Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Мұқырда ойын алаңы ашылды

Өткен аптаның сенбісі күні Мұқыр ауылдық округінде «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының қайырымдылық қызметі жөніндегі операторы «Samruk-Kazyna Trust» коорпоративтік қорының «Менің елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында салынған ойын алаңының ашылу салтанаты болып өтті.

Оған аудан әкімінің орынбасары Марат Әбуов, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Асқар Ақтаев, «ҚайнарМұнайГаз» мұнай-газ өндіру басқармасының бас инженері Қайнар Қоданов, Мұқыр ауылдық округінің әкімі Аман Жанұзақов және ауыл тұрғындары мен ақсақалдары қатысты. Онда алдымен сөз алған аудан әкімінің орынбасары Марат Әбуов:

– Ауданымыз күннен-күнге көркейіп, өркендеп келеді. Оның дәлелі – әр ауданның әр түкпірінде күн сайын жаңа нысандар бой көтеріп, халық игілігіне берілуі. Соның бірі – бүгін Мұқыр ауылында ашылып жатқан ойын алаңы. Бұл «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының аудан халқына жасап отырған сыйы. Балуандар ауылы атанған Мұқыр ауылы осы ойын алаңы арқылы футбол спортын дамытып, биік жетістіктерге жетеді деп сенеміз, – деді.

Содан кейін игі тілегін білдірген «ҚайнарМұнайГаз» мұнай-газ өндіру басқармасының бас инженері Қайнар Қоданов: «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының құрамына «Ембімұнайгаз» АҚ кіретіндігін, сол себептен бұл ойын алаңының салынуына жергілікті мұнайшылардың да қосқан үлесі зор екендігін тілге тиек етті. Бұдан соң «Алтын кілт» бөбекжай балалар бақшасының бүлдіршіндері ойын алаңын салушыларға алғысын өлең шумақтарымен жеткізсе, ардагер ұстаз, ауданның Құрметті азаматы Амангелді Сәрсембаев жаңа нысанға құтты болсын айтып, батасын берді. Құттықтаулардан соң ойын алаңының лентасы салтанатты түрде қиылды. Жалпы көлемі 1280 шаршы метрді құрайтын ойын алаңы үш бөліктен тұрады. Бірінші бөлікте үлкендер футбол ойнаса, екіншісінде жаттығу құрылғылары қойылған. Ал, үшінші бөлікте балалардың еркін ойнауына барлық жағдай жасалған.

Жаңа ойын алаңының ашылу құрметіне орай аудандық ішкі саясат бөлімі және «Мұқыр» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен кіші аяқдоптан аудандық жарыс өтті. Оған Миялы, Сағыз, Мұқыр ауылдық округтері мен «ҚайнарМұнайГаз» мұнай-газ өндіру басқармасының командалары қатысты. Тартысты ойын нәтижесінде миялылықтар барлық қарсыластарын ұтып, жеңімпаз атанса, мұқырлықтар екінші орынды жеңіп алды. Жүлделі үшінші орын «Мұқыр-2» командасына бұйырды. Барлық жеңімпаз бен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Дулат МӘТЖАН.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT