чемпионатының беделін биіктетіп, абыройын асырған осы Нұрболаттың ерлігі десек те болады. Сол жарыстан соң жерлес балуан жайлы білгісі келетіндердің қатары күрт көбейді. Соған сай, жақында ғана туған ауылына атбасын тіреген батыр ұлды жеңісімен құттықтап, артынша сұхбаттасқан едік.
– Нұрболат, жеңіс құтты болсын. Ауыл-дан шығып, Астана төрінде атой салған батыр ұл туралы білгісі келетіндердің ішінде газет оқырмандары да бар. Сондықтан өзің жайлы толығырақ айтып берсең. Қай жердің тумасысың, спортқа неше жасыңнан келдің?
–Біріншіден жеңісіммен құттықтап, қол-паштап жатқан барша ағайынға рахмет. Мен осы Қызылқоға ауданы, Миялы ауылында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Отбасымызда төрт ағайындымыз. Менің алдымда бір апам, меннен кейін екі інім бар. Әкеміз 2012 жылы өмірден өтті. Қазір анаммен, бауыр-ларыммен осы Миялыда тұрып жатырмыз. Ең алғаш күрес үйірмесіне алты оқып жүрген кезімде бардым. Әлі есімде күреске 2007 жылдың сәуір айында барып, сол жылы мамыр айының аяғында мектеп бітіргендеріне 20 жыл болған түлектер дзюдо күресінен жарыс өткізді. Сол жарыста 29 келіде бірінші орынды жеңіп алып, сыйлыққа кимоно алған едім. Содан бері осы спорт саласындамын. Бірінші жарыстан алған кимономды біразға дейін киіп, соның арқасында біраз жетістіктерге жеттім.
Алғашқы жаттықтырушым Ертай Ерғалиев болды. Мектеп бітіргенше Ертай ағайдың қол астында жаттығып, кейіннен қалаға оқуға түскенде Айбек Серғазиевтің шәкірті болдым. Менің күрестегі барлық жетістіктерім осы бапкерлердің еңбегі деп білемін. Мектеп бітірген соң Атырау қаласындағы Қ.Дүтбаева атындағы педагогикалық колледжде, кейіннен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде спорт және дене шынықтыру мамандығы бойынша, оқып білім алдым. Қазір өз мамандығым бойынша Миялыдағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушымын.
– Біздің ауданнан шыққан балуандар көбіне дзюдо, самбо күресінен жетістікке жетіп алып, сосын барып қазақ күресіне ауысады. Ал, сенің жетістігіңнің көбі қазақ күресінен екен...
–Оныңыз рас. Жалпы әр адамның өзінің белгілі бір салаға ыңғайы болады ғой. Сол сияқты мен жастайымнан қазақ күресін жаныма серік еттім. Рас, дзюдодан да жарыстарға барып тұрамын. Бірақ, ірі жарыстарда жолым болмады. Сол себептен қазақ күресін өзіме қолай көремін. Сосын белбеу күресінен де біраз жетістікке жеттім. Қазір осы белбеу және қазақ күресінен «Қазақстан Республикасының спорт шебері» деген куәлігім бар. Бір сөзбен айтқанда тікесінен тік тұрып күрескенді жөн көретін балуанмын.
– Астана қаласында өткен Азия чемпионатына қалай жолдама алдың, арнайы іріктеу болды ма?
– Әрине, мынандай мәртебелі жарыстарға іріктеусіз қатыса алмайсың. Биылғы жылдың наурыз айында Атырау қаласында Қазақстан Республикасы кубогын сарапқа салған жарыс өтті. Сол жарыста мен 66 келіде, Наурызбек 74 келіде чемпион атанып, Азия чемпионатына қатысуға мүмкіндік алдық. Содан бастап қызу дайындыққа кірістік. Алдымен Түркістан облысы Леңгір қаласы маңындағы «Бәйшешек» спорт кешенінде физикалық дайындықты пысықтайтын оқу-жаттығудан өттік. Онда көбіне таудан тас лақтыру, арқанға өрмелеу, жүгіру сынды аяқ пен қол бұлшықеттерін қатайтатын жаттығулар жасадық. Содан соң Грузия еліне барып, спорт залдағы жаттығуға кірістік. Ал, соңғы оқу-жаттығу жиыны Көкшетау қаласында болды. Қысқасы Азия чемпионаты біздің федерация барлық жағдайды жасап, алаңсыз дайындалдық.
– Енді жарыс жайлы айтып өтсең. Өзіңнің мақсатың қандай болды, бапкерлер қандай тапсырма берді?
–Жарыс өздеріңіз көргендей жоғары дәрежеде өтті. Азия чемпионаты болғасын әр елден бір салмақтан, бір адам күресті. Қазақстан құрамасы сапында Атырау облысынан 66 келіде мен, 74 келіде Наурызбек белдесті. Екеумізде кілемге тек алтын аламыз деп шықтық. Мен жеребеге сай бірінші айналымда бос қалып, жарысты екінші айналымнан бастадым. Онда түркімен балуанымен белдесіп, екінші минутта таза жеңіске жеттім. Содан кейінгі қарсыласым – тәжік балуаны болды. Бейнекөріністе көргендей алғашқы секундтардың бірінде сырттан шалу әдісімен жамбас ұпайына түсірдім. Сол кезде иығым кілт ете түсті. Оқыс қимыл жасағасын ба, әлде ұпайға түспеу үшін қарсыласым қаттырақ тартып кетті ме әйтеуір сол жақ иығым шығып кетті. Менің жарақатымды көрген дәрігерлер «Шыққан иықты кілем шетінен салмаймыз, төменге түсіңіз», – деді. Ал, кілемнен кетсем төреші белдесуді тоқтатып, жеңісті қарсыласыма беретінін айтты. Мен дәрігерлерге күрескім келетінін айтып, иығымды сол жерден салып берулерін сұрадым. Бірінші дәрігер келіп, қолымды әрі тартып, бері тартып сала алмады. Жарыс ережесіне сай дәрігерлік көмекке үш минут уақыт беріледі. Мен уақыттың өтіп жатқанын көріп, «Қаттырақ тартып, сала беріңіз, шыдаймын» дедім. Сол уақытта тағы бір дәрігер келіп, қазақ күресінің белбеуін қолтығымның астына өткізіп, қаттырақ сілкіп қалды. Иығым орнына түскенде қатты қуандым. Әйтеуір дәрігерлік көмекке берілген уақыттың 27 секунды қалғанда кілемге қайтадан шықтым. Күрес қайта жалғасты. Менің иығымның шыққанын білетін тәжік балуаны қайта-қайта сол қолымды орауға тырысты. Мен қолымды қорғаймын деп жүріп белдесудің екі минуты өтіп кетті. Сөйтіп, бір сәті түскенде аяқты орап, артқа лақтыру әдісімен таза жеңдім.
– Жарақат алған сәтте қандай күйде бол-дың, белдесуді тоқтатып, жеңісті бере салу туралы ой келді ме?
–Ондай ой келген жоқ. Әрине, мынандай дүбірлі додада жарақатым сыр бергеніне іштей қынжылдым. Бірақ, өз жерімізде, төл күресімізден өтіп жатқан жарыста жарақат деп жатып алуды намыс көрдім. Неде болса шыққан иықты салдырып, күресуді ойладым. Төрешілер «Белдесуді тоқтатайық па?» деп қайта-қайта сұрады. Дәрігерлер де менің қайта күресу туралы шешімімді құп көрмеді. Бірақ, табандап тұрып алғасын амал жоқ, иығымды салып, жарысқа қайта қосты. Сол кезде зал толы жанкүйердің қолдауы мен қошеметі одан сайын күш беріп, ақыры тәжікті жеңіп шықтым. Ал, белдесуден кейін жаңағы тәжік балуаны жаттығу бөлмесіне келіп, қолымды алып, кешірім сұрап кетті. Сөйтіп, қарсыласымның азаматтығына риза болғаным бар.
– Тәжік балуанын ұтқаннан кейін финалға шықтың. Финалдық белдесу қалай болды?
– Финал мен жарақат алғаннан кейін екі сағаттан соң болды. Басында ет қызуымен көп білінбеген жарақатым уақыт өте келе ауырта бастады. Тіпті қолымды көтере алмай қалдым. Неше түрлі тыныштандырғыш дәрілер салса да басылмады. Бір кезде финалды хабарлады. Жарақатым жаныма батса да алтынға қарыс қадам қалғанда шегінуді намыс көріп, кілемге шықтым. Қарсыласым дзюдо күресінен гран-при турнирлерінде жүлдегер атанып жүрген моңғол балуаны. Алғашқы минуттардан-ақ қарсыласым белсенділік танытты. Қолдағы алтыннан айрылмау үшін мен де барымды салдым. Сөйтіп жүріп оны үш рет бүк ұпайына түсірдім. Алайда, қанша барымды салсам да жарақатпен күресу қиын екен. Белдесудің соңғы минутында жеңіліп, күміс жүлдені қанағат тұтуға тура келді.
– Сөздің шыны керек сенің жанқияр-лықпен алған күмісің алтыннан да сал-мақтырақ болып шықты. Күресіңді көрген кей жандар «Халық қаһарманы атағын беру керек» десе, енді бірі «Мынандай батырларды ұлығылау керек» деп жатыр. Жалпы, осы жарыстан кейін танымалдылығың арта түскенін сездің бе?
– Иә, ондай әңгімелерді естіп жатырмын. Бірақ, мен қаһарман да, батыр да емеспін. Жай ғана өзіме артылған сенімді ақтап шығуға тырысқан спортшылардың бірімін. Меніңше атақ беру керек дегені артық. Бірақ, ақ жүректерімен аңқылдап тілек айтып жатқан ағайынға ризамын. Расымен де, осы жарыстан кейін танымалдылығым артып кеткен сияқты (күліп). Жан-жақтан соғып, хабарласып, ізгі ниеттерін білдіріп жатқандар жетерлік. Жақында «Хабар» арнасындағы «Қызық таймс» бағдарламасы қонаққа шақырды. Маңғыстау, Ақтөбе облыстарынан үлкен кісілер соғып, тілегін білдіріп жатыр. Инстаграмм парақшамда да жазылушылар саны артқан. Мұндайға көп үйренбегесін біртүрлі болады екенсің. Дегенмен тілеулес, ниеттес жандардың барлығына шексіз алғысымды білдіремін. Әрине, біріншіден мені осындай дәрежеге жеткізген Аллаға сансыз шүкір. Содан кейін, анама, бауырларыма, бапкерлеріме, командалас достарыма, Наурызбек сынды жол көрсетуші алдыңғы буын ағаларыма алғыс айтамын. Әрбір жеңісімді сүйіншілеп халыққа жеткізіп отырған «Қызылқоға» газетіне де ерекше ризамын.
– Азия чемпионаты аяқталды. Енді алда қандай жоспарлар бар?
– Ең бірінші дұрыстап емделіп алуым керек. Негізі шыққан иығыма осыдан екі жыл бұрын операция жасатқан едім. Енді міне қайтадан сыр берді. Сондықтан, дұрыстап емделіп аламын. Содан соң қараша айында осы қазақ күресінен Қазақстан чемпионаты болады. Соған қатысып, жеңімпаз атануды көздеп отырмын. Сосын келесі жылы әлем біріншілігі өтеді. Сол жарыста топ жарып, әлем чемпионы атансам деген мақсат бар. – Салихалы сұхбатыңызға рақмет. Жеңісті күндеріңіз көп болсын!
Сұхбаттасқан, Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН.